Жаңалықтар

Бұқара

Сөз түзелді, саптаушы, сен де түзел!

Соңғы жылдары басқа жаңа сөздер қатарында қолданысқа батыл еніп, тілдің маманы емес, жай қатардағы пайдаланушы — өз пайымдауымша, «традиция» һәм «процесс» деген сөздерді сәйкесінше алмастыруға тиіс болған «үрдіс» пен «үдеріске» қатысты ой бөліссем деп едім.

Ең басты айтпағым, бұл сөздер әлдебір баспасөз беттерінде де, кейбір қоғамдық орындардың (әсіресе, білім саласы мекемелерінің) эпистолярлық-циркулярлық хат айналымдарында да бас-көзге қарамай қате қолданылатын болып жүр. Тіпті екеуінің мағына алшақтығына қарап жатқан да ешкім жоқ.  Ортақ әріптері көбірек болса, құдды бір синонимге айнала салатындай, жүдә!

Мысалы, аудандық, облыстық білім бөлімдерінен толассыз келіп жататын құжаттардың, не олар басып шығарған кітапшалардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, өріп жүрген «оқу-тәрбие үрдісіне» кезігер едіңіз. Оқу-тәрбие дегеніміз процесс емес, жай ғана дәстүр болғаны-ау шамасы, деген де ой келеді екен. «Оқу-тәрбие үдерісі» деп жаза салса болмас па осындайда? Сол сияқты о баста «практика», «практикант» сөздерін қазақшалайды делінген «сараман» мен «сараманданушы» да өздерімен тап пәлендей синонимдік қатардан емес «ізденуші» сөзіне орын бергендей. Ортақ әріптер демекші, сол шетелдіктерің өздерінің «эйшн», «нэшнл» деп келетін тіркестерін біздердегідей ұр да жық қолданып  жатпаған болар. Асылы, қай тілдің сөзін де орнымен сауатты қолдана білгенге не жетсін.

Осыдан екі жылдан сәл ғана асатындай уақыт бұрын өзіме жақындығы бар бір шыншыл мұғалім өз мектебінде директор және оның орынбасарлары тарапынан орын алып отырған бассыздықтар туралы аудандық білім бөліміне арызданбай ма?! Мәселені тексерген аудандық білім бөлімі болса, арызданушыға берген өз анықтамасын соңғы кездердің «үрдісіне» сай, оның өзін «үркіту һәм жасқау идеяларына» орап ұсыныпты. Мұғалім архивінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан бұл құжатта тексерушілер өздері «Конституцияның 20-бабы» деп атаған «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Бірақ цензураға тыйым салынады» деген «брак» жолдар да жүр. Себебі, Ата заңды ақтарып, аталған баптан сол «бірақты» таба алмадық. Бақсақ, «цензура» сөзінің байыбына бармай, ойдан сөз қосып, бәрін бүлдіріп жүрген өздері екен. Цензураны өздерінше жала, «клевета» деп түсінгендері көрініп-ақ тұр. Қысқасы, «цензураның» баптағы алғашқы сөйлемге жай ғана мағына үстеп, оның мазмұнын аша түсу үшін ғана жазылғандығында шаруалары болмаған. Бұған енді не дерсің? Ата Заңға өзгеріс енгізді деген осындай-ақ болар.

«Дүниедегі жаңылыстың тең жартысы — сөздің мағынасын түсінбей қолданушылықтан» деген екен француз ойшылы Рене Декарт. Өкінішке орай, ел болуға бастайтын осындай өсиеттерге жөндеп құлақ асу жағы бізде тым кемшін-ау. Сүлесоқтық, немкеттілік басым. «Өздеріңді түзелер дей алмаймын…» дегендей, әлі де санамызды дүр сілкінтіп, бойымызда оған қатысты аршынды үдерістер басталмай, қауіп бұлты да әл-әзір сейілмес, сірә.

Молдабай ЕРЖАНОВ,

мұғалім.

Ембі қаласы.

  • Жаңғырық

Дәрігердің сөзі — дәрі

«Ақтөбе» газетінің өткен жылдың 10 желтоқсан күнгі санында дәрігер Сара Алпанованың «Біз таза су ішуді ұмыттық» деп аталатын газет тілшісімен сұхбаты жарияланды. Осындағы дәрігердің айтқан кеңестері  қатты әсер етті.

Ондағы айтылған жайлар кім-кімге де ой салғандай екен. Бұған дейін де газеттердің беттеріндегі денсаулық мәселелері жайлы мақалаларды оқып жүрміз ғой. Алайда мына дәрігер қызымыздың өміріміздегі ең қымбат дәулет —  денсаулық туралы тұжырымдары мен байламдары түбірімен жаңаша, көңілге қонымды. Шынымды айтсам, бұрын естімеппін, көбісінен хабарым болмай шықты. Әсіресе, сауда орындарында сатылатын сусындардың пайда-залалын пайымдай бермейтінмін. Мұны жастар, тіпті үлкендер жағының да бәрі бірдей біле береді деп ойламаймын.

Ал енді ауыз судың сапасы туралы айтқандары қонымды әңгіме. Соны көбіміз ескере бермейміз. Ауылымыздың жанынан мөлдір таза, тұщы бұлақ суы ағып жатса да, құбырдан ағатын сапасыз суға жүгіреміз. Таза су ішуді ұмытқанымыз да рас. Ауыл адамдары көбіне шаймен қоректенуді әдетке айналдырып алдық. Мұның ұсақ-түйек мәселе емесін енді түсіндім.

«Дау — қарындастан, ауру — астан» деп қазақ әлдеқашан айтқан ғой. Тағамға әр кез мұқият қарап, абай болған дұрыс. Мәскеудің телехабарларынан шұжықтардың сапасыздығы туралы құлағым шалғаны бар. Қарап  отырсаң, қоспайтын пәлесі жоқ екен. Тіпті күдікті. Ал енді сол Ресейдің шұжықтары арзан да емес қой. Біз,  қазақтар, ойдай ақша шығарып, сондай сапасыз шұжықтарды алғанша, неге өзімізден шығарылатын жылқының қазысын алмаймыз?

Жалпы, жақсы дәрігердің сөзі — дәрі. Сара сияқты күлімсіреп тұрып кеңес айтатын дәрігер қыздарымыз анау-мынау сырқатты жақсы кеңесімен, сөзімен-ақ емдей ме деп қалдым. Жүзіне қарап-ақ, ішпей-жемей тойып, сырқатыңнан құлантаза жазылғандай әсер аласың. Адам өмірінде ескеріле бермейтін мәселелерді дәрігер шын жанашырлықпен жазып отыр.Сол үшін рахмет. Денсаулық мәселесіндегі ойлары Ишанбай Қарақұлов, Төрегелді Шарманов сынды қазақ медицинасының алыптарының әңгімелерімен сабақтасатындай көрінеді. Қызымызға сол ағаларының жолын тілеймін.

Есбатыр КЕНЖЕҒҰЛОВ,

еңбек ардагері, дербес зейнеткер.

  • Дін

Шығын өтелмейтіні шындық десек…

Биссимилла-ир-рахмани р-рахим!

Елімізде ата-бабамыз ұстанған мұсылман жолына түсіп, Аллаға мойынсұнушылардың саны жылдан-жылға артып, Исламға деген жаңа көзқарас қалыптасты. Көптеген қалталы азаматтарымыз осының айғағы ретінде жер-жерде жаңа мешіт салдыртып, халықтың алғыс-рақметіне бөленіп жүр. Сондай-ақ мешітке келіп пітір-садақа тапсырушылар саны да жыл сайын артуда. Біз осындай бетбұрыстарға шүкіршілік қыламыз.

Дегенмен, ауылдық жерлердегі мешіттердің жағдайы әлі де болса, талаптағыдан төмен жатқандығын жасыруға болмайды. Олар өзін-өзі қаржыландыруға қол жеткізе алмай отыр. Ауыл мешітіне түсім пітір садақасы мен жаназа садақасынан, жай садақадан ғана түседі. Басқа табыс көзі жоқ. Қалтасы қалың, күн көрісі жоғары пенделер зекет беруді әлі күнге ескермей келеді. Ауыл мешіттерінің жай-күйін зерттеп, мүмкіндіктерін зерделеп, онымен санасып отырған ешкімді көре алмай келеміз. Сондықтан болар мешіттеріміздің жағдайын екінің бірі біле бермейді.

Егер мешіт имамға, азаншыға, есепшіге, еден тазалаушыға және жылыту маусымы кезінде отжағушыға айына бар болғаны 10 мың теңгеден еңбекақы төлеп отырар болса, жылына жарты миллионнан астам қаражат жұмсайды екен. Оның үстіне отынға, электр қуатына, байланыс пен басқа да қажеттілікке жұмсалатын шығындарды қоссаңыз, едәуір қаражатты талап етеріне көзіңіз жетеді.

Біз үш-төрт жылдан бері мешітке түсетін садақалардың есебін жүргізіп, бақылауда ұстап келгенде байқағанымыз, ауыл мешітіне жылдық шығынға жетерлік табыс түспейді. Сондықтан бар қаражатты үнемдеу, еңбекақысыз демалыс, басқа да шаралар қолдануымызға, бірнеше жұмысты бір адамға жүктеуге тура келеді. Болашақта бұлай жалғаса беруі тағы мүмкін емес. Ауылдық жерлердегі мешіттердің көбіне жабық тұратыны осы қаражат жетіспеушілігінен туындайтыны да шындық.

Бұл жерде ауыл мешіттерінің көпшілігі демеушілерге, қалталы азаматтар

мен кәсіпкерлерге арқа сүйеуге мәжбүр. Егер өзін мұсылман санайтын әрбір кәсіпкер табысының кішкене бөлігін зекет есебінде мешіттерге берер болса, Алла үйі бүгінгідей күй кешпеген болар еді.

Бұрынғы жылдарға қарағанда 2009 жылы Қарабұтақ мешітіне демеушілік жасап, заттай және ақшалай көмек көрсетушілер болды. Атап айтар болсақ, ауыл әкімшілігі (5 тонна), жеке кәсіпкерлер Мұрат Ещанов (1 тонна), Қажым Жаңбырбаев (1 тонна), Нұржан Жұбатқанов (5 мың теңге) жәрдем жасады. Сондай-ақ ерекше бір айта кетер жайт — ақтөбелік азаматтар Темірхан Хамитұлы Мұқанов пен Айдос Қадырбайұлы Садықов он тонна көмірді беріп қана қоймай, өз көліктерімен жеткізіп беруді қамтамасыз етті. Сондықтан жоғарыдағы азаматтарға қарабұтақтық мұсылман қауымы атынан алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңның қарымы Алладан қайтсын, сіздердің азаматтық іс-әрекеттеріңіз жүрегі әлі жіби қоймаған өзге азаматтарыңызға үлгі-өнеге болсын демекпіз.

Елубай СЫБАЕВ,

Қарабұтақ мешітің имамы.

Әйтеке би ауданы.

  • Қайнайды қаның…

Қазіргі той жайлы ой

Той өткізу, оның жақсылы- жаманды жақтары туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Республикалық басылымдардан бастап ауыл-үйдің басылымдарына дейін осы тақырыптың ақ жемін шығарып, ентігіп барып басылды. Қазақтың тойына шақырылғандар өз уақытында келмейтіндіктен қонақтарды 1-2 сағат бұрын шақыру да бүгінде үйреншікті жайт. Айтатын да ештеңе қалмағандай…

Соңғы кезде қазақтың тойына баруға да  ұялатын болдық. Себебін айтайық. Жиен-нағашы, ата-әже, немере  ылғи бір «шөп те өлең, шөңге де өлең» дімкәс әндердің тақырыбына айналған. Мақтасаң бөркі қара қазандай болатын  қазекең атын тойда әншісымақ атап жатқан соң жыртылады. Қалтасын қағып ақшасын тастайды.

Әйтпесе, жартылай жалаңаш  жасөспірім қылқандай қыздар төрдегі құрметті меймандардың алдына барып бөксесін бұлғаңдатқанда әжелеріміз бетін шымшып, аталарымыз көздерімен дастарқанды шұқып кетеді. Әрине, естілері. Ішіне бір- екі жүз грамм түскен кей ағаларымыздың езулері кілегейленіп, әлгі жартылай жалаңаш баласындай балаларды одан әрі көздерімен «шешіндіре» бастайтындарын да көріп жүрміз. Аю жеңгеміз аяғын басып қалмаса мойындары үзілердей…

Сөзі салмақты, өнерлі асабалар аз, қазір қазақтың тойын қатын-қалаш басқаратын болып кетті. «Есектің артын тазаласа да мал табатын заман», мейлі ғой, бірақ артық қылам деп тыртық қылатындардан қалды басымыз бәлеге. Сөзі келісіп жатыр ма, жоқ па, онымен шаруасы аз  осы асабасымақтар соңғы кезде  ұяттың өзін белден бір басатын болып жүр. Өздерінше тапқырлық деп ойлай ма екен, әйтеуір анайы «приемдарды» да той басқаруға пайдаланады.

Жақында бір  қыз ұзату тойының куәсі болдық. Еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін тілек айтуға тиіс тойдың бірінші бөлімінен басымыз ісіп шаққа тұрғанбыз. Ортадағы алаңқайда әртүрлі сайыстар ұйымдастырылды.

Тізіле қойылған бірнеше орындыққа үлкені-кішісі, әйелі-еркегі аралас  қонақтарды қатар отырғызады. Ең шеткінің  тізесінің арасына алма қыстырылады. Ойынға қатысушы адам оны тізесімен алып, әлгінің қасында отырған адамның тізесіне қыстыруы керек. Қолмен ұстауға болмайды. Қисаңдаған-итіңдеген көрініске  қарап дарақы күлкіге қарқ болған жұрт. Ұят сабазың залдың сыртына шығып кеткендей…

Мұндай анайы сайысты айғайласып жүріп  әрең қойдырып, өнер сайысына көшкенбіз. Халық саздары, Шәмші әндері тойдың көрігін қыздырып, сәні кіре қалғандай болып еді. Столдарды жарыстырған асабамыз жүлдегерлерге сыйлық үлестірді. Асаба самбырлап елге айтып жатыр:

— Мына столда отырған пәленше деген апамыз әнді жақсы айтты. Осы апамызға жүлде ретінде сүт тағамдарын сақтайтын екі камералы тоңазытқышты ұсынамыз.

Ел елеңдеулі. Әнші апамыз да суырылып ортаға шықты. Асаба сопаң еткізіп әйелдердің төстартқышын алып шыққанда  кірерге тесік таппай қалғаны анық. «Осындай екі камералы тоңазытқыш» деп атап, бір ағамызға қара дамбал сыйлағанда, оның ішіне не салатынын айтқан асабаның сөзін қайталау тіпті мүмкін болмай отыр. Памперс, дәрет алатын құмғандар да жүлдегерлерге таратылды.

Елді күлдірем, көңілдендірем деген асабалардың осындай анайы  қылықтарын көріп жүрген басымыз тойларға да аңдап баратын, барсақ «бетегеден биік, жусаннан аласа» момақан қалыпта отыратын жағдайға ұшырадық.

Әлгі қыз ұзату тойында тағы бір өрескел жағдайды көрдік. Ұзатылатын қыздың тойын басқарып тұрған  асаба ортаға домбырасымен шығып, сол жерге жиналған адамдарды жеке-жеке таныстырып шықты. «Мынау біздің пәленшенің коллективі», «мынау крутой нағашысы», «мынау бала кезден бірге өскен жан досы»,т.т. Дұрыс, келіп жатқан құдаларға қыздың жағын таныстыру деген ізгі ниет шығар бұл. Бірақ «алдарыңа шығып қақсап таныстырып тұрғанда, қалталарыңды қарамайсың ба?» деген  оймен айтылған тілекке  қазекең қалай қарап қалсын, қалталарына қол жүгіртеді амалсыз. Пәленше салғанда түгенше одан кем бе, ол да қалыспайды. Осылайша ұзатылу тойында беташар жасалынып шығады. Ақысы — асабаның қалтасында.

Той иелерімен келіскенде той басқару ақысын алатын олар той аяқталғанша талай ақшаны қақшиды. Мейлі алсын, бірақ қазақтың тойын «бардак» қылмай, әдемі ән, ажарлы әзіл, есті әңгімемен өткізгенге не жетсін?!

…Сіздің тоңазытқышыңыз неше камералы?

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

  • Сұмдық

«Ұялылардағы» ұятсыздықтан қалай арыламыз?

Көкейімде көптен жүрген бір мәселені оқырмандармен бөліскім келіп еді. Ол — қазірде қаптап кеткен ұялы телефондардың жайы.  Қазірде үлкеніміз де, жасымыз да, тіпті мектеп оқушысы да қолынан тастамайтын ұялы телефондардың ішіндегі ұятсыз дүниелер туралы хабарыңыз бар ма? Мен сол сұмдықты 14 жастағы қызымның қалта телефонынан көріп, құлап қала жаздадым.

Үш ұлдан соң зарығып күткен жалғыз қызымыздың аузынан шыққан дүниесінің барлығын алып беріп жаман үйреткен — өзіміз. Кішкентайынан әлжуаз, аурушаң, нәзік қызымыздың көңіліне қаяу түсірмейік дейтініміз рас. 7-сыныпта оқитын қызымыз өткен жылдың жаз мезгілінде: «Ұялы телефон алмасам, мектепке баруға ұяламын. Сыныптастарымның барлығында да «сотовый» бар», — деп сіресіп отырып алғаннан кейін, қалағанын алсыншы дегенбіз. Әуелгіде мен жай телефон алып бермек болдым. Бірақ 10-15 мың теңгенің телефонын қызым менсінбей қойды. Сонымен әкесі қызының алдына түсіп, «Нокиа-6363» модельді телефонды 32 мың теңгеге алып берді. Онда да қарызданып.  Ол бізге сабақты жақсы оқитын болып, уәдесін берді. Сонымен, қызымның сабағы жайына қала бастады десем болады. Күнде кешкісін телефонының ішіне кіріп кететіндей үңіледі де жатады. Соның кесірі ме, алгебра пәнінен екі тоқсанда да үштік бағаға шықты. Ол үшін әкесінен ұрыс та естіді. Сосын күнде кешкісін телефонындағы музыканы тыңдап, сабақ оқиды. Музыка бақырып тұрғанда, миға қандай сабақ қонушы еді. Тағы ол қазақтың қоңыр әндері болса екен. Шетелдің адам түсінбес «жынды» әуендерін қосып қояды. Оны айтсаң, көзі мөлтілдеп, жылап қалады. Жыласа, ауырып қалар деп қорқамыз.

Бір күні студент ұлым қарындасына айғайлап жатқан жерінен бөлмелеріне кіріп бардым. Қызым ағыл-тегіл жылап отыр. Мен кіре сала, ұлыма ұрыса жөнелдім. Сөйтсем, «Әуелі қызыңды дұрыс тәрбиелеп ал. Біз ұстамаған телефонды әперіп едіңдер. Көріңдер ішінде не бар екенін», — деп өзіме дүрсе қоя берді де, адам тіпті қарауға ұялатын көріністі қосып беріп, шығып кетті. Оны шыдап көріп тұру мүмкін де емес. Қызым: «Мен емес, мен білмеймін», — деп, ойбайлап жылап жатыр. Оның айтуынша, сыныптас дос қызы сабақта күні бойы қызымның телефонын шұқылап отырыпты. Содан ішіне мынадай сұмдықты салып жіберген.   Ал енді ойланайын. Қаршадай қыз мынадай «көргенсіздікті» көріп жүрсе, демек, мектеп оқушыларының барлығына да бұл көрініс таныс деген сөз ғой. Бұрынырақта қызымның өзі қайдағы біреулердің бір-бірінің басын кесіп жатқан жан түршігерлік көрінісін көрсетіп, әкесі екеуімізді бір шошытқан. Ол кезде де мұндайларды енді көруге тыйым салғанбыз. Бірақ біз «көрме» дегенмен, баламыз күні бойы қасымызда отырған жоқ.

Ұялы телефондардың ішіндегі ұятсыз нәрселерді көрсетпеудің қандай амалы бар екен? Оларды таратпауға, шектеуге болмайды ма екен? Кімнен не ақыл сұрарымды да білмеймін. «Былай тартсам, арба сынады, былай тартсам, өгіз өледінің» керін киіп отырмын. Сол әрекеттен кейін қызымның телефонын алып қойдым. Қазірде мектепке мүлдем ұстап баруға тыйым салдым. Әкесі бұл жайлы тіпті де білмейді. Білсе, мені де «сойып салатыны» шындық. 7-сыныптың оқушылары бір-біріне көшіріп, көріп жүрген бұл сұмдықтар сіздің де балаңыздың телефонында жоқ па екен?

Зияда ӘЛІПБАЕВА.

Ақтөбе қаласы.

  • Жеңіске — 65 жыл

Ескі жылдардан естелік

Қурайлы мектеп интернатында информатика пәнінен сабақ берген ұстазым Таңат Құшпановтан «Математика в школе» журналына ерте кезде шыққан, соғыста қаза тапқан математиктердің есебін шығарған Бақи ата туралы естігенім бар еді. Жеңістің 65 жылдығына орай алдын ала хабарласып, Ақтөбеде тұратын Бақи Тәңірбергеновтің шаңырағына бардық.

Тоқсанның екеуіне келген ата әлі тың, сергек.

«Арал теңізінің жағасындағы Терістүбек деген жерде өмір сүрдім. Туған жерімді білмеймін. Жылма- жыл көш осы тұспен өтеді. Сол жер қыстауымыз болды, — деп әңгімесін әріден бастады. —  1932 жылдың күзі болу керек, жұрт ашаршылыққа ұшырады. Сол уақытта әкем «аштан өліп қаларсың, сен енді Аралға оқуға бар» деді, содан кемеге  мініп, Аралға кеттім. Бірден оқуға алған жоқ. Бізді Қамыстыбас (Қамбаш) балалар үйіне жіберді. Орысша білмейміз.  Қиындықты көп көрдік. Екі тілім нан мен темір тостағанға салып  қара быламық әкеліп береді. Балалар «добавка» деп шауып жүретін. Кішісі мен болдым, соған қанағаттанып, күн көрдік. Сол жерден бізді, бір топ баланы, Аралдағы жұмысшылар факультетіне алып кетті. Жұмысшылар факультетін 1935-1936 жылдары Қызылордаға көшірді. 1939 жылы рабфакты жақсы бітірдім. Әсіресе, математика, физикадан үздік болдым. Білмейтін орысшамызды жаттап соқтық. 1939 жылы  Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түстім. Бірде деканымыз Литвиновқа «мені босат» деп, арыз бердім. Сондағы ойым — ауылға бару. Әке-шешем үлкейіп қалды, күйсіз. Менен басқа баласы жоқ, соларға көмектескім келді. Оларды жақсылап киіндіріп, үйде отырғызып қойғым келді. Бірақ Литвинов мені 1940 жылға дейін ұстады. Химиядан «құлаймын» деп ойладым, маған «4» қойып жіберді».

Сол жылы Бақи ата Алға ауданындағы М.Горький ауылының ар жағында орналасқан Көсем ауылындағы жеті жылдық мектепке жұмысқа орналасады. Жаяу, кейде ат арбамен қатынайтын болғандықтан, ата-анасын Алғаға көшіріп алады. Жастау кезіндегі ата-анасын тәуір етіп киіндіріп қоям деген ойы да жүзеге аспайды. «Рабфакта оқығанда  қазақ тілі пәнінен беретін Айқынбаев деген мұғалім әдемі киініп жүретін еді. Соған қарап мен мұғалімдер күйлі болатын шығар деп ойлап едім. Олай болмай шықты. Көсемде жеті жылдық мектепте жүріп, Ақтөбеде мұғалімдер институтының сырттай бөліміне  тапсырдым. Бірақ 1942 жылы әскерге алынып кеттім. Майданда Калинин бағытында атқыштар батальонында пулеметші болдым. 1943 жылы тамыз айында қолымнан оқ тиіп жараландым, кейін оң қолым қысқарып қалды», — дейді Бақи ата. Соғыстан кейінгі жылдары карточкамен нан алатын күйсіз ауылда мұғалімнің де жағдайы нашар болғасын, Бақи ата жалақыдан бөлек, аз-мұз азық-түлік пакетін беретін жұмысты тәуір көріп, прокурорға хатшы, кейін тергеуші болып жұмыс істейді. Мұғалімдер институтындағы оқуын жалғастырып, бітіріп алады, зейнет демалысына шыққанша мектептерде математика пәнінен сабақ береді.

Ата шешілмеген есептер тарихын айтып, әңгімені одан әрі қыздыра түсті.

Бақи ата:

— Ұзақ жылдардан бері Ресейден шығып келе жатқан «Математика в школе» журналы, әсіресе, математика пәнінің мұғалімдеріне таныс. Ұмытпасам, 1960-1965 жылдары шыққан осы журналдың кезекті бір санында соғысқа аттанған математиктердің шешілмей қалған есептерін жариялады. Замандастардың алдындағы борышым әрі міндетім, олардың еңбегі өлмесін деп, есептерді шешуге кірістім. Әбден бітіргенде, журналға салып жібердім. Сол журналдың кейінгі сандарына тізім шықты, ол жерде сол кездегі 15 одақтас елдердің есепті дұрыс шығарған математиктерімен қатар Қазақстаннан жалғыз менің фамилиям тұр екен. Соғыста хабар-ошарсыз кеткендердің алдындағы менің бір жасаған ісім осы болды, — деді.

Біраз жылдар бойы жұмыстастарына, оқушыларына көрсеткен сол журнал, өкінішке орай, атаның өзінде де сақталмапты. Ал интернеттегі «Математика в школе» журналының порталынан іздегенімізде, журналдың ескі нөмірлері әлі де енгізілмегенін көрдік.

Тоқсанға келген соң ғана құлағы мен көзіне шағым айта бастаған Бақи ата осылайша ғасырға жуық жасауының сырын қанағатшылдық пен тоя тамақ ішпегенінен және қызы жасаған ерекше күтімнен деп ойлайды.

«Сыр елі — жыр елі» ғой. Ата біраз өлең-жырларды жатқа біледі. Бізге «Біржан-Сараны» айта жөнелді. Ұзақ жырлады. Ғасыр жасаған ата Абайдың «Ескендір» поэмасын, «Қыз Жібек», «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын, Крыловтың «Қырық мысалын», Пушкиннің «Дубровскийінің» қазақша нұсқасын білетіндігін, қазір үлкейгендіктен аздап ұмыта бастағанын айтты.

Кіндіктен жалғыз өзі болғанымен, айналасындағылардың өзіне деген ықыласының арқасында атаның көңілі тоқ. Жиендері бар. Оның үстіне әкесімен бірге туған бауырының балалары мен немерелері атаны қатты құрметтейді, мерекелерде әуелі осы үйге келіп, атаға сәлем береді.

Ата осыған риза, шүкірлік етеді, кеуілденеді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

  • Мерей

Менде қандай арман бар?

Бұл дүниеде әрбір адам шүкіршілікті есінен шығармауы керек. Бүгінде кім кімге де кезіге кетсең, қиналған кездерін, ақшаның, басқаның жетіспейтіндігін айтып, «жыланып» қоя беретіні шындық. «Бәрі жақсы, Құдайға шүкір» дегенін сирек естиміз. Ал менде бүгінде ешқандай арман жоқ.

Жасым — 78-де. 1931 жылы дүниеге келген жанның басынан қандай қиын күндер өткендігін мен айтпай-ақ өздеріңіз топшылайтын боларсыздар.  Дегенмен барлық ауыр күндер артта қалды. Ел өз егемендігін алды, қазақтың ертеңін ойлап отырған Елбасымыз бар. Байтақ жерімізде, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қарнымыз тоқ, киіміміз көк. Осыдан артық адамға не керек болушы еді.

Жасымда бейнетті көп көрген менің, қартайғанда дәулетті шал болып отырған жайым бар. Шүкір, немере, шөберелерімнің ортасында асқар таудай ата атанып отырмын. Барлығына да тәубе деймін. Ендігі жерде ел-халқымның амандығын, болашақтың жарқын болуын тілегеннен басқа шаруам да жоқ. Салиқалы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев, ел басқарып отырған азаматтарымыз аман болып, жастарымыз жыламаса деймін.

Күнделікті  ел тіршілігінен хабар беретін баспасөз беттерінен тек жақсы жаңалықтар оқи берсек дейміз. Айтпақшы, мен өзімнің зейнетақымнан жылда 16 мың теңгеге газет-журналға жазылып отырамын. Оның ішінде осы «Ақтөбе» газеті сонау 1957 жылдан бері менің айнымас серігім болып келеді.  53 жылдан бері жақсылығымен бөлісіп келе жатқан «Ақтөбе» ұжымына да шығармашылық үлкен жетістіктер тілеймін.

Барлық ТОҚАБАЕВ,

еңбек және соғыс ардагері.

Әйтеке би ауданы.

  • Пікір

«Белгілер» берекеңді алады

Қазіргі апаттардың көпшілігі жол-көлік оқиғаларынан туындап жататыны ақиқат. Бетін әрі қылсын, мұндай бақытсыздық тақтайдай тегіс жолдарда  жүргізушінің көлікті жылдамдықты асырып жүргізетіндіктері себеп болып жатады.

Ақтөбелік жүргізушілердің барлығына таныс «Ақтөбе-Орск» жолының да бойында қайғылы жағдайлар көптеп орын алғандығын жол бойындағы белгілерден аңғаруға болады. Бұрынырақта мұндай жерлерге бір қада қадап, қызыл шүберек байлап қоятын. Бүгінде трасса бойындағы көлік апаты болған жерлерге арнайы төртқұлақты там секілді кішкене бейітке ұқсас белгі қоятын болған. Сол тұста опат болған адамның аты-жөні жазылып, суреті ілінеді. Және де бұндай белгі екі-үшеу болса ештеңе емес. Әр 200-300 метр жүрсең, алдыңнан кездесіп отырады. Сол маңнан өткен адам құдды молалардың арасынан өтіп бара жатқандай әсер алады. Алыс жолдан шаршап, көлік жүргізіп келе жатқандардың ондай белгіні кездестірген сайын жүрегі «зырқ» ете қалады. Соларға алаңдап, қорқып, ойыңа небір түрлі сұмдықтар оралып, тезірек өтіп кеткенше асығасың. Сөйтіп жылдамдықты асырып алуың да ғажап емес. Адам өлімі болған жер кісіні бейжай қалдырмай, мазасын кетіретіні шындық. Тіпті жүрегі нашар жүргізушілердің ол тұстардан өткенде қысылып қалуы да ықтимал. Өзім де сол жолмен жиі жүремін. Әр өткен сайын осы белгілерді неге орнатады екен деп ойланамын. Қайғылы оқиға болған жерді жұрт білсін дейтін болар. Бірақ қайтыс болған жан ол жерге жерленбесе, оны айшықтап, суретін іліп, төрт құлақты тақта орнатып керегі не? Кімнің ажалы неден болмай жатыр? Әркімнің өлген жеріне белгі орната берсек, біздің иен далада ашық орын қалмайтын шығар. Тіпті шариғатта да адам көмілген жердің өзін әспеттеп, басына там салуды дұрыс емес деп жатады емес пе? Ал күре жол бойындағы осындай белгілерді неге алдырып тастамасқа? Олардың қайғылы сәттерді еске салып, өткен-кеткеннің көңілін құлазытқаннан басқа берері жоқ. Бұл — менің жеке пікірім. Бірақ маған ұзақ жолдарда көлік жүргізетін жүргізушілер жүз пайыз қосылатынына сенімдімін.

Иманғали ҚОСЖАНОВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button