«Ақтөбе — құтты мекен»

Алғашқы қадамдар

«Ақтөбеге келгеннен кейін Хакімге өзгеше жігер пайда болды. Ол бірнеше күннен бергі үздіксіз кездескен уақиғалардың ауыр салмағы ең қиын іске тірелгенін анық сезді. Құр сезген жоқ — қолмен ұстап, көзбен көргендей болды. Ол қиын іс бір ғана халық тағдырымен байланысты, көшкен елді қонысына қайтару, оны күйзелісінің зілді жағдайынан құтқару міндеті еді. Бұл баспанасыз, жұмыссыз, көбі азықсыз жылжыған шаруалардың алдында қатал қыс тұр. Мына қара күздің өзі де көп жанға оңай тиер емес. Күзгі жауын, қара суық… Аштық… Жалаңаштық…».

1932-нің суреті белгілі жазушы Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында осылай сақталған. Мұндағы Хакім — республика басшылығының «Ақтөбенің облыстық атқару комитетіне барасың. Сонда Ивановпен бірге істеуге» деген тапсырмасымен келген партия қызметкері. Ивановтың өзі — құжаттарда дерегі бар адам. Ол — 1932 жылдың шілдесінен 1933 жылдың соңына дейін облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Михаил Данилович Иванов. Бірақ, бүгінгі әңгімеміз Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы, оның жалғасы ретінде жазылған «Көп жыл өткен соң», «Жүнісовтер трагедиясы» романдарының бас кейіпкері Хакім Жүнісовтің Ақтөбе тарихына қатысы жөнінде емес, тек осыдан 85 жыл бұрынғы, Ақтөбе өңірінің алғаш облыс болып құрылған  шағынан сақталған көріністі оқырманның есіне салдық.

«Аштықтан ісініп кеттік»

Ақтөбе облысы 1932 жылдың 10 наурызы күні құрылды. Бұл «мың өліп, мың тірілген» ұлттың тарихындағы ең жүдеу шақтардың бірі еді. Біз облыстық мемлекеттік мұрағаттан «Актюбинская правда» газетінің 1932 жылғы наурыз айындағы сандарын қарап шықтық. Кейін ел есінде «ұлы жұт» деген атпен қалған аштықтың елестері мұнда да бар. Мысалы, газеттің 25 наурыз күнгі санында Ақтөбе стансасы қозғалыс қызметінің екі жұмысшысы қатты сынға алынған. Көктемгі егіске қажет тұқым қоры, құрал-жабдықтарды уақтылы жеткізу мәселесі талқыланған жиында Цветков пен Сороко есімді жұмысшылар: «Біз аштықтан ісініп кеттік, көктемгі егіске қажет жүк тасымалына қайтіп шығамыз?» — дейді. Қарапайым еңбеккерлердің аузынан шыққанмен, бұл сөз революцияға қарсы күштердің, қалай болғанда да, істі аяғына жеткізбеу мақсатында алға тартқан құр байбаламы ретінде қабылданған. «Жұмысшылар неліктен аш?» — деген мәселе мүлде қозғалмайды, керісінше, «мұндайлармен қатаң түрде күрес жүргізу керек» — деп қорытындыланыпты.

1 миллионнан астам тұрғын

«Актюбинская правда» газетінің 25 наурызда шыққан 14-санында жаңа құрылған облыстың басшысы Шаяхмет Ярмұхаметовтің баяндамасы берілген. Ол баяндамасын Қазақстанда облыстардың неліктен құрылғаны туралы сөзден бастапты. «Қазақстандағы аумақтар алшақтығы аудандарға толыққанды басшылық жасауға мүмкіндік бермеді, енді басшылық жасауды дұрыс жолға қою үшін облыстар құру жөнінде шешім қабылданды. Облыстардың құрылуына байланысты аудандардың рөлі төмендемейтінін атап өту керек. Керісінше, социалистік құрылыстың негізгі бөлшегі ретінде аудандардың рөлі арта түспек.

Біздің Ақтөбе облысына бұрынғы Ақтөбе округінің жері және Қостанай округі аумағының басым бөлігі қарайды. Ақтөбе облысында 18 аудан бар, аумағы 500 мың шаршы шақырымды құрайды, 1 миллионнан астам адам тұрады» — делінген баяндамада.

Атап көрсетілгендей, жаңа құрылған облысқа бұрынғы Ақтөбе және Қостанай округтері қараған. Ал Ұзақбай Құлымбетовтің 1927 жылғы «Қазақстанды аудандау мәселесі» еңбегінде Ақтөбе округінде — 390 мың 763 тұрғын, Қостанай округінде 488 мыңнан астам адам тұратыны айтылған. Есепке жүгінсек, 1927-1932 жылдар аралығында халық саны едәуір өскенге ұқсайды. Ұзақбай Құлымбетов Ақтөбе округі тұрғындарының 67 пайызы, ал Қостанай аймағы жұртының 45 пайызы қазақ екені жөнінде дерек келтіріпті. Яғни, жаңа құрылған Ақтөбе облысы халқының, кем дегенде, жартысы қазақ болды деп шамалауға негіз бар. Қалған бөлігі — орыстар мен украиндар. Ол тұста республика халқының 90 пайызын осы үш ұлт құраған.

Коммунистер мен комсомолдар

Өз баяндамасында Шаяхмет Ярмұхаметов облыстың партия ұйымы алдында тұрған негізгі міндетке айрықша тоқталады. Бұл — егіс салу науқанын нәтижелі өткізу. 1932 жылы көктемгі егіс жай науқан емес, «үшінші большевиктік егіс салу» науқаны ретінде қолға алыныпты.

Шаяхмет Ярмұхаметов облыста 2,7 мың коммунист, 5 мың комсомол барын және тұқым қорының тым аз екенін айта келіп, тұқым үшін большевиктік күрес жүргізілмегенін сынға алған. Айта кетелік, облыстағы коммунистердің 1,2 мыңы — шаруа, тағы да 1,2 мыңы жұмысшы табының өкілдері болған.

Баяндамада келтірілген дерекке сай, облыста, совхоздарды есептемегенде, 800 мыңнан астам гектар егіс алаңы болған. Ал тұқым қоры небәрі 10-12 пайыз мөлшерінде; тіпті мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті қосқанның өзінде қажеттіліктің 65 пайызын ғана өтейтіндей мөлшерде тұқым болған. Барлық күшті қайткенде де қажетті тұқым қорын жинауға жұмылдыру керектігін айта келіп, облыстық партия ұйымының басшысы: «Біз қиындықтарды большевиктерше жеңуге тиіспіз» — деп нықтайды.

«КСРО-ның өз каучугы болады»

Наурыз айының ішінде облыстық басылымдарда көктемгі егіске әзірлік мәселесі қызу талқыланған. Әр аудан, әр шаруашылықтан тұрақты түрде хабарлар алынып тұрған: Арал аудандық жер бөлімінің басшысы Минитбаев облыстық газетке ауданда тұқым себу жұмыстарының 1 сәуірде басталып, 15 сәуірде аяқталатыны жайлы жеделхат жолдапты, т.б.

Ал Сафонова аталған автор «Актюбинская правда» газетінің 15-санында жарық көрген шағын мақаласын «КСРО-ның өз каучугы болады» — деп бастаған. Мұнда Шалқар ауданында каучук өндіруге қажетті хондрилла өсімдігін егу жұмыстары басталғаны хабарланған. Хондрилла тұқымын 250 гектар алқапқа себу жоспарланған.

Қара тақта

Бұл жылы тұқым қорының тиісті мөлшерде жиналмауы, егін салу науқанының дұрыс ұйымдастырылмауы төңірегінде дау-дамай өте көп болған. Ақтөбе ауданы «Красный колос» колхозының басшылығы егін салуға шыққан бригадалардың әрқайсысына бидай, сұлы, арпа және күнбағыс тұқымдарын тең мөлшерде бөліп берген. Сөйтіп, күн тәртібінде: «Сонда бұл колхоздың бидай, сұлы, арпа және күнбағыс алқаптары аз-аздан әр жерде шашырап жата ма немесе бригадалар алқаптан-алқапқа көшіп жүре ме?» — деген сауал туындапты.

Темір ауданындағы ірі колхоздардың бірі — «Крестинтерн» колхозында мол көлемде картоп егу жоспарланған, бірақ іске келгенде, тұқыммен қамту көрсеткіші 7,1 пайыз ғана болып шыққан. Осыған байланысты бір-ақ шешім айтылған: колхоз басшылығын ауыстыру…

Наурыз айының соңында тұқым қорымен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі бойынша, бірқатар аудандар қатаң сынға ұшыраған. Соның ішінде Адамов, Батпаққара, Жетіқара, Меңдіқара, Семиозерный, Қостанай аудандары «қара тақтаға» тіркелген. Облыстық партия ұйымы басшылары әсіресе, Адамов ауданына ерекше шүйлікті. Өйткені мұндағы келеңсіздіктер, негізінен, «жұмысқа ықылассыздық пен жауапсыздықтан туындады» — деген қорытынды жасалған. Ал аудандық партия ұйымының хатшысы Қырғызбаев аудан коммунистерінің өз қателіктерін мойындайтынын айтып, большевиктік тұқым себу науқанын өткізуге бар күштерін салуға уәде етіпті.

Ең қуатты совхоз

Адамов ауданы кейін Ресейдің Орынбор облысына берілген. Осы аудандағы Қайыңдықұмақ совхозы сол кез бойынша бүкіл Қазақстандағы ең қуатты совхоз болыпты. Бұл жөнінде «Актюбинская правда» газетінің 27 наурыз күнгі 13-санында айтылған. Совхоз 104 трактор, 28 комбайн, басқа да сол заманғы озық ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. Тек қана жұмысшылар қалашығын салу үшін 9 миллион сом қаржы жұмсалыпты. Өз тұсы үшін бұл — өте қомақты қаржы. Совхозда тұрақты штатта 1,3 мың адам еңбек еткен, ал тұқым себу, астық жинау сынды науқандар кезінде еңбеккерлер қатары едәуір көбейген.

Біз Орынбор облысы құрамындағы бұл ауданның қазіргі картасынан Қайыңдықұмақ атауын таппадық. Тек Адамов ауданына көршілес жатқан екі ауданда Құмақ атаулы ауылдар кездеседі екен. Деректер бойынша, қазір Адамов ауданы тұрғындарының 34, 2 пайызы — қазақтар.

Сыйақыға — өндірістік тауарлар

Жұмысты ақсатып, сынға ұшырағандар көбірек болғанмен, сый-құрметпен атап өтілген бірен-саран үздіктер де кезігеді. Солардың бірі — Темір ауданындағы  «Талдысай» колхозы. Колхоз ауылдық кеңес төрайымы Ниязованың жетекшілігімен тұқым қорын жинау жоспарын 104 пайызға орындаған. Осыған байланысты Ниязоваға және колхоз бригадирлеріне сыйлық ретінде өндірістік тауарлар табысталған.

Ал жоспарды 100 пайызға орындаған осы ауданның Ворошилов атындағы колхозы еңбеккерлеріне өндірістік тауарларды қолма-қол ақшаға алу құқығы беріліпті.

14 колхоздан 62 бай қуылды

Ол тұс — кәмпескелеу, «жат элементтермен» күрес кезеңі болғандықтан, облыстық басылымдар беттері осы тақырыптағы материалдарға толы. Мысалы, 27 наурызда «Актюбинская правдада» жария етілгендей, Адамов ауданындағы №9 ауылда екі байдың жасырынып келгені «анықталыпты». Олар қайткенде колхозды жоқ қылу жолында зиянкестік жұмыстар жүргізумен айналысып отырыпты-мыс…

Шалқар аудандық атқару комитетінің төрағасы Капков 14 колхозда «тазарту» жұмыстары жүргізіліп, 62 байдың қуылғаны жөнінде хабарлаған. Олардың қатарында молдалар да бар екенін айтады. «Степной труд», «Қаратал» колхоздарында 88 бас бұзаудың қырылып қалуы осы «жат элементтердің» әрекеті ретінде әшкереленген. Тек 62 бай ғана қуылып қоймаған, оларды әшкерелеуге «самарқау қарағаны үшін» 12 қызметкер жұмыстан қуылып, істері сотқа берілген.

Осылайша, 1932-нің көктемі арпалысты күндерге толы көктем болды…

 Тарих беттерін парақтаған Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button