Жаңалықтар

Қазақстан — ЕҚЫҰ төрағасы

Қазақстан Еуропалық қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына төрағалық (ЕҚЫҰ) етеді деген әңгіме шыққалы бері әлемдік БАҚ-тың беті аударылып біздің елге бұрылды. Қаңтардан бастап бұл науқан тіпті өршіді. Әлбетте, бұл туралы қанша БАҚ жазса, сонша пікір бар. Интернетті ашып қалсаңыз, түрлі баға берулерден аяқ алып жүре алмайсыз.

Бүгін, яғни 14 қаңтарда ЕҚЫҰ-ның биылғы төрағасы – Қазақстан Венадағы Тұрақты кеңестің алғашқы мәжілісін өткізеді. Еліміз оған қызу дайындықпен келді.

«Тұ­рақты кеңес – ЕҚЫҰ-ның әр ап­таның бейсенбісі сайын Вена­дағы елшілер деңгейінде жина­латын шешім шығарушы орган. Оның жұмысына қазіргі төраға­ның өкілі басшылық етеді.

Әдетте, жыл басындағы ал­ғаш­қы Тұрақты кеңес — ЕҚЫҰ қауымдастығы, әсіресе, дипло­ма­тиялық топтар айрықша қызығу­шылықпен күтетін оқиға. Себебі, оның мәжілісінде төрағалықтың жыл бойына жоспарланатын әре­кеттер бағдарламасы танысты­ры­лады. Мәжіліс басында Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес қатысушыларына арналған бейнежолдауы беріледі. Кеңес отырысына ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев қатысып, Қазақстанның Ұйымдағы төраға­лы­ғы кезіндегі басым бағыттары туралы баяндама жасайды.

Атап өтерлік қызық жәйт, бүгінгі алғашқы Тұрақты кеңес отырысын ЕҚЫҰ-ның Интернеттегі YouTube арнасы арқылы тікелей эфирден немесе жазба түрінде көруге болады. Ол үшін www.youtube.com/osce адресіне кіру қажет.

Ал Тұрақты кеңес мәжілісі қарсаңында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ашылуына орай Вена қаласындағы Хофбург император сарайында салтанатты концерт қойылады. Оған еліміздің бір топ атақты өнер шеберлері қатысады. Яғни, Еуропа Қазақстанның саяси бастамаларымен танысып қана қоймай, сонымен қатар, мәдени жетістіктерін тамашалайтын болады.

ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде Қазіргі төраға Қанат Саудабаев Ұйым Хат­шылығы, институттары, тыстағы миссиялары басшыларымен мәжі­ліс өткізеді.

…Венаға сапары аясында еліміз­дің сыртқы саясат ведомствосының басшысы, сондай-ақ Австрия Рес­пуб­ликасының басшылығымен, осы қалада орналасқан БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар же­текшілерімен кездеседі деп жос­парлануда», — деп жазады http://www.egemen.kz

***

«ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметін насихаттауды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ресми веб-сайтпен (www.osce2010.kz) таныстырды», — деп жазады inform.kz сайты.

Сайтта 2010 жылдың ішінде ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі  «ЕҚЫҰ үштігі» құрамындағы ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрінің қызметі туралы ақпарат орналастырылған. Қолданушылар RSS арна арқылы сайттың жаңалықтарын оқи алады, сайттың жаңалықтарына және баспасөз хабарламаларына жазылу мүмкіндігі қарастырылған.

***

УРА-Информ сайтында жарияланған (http://bigbord.net/news/politika/) «Посткеңестік елдің бірі тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді» деген мақаласында автор Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше болып 1992 жылы кіргенін, оның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесі туралы 2007  жылдың  29-30 қарашасында Мадридте өткен Сыртқы істер министрлерінің 15-кеңесінде айтылғанын тілге тиек ете отырып, бұл шешімді Қазақстанның демократиялық коғам мен либералды нырақтық экономика құрудағы нақты қадамдарына жоғары баға берудің дәлелі дегенді айтады. «Бұл шешімнің бірнеше себебі бар: ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет мұсылман тұрғындары басым азиаттық мемлекет басқарады. Айта кету керек, бұған дейін ЕҚЫҰ төрағалары қатарында Батыс Еуропа елдері, яғни Еуроодақ мүшелері не мүшелікке үміткер елдер басымдық етіп келді. Бұған дейін ТМД-ның ешбір елі бұл жоғары басқару орнына ұсынылып не ұмтылыс жасап көрген емес», — дей келе автор Қазақстанның  биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне Астанада Ұйым саммитін өткізуге ұсыныс білдіргені негізгі себептердің бірі болды дегенді айтады.

***

Францияның «Ля Есентиел, дес релейшнс интернейшнлс» деп аталатын жетекші сараптама журналы Қазақстан туралы 100 беттік мақала жариялапты. Басылымның бірінші бетіне Президент Назарбаевтың суреті мен «Қазақстан — ЕҚЫҰ-ның төрағасы» деген тақырып жазылған.

«Журналда жұмыс істейтін сарапшылардың пікрінше, Қазақ мемлекеті биыл, Еуропа елдеріне энергетикалық тапшылықты шешуге және дағдарыстан шығуға жол сілтеп, ұлтаралық тұрақтылық мәселесінде де көп көмек көрсетеді. Сонымен қатар журналда, Қазақстанның бүгінгі тірлігі егжей-тегжейлі жарияланған. Оның ішінде, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан басқа экономикалық, энергетикалық және аграрлық секторлардағы жетістіктер баяндалады. Бір сөзбен айтқанда, басылым қазақтың тәуелсіздік жылдарындағы даму жолдарын жан-жақты саралайды. Сонымен қатар, журналда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен басқа да жауапты мемлекеттік қызметтегі тұлғалардың сұхбаттары жарық көрген.

Еліміздің даму болашағы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болған кезде қабылданатын құжаттар негізінде, Еуропада да тұрақтылықты қамтамасыз етеді», — деп жазады http://kaztrk.kz сайты.

«Еуропалықтар мен француздар ұзақ уақыт бойы әлемдік картадан Қазақстанды таба алмай келді. Олар тек Қазақстанның ежелгі патшалық, кейінгі кеңестік Ресейдің белдігінде «ілініп» тұрған Орталық Азиядағы ірі ел екенін ғана білді. Бірақ президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің бірнеше рет кездесуі нәтижесінде еуразиялық аймақтағы аса ірі елді тани түстік. 16 млн. халқы бар, аумағының көлемі Еуропалық одақтың көлеміндей, табиғи ресурсы бай, осы аймаққа ғана тән ұлтаралық келісім философиясы бар, барлық көршілері мен халықтармен жақын араласатын, қонақжай Қазақстан барлық еуропалық елдер қызыға қарайтын мемлекетке айналды. Расында, 2010 жыл Қазақстан жылы болуы мүмкін. Жыл бойы бұл ел Евразиядан және бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен тұңғыш рет  ЕҚЫҰ-на төрағалық ету абыройына ие болды. Билікте жиырма жылға жуық уақыт отырған Президенттің арқасында өнегелі мемлекетке айналған бұл ел еуропалықтарға текетірестерді қалай реттеу қажеттігі мәселелеріне қатысты ой қосатын болады. Оның экономикалық даму болашағы мен қол қойған келісім-шарттары Еуропаны нығайтып, оның энергетикалық тәуелділігін жеңілдетіп, дағдарыстан шығуға көмектеседі», — деп аударады kazpravda.kz сайты ондағы мақаланы.

«Казахстанская правда» газетіндегі дерек бойынша, «L’Essentiel des relations internationales» («Халықаралық қатынастардағы ең бастысы») журналы 100 мың данамен тарайды, оның аудиториясы – Францияның және Еуропаның басқа да елдерінің саяси және экономикалық элитасы. Журнал Францияда, Бельгияда, Люксембург пен Швейцарияда, Канадада таралып жатыр, редакция оны ағылшын тіліне аударып, Ұлыбританияда, АҚШ пен Германияда, Австрияда да таратуды ұйғарыпты.

***

Украинаның «ForUm» сайты «1 қаңтардан бастап ЕҚЫҰ-ны Қазақстан басқарады. Грекия кетті» атты мақаласында Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздігі жөніндегі диалогты одан әрі жүргізе беретіндігін айтады. «Бұған қоса республика Ұйым жұмысының үш «жәшігін» теңдей толтыруға және ешкімді алаламайтын бейтарап төраға болуға уәде береді.

ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстан Грекияның болашақ еуропалық қауіпсіздік жөніндегі алқа талқысына салған бастамасын («Корфу професін») жалғастырмақ болып отыр.

Астана, сондай-ақ, қауіпсіздік пен сенімді нығайту шаралары мен қалыпты қарулануға қатысты еуропалық бақылаудың бұрынғы тәртібін одан әрі жүргізе беретіндігін растап отыр.

Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Ұйым кеңістігінде экологиялық қауіпсіздік мәселелерін де айналып өтпейтіндігін айтады, оның қатарында Орталық Азия аумағында орналасқан, қазір тартылып жатқан Арал теңізі мәселесі де бар.

Бұған қоса Қазақстан мүдделілік танытып отырған барлық тараптардың позициясын есепке ала отырып, ЕҚЫҰ шеңберінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі туралы да диалог жүргізуді жалғастырады», — дейді  http://for-ua.com сайты.

***

http://actualcomment.ru сайты «Қазақстан ЕҚЫҰ-да» атты мақаласында мұндай билікті ТМД елдерінің ішінен бірінші болып алып отырғандығын айта келе «халықаралық қауымдастықтың, әсіресе, оның батыс сегментінің Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияның дамып келе жатқан экономикасына, жалпы аймаққа тұтастай қызығушылық танытып отырғанын» тілге тиек етіпті.

«…Бұған, біріншіден, аймақтың тұрақсыз Ауғанстанға жақын орналасқандығы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ЕҚЫҰ-ның аз уақытта жүзеге асыру қажет басымдығы екендігі; екіншіден, оның Орталық Азияның энергетикалық потенциалы екендігі себеп болып отыр.

…Республика басшылығы өзінің төрағалығы кезінде атқаратын жұмыстардың басым бағыттарын былай бірнешеге бөледі: Батыс елдері мен ТМД елдері арасындағы қарым-қатынасты бекіте түсу, әлемдік қауіпсіздікті нығайту және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру.

… Республика басшылығы Қазақстанда өткізілетін ЕҚЫҰ саммитін де өте маңызды мақсаттар қатарына қосып отыр, өйткені, ол ұйым жұмысына жаңа дем беріп қана қоймайды, сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның өз ішіндегі қарама-қайшылықтарды жоюға септігін тигізеді».

***

Ресейлік «РИА Новости» (http://www.rian.ru)  сайты «Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді» атты үлкен мақала жариялапты. Автор Қазақстанның Ұйымға мүше болған 1992 жылдан бастап қазіргі  деңгейге қалай жеткенін толық баяндай келе сарапшылардың түрлі пікірін береді.

«Мәселен, РФ СІМ министрінің орынбасары Александр Глушконың пікірінше, Астананың төрағалық етуі жоғары кәсіби деңгейдегі, әбден таразыланған шешім, ол қауіпсіздік мәселесінде ЕҚЫҰ-ның ролін нығайта түседі.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының посткеңестік зерттеулер Орталығының жетекшісі Артем Мальгиннің айтуынша, жаңа төраға – Қазақстан еуропалық қауіпсіздік мәселелеріне өзіндік жаңа көзқараспен келеді және Қазақстанның төрағалығы жаңа күн тәртібін қалыптастыруға жол ашады. Оның ойынша, Астана қауіпсіздік мәселесі тақырыбына жаңа көзқарас танытады, еуропалық қауіпсіздік архитектурасына қатысты посткеңестік кеңістіктегі бұрынғы көзқарасты трансляциялауға көмектеседі. Оның алдында ЕҚЫҰ-ны модернизациялау міндеті тұр.

Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Марта Олкоттың пікірінше, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыруға қатысты жаһандық мәселелерді шешуге бар күшін сарқымай, алдымен Ауғанстан мәселесіне және созылып кеткен текетірестерді шешуге мән беруі қажет. Оның айтуынша, Қазақстанның Еуропаның бірқатар елдерінің арасындағы, мәселен, Ресей мен Грузияның арасындағы «созылып кеткен текетірестерді» шешуге мүмкіндігі мол, өйткені, Қазақстанның Мәскеумен де, Тбилисимен де қарым-қатынасы жақсы. Ол Қазақстанның Әзірбайжанмен және Армениямен достық қарым-қатынасы Таулы Карабақтағы мәселелерді шешуде үлкен роль атқаратынын атап өтті», — деп жазады «РИА Новости».

P.S. Әңгіме мұнымен таусылмайды. Дәл қазір әлемдік БАҚ-тың қаламының ұшын шыр айналдырып отырған «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі» тақырыбы 2010-шы жылдан кейін де көп уақыт жалғасатын болады.

Шолу жасаған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button