Жүз жастағы әженің тілегі 18 немере, 20 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр
Қаламыздың қарт тұрғындарының бірі — Сағира Мұқанғалиева 1 қаңтар күні 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған әженің әлі де сөзі түзу, денсаулығы сыр бере қоймаған. 
Сағира әже 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Көп жылдар бойы осы облыстың Жымпиты, Бұлдырты аудандарында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Отбасында он екі ағайынды болып өскен Сағира әженің бүгінде үлкен апасынан басқа бауырлары қайтыс болып кеткен. Ал апасы биыл 103 жасқа келеді.
Қазіргі күні Сағира әже үлкен ұлы Қайырғали мен келіні Құралайдың қолында тұрады. Ұзақ жыл ұстаздық еткен Құралай апай енесінің жүз жасқа келсе де денсаулығының қалыпты екенін, асты талғап ішетінін айтты.
— Әжеміздің денсаулығы жақсы. Өз күшімен кіріп-шығып, тамақты да өзі іше алады. Үлкен кісі болған соң кейде сырқаттанып қалады. Бірақ денсаулығы әлі де тың. Дегенмен, тамақты талғап береміз. Таңертеңгісін үккіштен өткізіп жұмыртқа берсем, күндіз сорпа, ал кешке сүттен жасалған ас ішеді. Тісі жоқ болса да ет жегенді тәуір көреді. Сүт пен айранды жақсы ішеді. Денсаулығының мықты болуы да осы ағарғанның арқасы сияқты. Үлкейген адам бала сияқты ғой, кейде қуанып отырса, кейде ренжіп қалады. Туған жеріне барғысы келеді. Былтыр елге апарып қайттық. Кәдімгідей көңілі тасып, қуанып қалды. Жыл сайын әжеміздің туған күнін атаусыз қалдырмаймыз. Биыл да 3 қаңтар күні жан-жақтағы ағайындарымыздың басын қосып, осы қуанышты бірге тойламақпыз. Әрі атамызға да садақа береміз, — деді келіні.
Соғыс жылдары тылда еңбек етіп, тұрмыстың ауыр тауқыметін тартқан әже кейінгі ұрпақ өзі көрген қиындықтарды көрмесе екен дейді.
—Соғыс жылдары колхозда аянбай еңбек еттік. Күннің ыстық-суығына қарамай жұмыс істедік. Ауылдағы ер адамдардың барлығы майданға кеткен. Әйелдер мен балалар таңертеңнен қара кешке дейін егіннің басында жүреміз. Кешке үйге келгенде де тыным таппайтын едік. Әскерге шинель тігеміз. Адам басына бір келі жүн береді. Түнімен жүнді түтіп, одан қолғап, шұлық тоқып, таңертең ерте тұрып тапсырамыз. Ішетін ас та аса мәзірлі емес, аш құрсақ болып жүрсек те майдандағы азаматтарды ойлағанда бәрін ұмытып, тынымсыз еңбек ететін едік. Ұйқысыз, күлкісіз ауыр күндерді бастан кешірдік қой. Қазір сол кездегі көрген қиындықтарды кейінгі жастар көрмесе екен деп тілеймін. Бар тілерім балалар аман болсын. Еліміз тыныш, деніміз сау болса, одан артық бақыт жоқ, — дейді әже.
Соғыс аяқталғаннан кейін Сағира әже Жұбанғали Мұқанғалиевпен бас қосып, екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Жұбайы Ұлы Отан соғысының ардагері. 1939 жылы әскери училищеде оқып, майданға аттанған ол, елге келгеннен кейінде колхоз жұмысына белсене араласады. 1983 жылы Жұбанғали ата дүниеден озады.
Бүгінде Сағира әже үш баласынан 18 немере, 20 шөбере, бір шөпшек сүйіп отыр. Үлкен ұлы Қайырғали әскери салада қызмет етіп, қазір құрмет демалысындағы офицер. Ал екінші ұлы Ғалімше геолог болып жұмыс істейді. Үлкен қызы Әмина Ақсай қаласында мұғалім болса, Бақтығаным сегіз бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Кіші қызы Дәмелі Атырау облысында медицина саласында қызмет етеді. Балаларының барлығы да отбасын құрып, тату тірлік кешуде. Ал үлкен немересі Дархан отбасымен Атырау қаласында тұрады.
Сағира әже: «Барыс жылы елімізге береке, бірлік әкелсін», — деген тілегін айтты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.
****
Қалалық семинарлар өтті
Жақында №50 орта мектепте қалалық семинарлар ұйымдастырылды. Шараға қалалық білім бөлімінің мамандары мен мектеп мұғалімдері қатысты.
Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ұйымдастырған семинар ұстаздардың шеберлігін айқын көрсетті. Бұл семинар барысында бірнеше ашық сабақ ұйымдастырылды. А.Чеховтың «Справка», «Радость», «Экзамен на чин» әңгімелері желісі бойынша оқушылар сахналық қойылымдар көрсетті.
«Жетістіктер негізі — сапалы білімде» тақырыбындағы жаратылыстану пәні бойынша өткен семинардан да мұғалімдердің біраз еңбектенгенін байқауға болады. Бұл шара қала мектептері мұғалімдерінің тығыз байланыста жұмыс жасап, пікір алмасуына мүмкіндік беруімен ерекшеленді.
Мектеп директоры М.Құдайбергенованың ұсыныстарын негізге ала ұйымдастырылған шара көпшіліктің көңілінен шықты.
Ж. АЖМҰРАТОВА.
***
«Қош келдің, Жаңа жыл!»
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде ұйымдастырылған мерекелік кеш осылай аталды.
Мереке театрландырылған көрініспен ашылды. Музыкалық бөлімнің оқытушылары ұйымдастырған ертегі-қойылым оқушылардың көңіл күйін көтерді. Әсіресе, Аяз ата, Ақшақар, мыстан кемпір, жолбарыс және басқа ертегі кейіпкерлері балаларды қызықтыра түсті.
Мерекелік кешке қатысқан оқушылардың барлығы өз өнерлерін ортаға салды. Олар ән айтып, би биледі, өлең оқыды, түрлі ойындар ойнады. Кеш соңында Аяз ата бүлдіршіндерге сыйлықтар үлестірді.
А.БӘЙТІБИҚЫЗЫ.
****
Төтенше жағдайлар кезінде ең бастысы — сабыр сақтау
Біздің елімізде төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсете алатын бірден-бір мемлекеттік емес ұйым — Қызыл Ай қоғамы. Бұл қоғам филиалдарында төтенше жағдайлар бөлімі жұмыс істейді. Аталмыш бөлімнің алдына қойған мақсат-міндеттері төтенше жағдайлардың алдын алу; тұрғындарды оқыс жағдайларға дайындау мақсатында семинар, тренингтер өткізу және басқа да жобаларды жүзеге асыру; төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсету болып табылады. Қызыл Ай Қоғамының Ақтөбе филиалында да төтенше жағдайлар бөлімі жұмыс істейді. Осы бөлім арқылы аз қамтылған отбасыларға, жетім балалар мен мүгедектерге, барлық мұқтаж жандарға гуманитарлық көмек көрсетіліп келеді. Төтенше жағдайлар бола қалғанда халыққа көмек көрсету мақсатындағы қор ретінде қаржы, киім-кешек, азық-түлік, басқа да заттар жинақталып-сақталады. Сонымен бірге, еріктілерден құтқару командасы жасақталған. Команда құрамындағы еріктілерді оқыту үшін республикалық, аймақтық семинарлар ұйымдастырылып тұрады.
Қызыл Ай Қоғамының Ақтөбе облыстық комитетінде ағымдағы жылдың қыркүйек айынан қараша айына дейінгі аралықта қала тұрғындарын төтенше жағдайларға дайындау мақсатындағы бағдарлама іске асырылды. Бағдарлама аясында тренингтер өткізілді, ал арнайы дайындықтарға қаламыздың 72 тұрғыны қатысты. Оларға төтенше оқиғалар кезінде қандай әректтер жасау керектігі; қайғылы жағдайлардың алдын алу жолдары, алғашқы көмек көрсету әдістері үйретілді, басқа да әр түрлі акциялар ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты — ақпараттық материалдар тарату арқылы халықтың төтенше жағдайларға дайындығын арттыру, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс шешім қабылдауға , яғни нақты іс-әрекеттерге үйрету. Ақпарат қала тұрғындарына буклеттер, парақшалар арқылы жеткізілді. Бұл акцияға 100-ден астам қала тұрғындары үлкен белсенділікпен қатысты. Акцияға белсенді түрде қатысқан жандарға Қызыл Ай Қоғамының атынан ақпараттық материалдармен қоса, естелік-сыйлықтар таратылды. Төтенше жағдайларға дайындық үшін қажетті ақпарат көпшілікке «Ақтөбе – радио» арқылы да таратылды.
Төтенше жағдай кезінде үйлесімді жұмыс жүргізу үшін және өзара қарым-қатынас орнату мақсатында дөңгелек үстел өткізілді, оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, қалалық әкімшіліктің, Апат медицинасы орталығының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелде төтенше оқиғалар бола қалған жағдайда өзара біріге жұмыс істеу мүмкіндіктері талқыланды.
Қызыл Ай Қоғамы төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі мақсаттарының бірі — табиғи, техногендік сипаттағы апаттарға дайындық тақырыбы бойынша көпшілікке арналған ақпараттар тарату. Әрине, жұртшылық төтенше жағдайлар кезінде не істеу, қандай нақты іс-әрекеттер жасауы керектігі жөніндегі ақпараттық материалдармен интернет немесе газет-журнал, электронды БАҚ арқылы құлақтанып отырғаны жөн. Айталық, өрт, су тасқыны, өндірістік жарылыс, басқа да төтенше жағдайларға кім-кім де ұшырауы мүмкін; сондайда абдырап қалмай, не істеу керек, қай жерде уақытша жан сақтауға болады деген секілді, әзірліктің болғаны жөн. Төтенше жағдай кезінде ең бастысы — сабырлылық сақтау екендігін ұмытпау керек. Төтенше жағдайға ұшырай қалғанда, құтқарушылардың, арнайы орындар қызметкерлерінің нұсқауларын бұлжытпай орындау қажет. Әр үйде төтенше жағдайда ғана қолданылатын тиісті заттардың дайын тұрғаны дұрыс, бұлар: алғашқы көмекке арналган әмбебап медицина қобдишасы, консервіленген азық-түлік, пластикалық шөлмектегі ауыз су, радиоқабылдағыш, қолшам, сіріңке, от жағуға қажет қағаз, шағын балта, гигиеналық құралдар; сондай-ақ ақша мен құжаттар белгілі жерде сақталғаны жөн. Транзистор шкаласында жергілікті толқындарды тез табу үшін белгі қойылса, тіпті жақсы, себебі, қажетті нұсқаулар мен ақпарат жергілікті радио арқылы беріледі. Төтенше жағдайлар кезінде үрейлі хабарларға дайын отыру керек. Аса бір қажеттілік болмаса, телефон желісін бос қойған дұрыс, себебі, төтенше оқиғалар кезінде телефон желілерлі төтенше жағдайлар қызметкерлеріне өте қажет.
ҚР Қызыл ай қоғамының Ақтөбе облыстық филиал-комитеті.
****
Депутат демеушілігімен
31 желтоқсан күні Сазды селолық округінде аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан 75 балаға ауыл әкімінің шыршасы өткізіледі.
Мәдениет үйінде өтетін мерекелік кешке қалалық мәслихат депутаты Төлеген Таңатаров демеушілік көрсетіп, балаларға арнайы сыйлықтар таратады. Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарына лотерея ойындары өткізіледі.
К.ҚОПАЕВА.



