БилікЖаңалықтар

Жазасын өтеушілерді әлеуметтік бейімдеу және еңбекке орналастыру — атқарушы билік назарында

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жазасын өтеп жатқандарды әлеуметтік бейімдеу және еңбекке орналастыру мәселесі талқыланды. Оған облыстың құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысты.

Атқарушы билік түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан және өтеп шыққан азаматтарды еңбекке орналастыру және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл қатарда жазасын өтеушілерге кәсіптік білім беру және қайта даярлау шаралары жүзеге асырылуда.

Мысалы, ағымдағы жылы Мұғалжар ауданының Жем қаласында орналасқан КА-168/5 қатаң режимдегі колониясында көппрофильді колледж ашылды. Онда төрт мамандық бойынша: ағаш және жиһаз өндірісі шебері, электргаз дәнекерлеушісі, тігінші, электр жабдықтарын жөндейтін слесарь-электрик жұмысшыларын даярлайды. Алғашқы 100 мамандық алушыны қабылдау үшін оқу сыныптары мен өндірістік шеберханалар жарақтандырылды, оқытушылар құрамы жасақталды. Жазасын өтеушілер арасынан оқушыларды іріктеуде кәсіптік бағдар жұмыстары жүргізілді. Бұрын қандай да кәсіптік білімі жоқтарға басымдық берілді. Ақтөбе облысы үшін жаңа колледж жазасын өтеушілер білім алатын бірінші орта-арнаулы оқу орны емес. Бұған дейін КА-168/2 мекемесінде ағаш ұстасы, электргаз дәнекерлеушілері, металл жонушылар мен тігіншілер даярланып келді.

өңірдің түзету мекемелерінің өнеркәсіптік аумақтарында жазасын өтеушілерді жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Мысалы, КА-168/5 аумағында шағын және орта бизес субъектілері ұлттық стилде әртүрлі сувенирлік бұйымдар әзірлеу мен арнаулы киімдер тігу бойынша өндірісті ашты. Жылыжай шаруашылығы жұмыс істеуде.

Бердібек Сапарбаев түзету мекемелері аумағында өндіріс ашуға кәсіпкерлерді тарту бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырды, бұл жазасын өтеушілерді еңбекке орналастыруға мүмкіндік береді және олардың бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге бейімделуіне қолайлы әсер етеді. Жазасын өтеу орнынан шыққан азаматтарды еңбекке орналастыру және оларды әлеуметтік бейімдеу бойынша шараларды күшейту тапсырылды.

— Жұмыс орындарымен қамтамасыз ету — қылмыстың қайталануының алдын алудың тиімді шараларының бірі. Адамдар адал еңбекпен тіршілік етуі тиіс, — деп тұжырымдады Бердібек Сапарбаев.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button