Жаңалықтар

Шыршалар қанша тұрады?

Қарсаңда

 Тәуелсіздік күнін тойлап өткізген ақтөбеліктер бірден жаңа жылға дайындықты бастап кетті. Облыс орталығының бірнеше ауданында алып шыршалар орнатыла бастады. Базарлар мен сауда нүктелеріндегі сатушылар шыршалар мен оның ойыншықтарын, жаңажылдық сыйлықтар сатып, сауданы қыздырып тұр. Сонымен…

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен биыл облыс орталығында 5 шырша орнатылады. Бұл туралы бізге осы мекеме басшысының орынбасары Жомарт Бақытгелді айтып берді.

— Атап айтсам, 30 метрлік алып шырша облыстық әкімдікке қарсы алаңға, ал 18 метрлік шырша Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа құрылды. Сондай-ақ, әрқайсысы 12 метрлік үш шыршаның бірі қалалық әкімдіктің алдында, тағы бірі 8-шағын аудандағы Ғашықтар аллеясында және «Ақтөбе сити» шағын ауданындағы мектепке жақын алаңда бой көтерді. Соңғы технология бойынша жасалған ойыншықтармен, түнгі жарықтармен безендірілді. Кеше барлық шыршаның құру жұмыстары аяқталды, қабылдап алдық. Енді облыс, қала басшыларының қатысуымен ресми түрде жағылатын болады, — дейді Жомарт Бақытгелді.

Сонымен қатар, ол қала тұрғыны ретінде «Дина» гипермаркетінің Сәңкібай батыр даңғылы бойына құрған шыршасы мен «Sity» шоппинг орталығының алдындағы шыршаның безендірілуі кешкі уақытта әдемі көрінетінін, өзіне ұнағанын да айтып қалды.

Ел арасында шыршаны қолындағы барымен жасайтындар да кездесіп қалады. Жақында ғана ғаламтордағы әлеуметтік желілер былтырдан бастап көгілдір отынның игілігін көре бастаған Қарабұтақ ауылының бір тұрғыны малдың тезегінен шырша жасағанын жарыса жазды. Ғаламторды ақтарып отырып, жаңажылдық шыршалардың медициналық қолғаптардан, кәдімгі балықтардан, шампан шарабының ыдыстарынан, пластик құтылардан жасалған суреттерін тамашаладық. Ал көлік жүргізушілеріне қызмет көрсететін шиномонтаж цехтары көліктер доңғалағының жарамсыз тысын тиімді пайдаланып, шырша жасап, оны әдемілеп безендіріп қойғанын да әлеуметтік желілерден көргеніміз бар. Сондай-ақ

«оlх» хабарландырулар порталында ақтөбелік орыс келіншектің қолдан жасаған шыршаларын көріп қалдық. Оның ерекшелігі сол, шырша жасыл түсті мишуралардан құрылып, 27 кәмпит пен 1 «киндер сюрприз» шоколадымен безендірілген. 35 сантиметрлік мұндай жаңажылдық «Шырша» сыйлығының бағасы 3 мың теңге тұрады екен.

Супермаркеттерде Орталық базардағыдан гөрі шырша бағасы қымбаттау. Айталық, «Анвар» супермаркетінде 1 метр 20 сантиметр шырша 5400 теңге, 1,5 метрлік жасанды шырша 6-6,5 мың теңге тұрады. Ал Орталық базардың алдындағы сатушылардан шырша бағасын сұрағанымызда, дәл осындай биіктіктегі шыршаларды 4,5-5 мың теңгеге сатып алуға болатынын білдік. Шырша бағасы биіктігіне, материалына қарай қымбаттай береді. Сондай-ақ, сатушылар шыршалар мен оған тағатын түрлі түсті ойыншықтарды Алматыдан, кейбірі Ресейден әкелетіндерін де айтты. Үйде құрылатын шыршаның үстін безендіретін, жанып-сөніп тұратын гирлянданың ең арзаны — 250 теңге. Бұл да өзінше сән беріп тұрады.

Айтпақшы, еліміздің шығысында құқық қорғаушылар мен табиғат қорғаушылар жас шыршаларды балталап, шапқан браконьерлерді құрықтап жатыр. Ал біз Ақтөбе базарларынан табиғи шырша сатып тұрғандарды көре алмадық. Қуантарлық жағдай.

Рождество мерекесінің атрибуттары болып есептелінетін шыршалар қалай десек те жаңажылдық көңіл күй сыйлап тұратыны анық. Әрі ол — кішкентайлардың көз қуанышы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button