Қурайлының мәдениет үйі қайта жаңарды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» шарасы аясында Ақтөбе қаласының Қурайлы ауылдық округіндегі Мәдениет үйі қайта жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды. Мерекелік шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров, сондай-ақ құқық қорғау органдары басшылары мен облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Қурайлы ауылының және қаладағы өзге ауылдық округтердің тұрғындары қатысты.
Қурайлы ауылындағы 2 қабатты Мәдениет үйін қайта жөндеуден өткізген мердігер мекеме — «Актобеэлектросетьстрой» ЖШС. Құрылыс жұмыстары биыл тамызда басталыпты. Мәдениет үйінің жалпы ауданы — 2285,27 шаршы метр.
Қурайлы ауылдық округінің әкімі Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, Мәдениет үйі 1993 жылы істен шыққан.
Бүгінде 2 орта мектеп пен мектеп-интернаты, балабақша жұмыс жасайтын алты мыңға тарта тұрғыны бар Қурайлы халқының жергілікті биліктің алдында көтеретін басты мәселесі — қираған Мәдениет үйін қалпына келтіру еді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында бұл мәселе өз шешімін тауып, кеше қайта жаңғыртудан өткен бұл нысан тұрғындардың игілігіне берілді. Мұнда 400 орынға арналған көрермен залы, модельді кітапхана, спорттық және би залдары, әртүрлі үйірме жұмыс жасайды. Мәдениет үйінің іске қосылуы округ тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, жаңа шығармашылық ұжымдардың құрылып, Қурайлы ауылдық округі тұрғындарының шығармашылық деңгейін дамытуға мүмкіндік туғызды.
Мәдениет үйінің ашылуы ауылда 50 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына септігін тигізді.
Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қурайлы ауылының тұрғындарын қос мереке — ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және ауылда Мәдениет үйінің ашылумен құттықтады.
— Әрбір мемлекеттің халқының дамуы оның тек экономикасының дамуына ғана емес, мәдениетіне, өнеріне, біліміне, жалпы өрісіне байланысты болады. Егер біз мәдениет пен өнерден, әдебиеттен 10 жылға қалып қоятын болсақ, оны қалпына келтіру үшін ең кем дегенде 20 жыл керек болады. Ал экономикадан 10 жылға артта қалып қоятын болсақ, оны 1-2 жылдың ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ең бірінші әлеуметтік салаларға көңіл бөлу, халықтың тұрмысын, жағдайын жақсартуға ден қойды. Бұл мәселелердің қалай шешіліп жатқанын өздеріңіз күнделікті өмірден, баспасөзден жақсы білесіздер. Соның бір айғағы — қайта күрделі жөндеуден өткен Қурайлы ауылындағы Мәдениет үйі. Өткен жылы сіздермен кездескенде, осы құрылысты айтқан едіңіздер. Ауыл жолдары мен жарық мәселесін де көтердіңіздер. Сонда осы нысанды жөндеуге уәде бергенбіз. Бұл Мәдениет үйінің жөндеусіз, қаңырап тұрғанына 23 жыл болыпты. Оны жөндеу үшін қосымша 157 миллион теңге бөлінді. Бұл ғимараттың ішінде өнермен де, спортпен де, әдебиетпен де, жалпы ауыл тұрғындарының демалыс күндері, мереке кездерінде уақыттарын тиімді пайдалануына барлық жағдай жасалған. Мәдениет үйінің ашылу салтанаты — ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді. Бұл — қазақтың қазақ болғалы, ең бірінші, мемлекет болып, 25 жылда дүниежүзіне танылған, дүниежүзінде өзінің орнын, абыройын алған мереке. Облыс басшылығының атынан сіздерді Мәдениет үйінің ашылуымен және Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Қазақстанның абыройы әрмен қарай арта берсін, көк Туымыз желбірей берсін! — деді Бердібек Машбекұлы.
Салтанатты шарада мердігер мекеменің басшысы Болат Көшкенов Қурайлы Мәдениет үйінің директоры Гүлден Ермұханбетоваға ғимараттың символикалық кілтін салтанатты жағдайда табыстады. Ауыл ақсақалдары игілікті істің жүзеге асуына ықпал еткен облыс басшылығына өз ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Мәдениет үйі алдында ауыл халқы шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалады. Содан соң лента қию рәсімі жасалып, облыс әкімі бастаған топ ішке енді. Олар дәмнен ауыз тиіп, ғимараттың ішін аралап көрді.
Жұмыссыздық деңгейі — 4,9 пайыз
Сол күні Қурайлы Мәдениет үйінің кең залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласындағы бес ауылдық округ тұрғындарының басын қосып, жиын өткізді. Жиынға аймақтағы құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай да бір қиыншылықтарға, дағдарыстарға қарамастан, экономиканың құлдырауына жол бермеу, сол арқылы халықтың әл-ахуалын жақсарту керек деген тапсырмасының аймақта орындалып жатқанын атап өтті. «Ең негізгісі — билік халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап жатыр деп айтуға болады. Бұйыртса, 15 күннен кейін жылды аяқтаймыз. Негізгі болжамымыз жаман емес. Экономикалық дағдарыстарға қарамастан, оның ішінде негізгі шығаратын өнімдеріміз — мұнай, металға деген сұраныстың, оларға бағаның төмендеуіне қарамастан, біз өңірде экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Арнайы мемлекеттік органдардан құрылған жұмыс тобы бар. Табыстың көзін іздеп, қосымша жаңа кәсіпорындар, шаруашылықтар, мекемелер ашылды. Солар арқылы мұнай мен металдан жоғалтқан табысымыздың орнын толықтырдық. Қазір біз экономиканың барлық саласында талдау, бақылау жұмысын жүргізіп отырмыз. Биыл өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері былтырғы жылдан төмен болмауы керек. Зейнетақы, жәрдемақы, жалақы жөнінен ешқандай проблема жоқ», — деді Б.Сапарбаев.
Өңір басшысы аймақта халықты жұмыспен қамту шаралары да толығымен жүзеге асырылғанын айтты. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының нәтижесінде аймақта өткен 11 айда қосымша 23 мың жаңа жұмыс орны ашылған. «Облыста жұмыссыздық деңгейі — 4,9 пайыз. Бұл — республикалық көрсеткішпен салыстырғанда төмен», — деді өңір басшысы.
Ақтөбе көшелерінің 40 пайызында жарық, жол жоқ
Аймақ басшысы өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін де сөз етті. Оның айтуынша, 2020 жылға дейін облыс тұрғындарының 96 пайызы көгілдір отынмен қамтылмақ. Сондай-ақ, 2020 жылға дейін аймақта медициналық пункті жоқ бірде-бір елді мекен болмайды. Үш ауысымда оқитын мектептердің де мәселесі шешіледі.
— Біз үшін ең үлкен мәселе — жол. Бұл мәселені шешу өте күрделі. Қазір аудандардың арасында жол жоқ. Одан кейін елді мекендердің арасында жол жоқ. Оған көп қаржы керек. Бірақ біз қарап отырған жоқпыз. Қазір қаланың төңірегіндегі, кейбір округтердегі жолдарды жөндеуге кірістік. Әрине, біз барлық көшені асфальттаймыз деп айта алмаймыз. Оған қазір қаржылай мүмкіндігіміз жоқ. Кейбір көшелерге қиыршық тас төселеді. Дәл осындай жұмыс жарықтандыру жөнінде де болады. Қазір Ақтөбе қаласындағы көшелердің 40 пайызында жарық жоқ. Дәл осындай, көшелердің 40 пайызында асфальт, жол жоқ. Ақтөбе — облыс орталығы. Сондықтан бірінші кезекте біз Ақтөбе қаласындағы жолдарды жөндеуіміз керек. Ауылдық округтердегі жарық мәселесі де қосымша шешілетін болады», — деді аймақ басшысы.
Кездесуде ол Сазды және Қарғалы ауылдық округі тұрғындары үшін ауызсу проблемасы барын, алайда қазір бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтты.
300 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Жиын барысында облыс әкімі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру, иесіз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан шаруалардың жайына тоқталды. Мәлім болғандай, бүгінгі күні облыста игерілмей жатқан 300 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жиында Бердібек Машбекұлы тұрғындарды еңбек етуге, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дәстүрлі емес түрімен айналысуға шақырды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ұсыныстар айтылып, нақты мәселелер көтерілді.
Бір кездері Қурайлы ауылдық округін басқарған Альберт Кофман кеңес заманы тұсында ауылдағы Мәдениет үйін тұрғызуға бір кісідей атсалысыпты. Жергілікті биліктен әкесінің сол еңбегін ескеріп, қайта жаңғыртудан өткен Мәдениет үйіне А.Кофманның атына мемориалдық тақта ілу туралы ұсыныс айтқан қызының бұл бастамасын облыс әкімі қолдап, ауыл әкімі Мақпал Тұрмағамбетоваға бұл істе нақты тапсырма берді.
Сол сияқты, жиында ауыл азаматтары Ақтөбе қаласындағы бірқатар көшелерге Ғұмар Қарашев, Сарышолақ Боранбайұлы, Байқазақ батырдың есімдерін беру турасында да ұсыныс айтты. Бердібек Машбекұлы айтылған ұсынысқа байланысты қала әкімі Ілияс Испановқа тапсырма беріп, бұл мәселені халықтың талқысына салу, жан-жақты зерделеу қажеттігін ескертті.
Кездесу барысында Қурайлы ауылының тұрғыны, кәсіпкер Болатбек Ниязов ауылға имам керек екенін, ол үшін шағын мешіт тұрғызылса деген ойын білдірді. Бұл мәселеге қатысты Бердібек Машбекұлы Болатбекке кәсіпкер ретінде осы істі өзі қолға алса, мешіт тұрғызуда жер бөлуден әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты.
Кездеуде бұдан басқа да бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілді. Қурайлыға жаңа автобустар беру, Қызылжарға жаңа мектеп салу, Жаңақоныс ауылында жайылымдық жерлерді кеңейту, ауылға балабақша қажеттігі де айтылды. Сондай-ақ, тұрғындар мектептерде дінтану сабағының факультативтік емес, нақты пән ретінде жүргізілсе деген ойларын ортаға салды.
Арайлым НҰРБАЕВА.





