Диана — кішкентай әлем аруы!
6 жасар ақтөбелік Диана Елеусізова Оңтүстік Африка Республикасындағы халқының саны жағынан ең үлкен қала Йоханнесбургте өткен «Кішкентай Әлем аруы» байқауында топ жарып, «Әлемнің І ханшайымы» атағын жеңіп алды.
Бүгінде қаламыздағы «Аманат» мектеп-балабақшасының 1-сыныбында оқитын Диана, қазақша айтқанда, «әжесінің баласы». Әжесі Бақытгүл оны 8 айлығында бауырына басыпты. Атасы мен әжесінің еркесі — кішкентайынан еңбекқор. Бұл, әрине, ең әуелі әжесінің тәрбиесі.
Үш жасында би мектебіне барған Диана бұған дейін шығыстық спорт түрі — у-шуға да қатысып үлгерген.
Жазда республикалық «Littlе Miss Kazakhstan-2009» байқауына қатысып, «Сұлулық падишасы» номинациясында үздік шыққан Диана Оңтүстік Африка елінде өткен байқауға күллі қазақ елінің үмітін арқалап барды. Әрине, кішкентай баланы алыс сапарға ешкім де жалғыз жібермесі анық. Әжесі Бақытгүл Исмайлова ере барып, қиын сәтте бүлдіршінінің қолтығынан демеп, жігерлендіріп отырған.
Бақытгүл апайдың айтуынша, байқаудың талабы өте қатал болған. Әсіресе, сайыскерлердің жүріс-тұрысына, киім үлгілеріне ерекше мән беріліпті.
Шашы мен тырнақ күтіміне дейін қазылар алқасының назарынан қағыс қалмаған.
Қабағы қату қазыларға, әсіресе, қазақ қызының киімі ерекше ұнапты. Енді ше, Диана «Алтын адам» киімінде шықса! Бақытгүл Исмайлованың айтуынша, байқауда Диана киген киімдердің эскизін Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, академик Молдақұл Нарымбетов жасаған. Сол эскиз бойынша суретшінің қызы, дизайнер Махаббат, қалған жұмыстарды тиянақтапты. «Алтын адам» деп аталатын киім киізден «тігілген». Сондай-ақ іскер адамға арналған киім де ұлттық ою-өрнекпен безендіріліп, көздің жауын алыпты.
Диана дефилеге қолына Молдақұл Нарымбетов жасап берген домбыраны ала шыққанда жұртшылық шу ете қалыпты. Әрине, бұл кезеңде сайыскердің жүріс-тұрысына, өзін-өзі ұстауына ерекше мән берілетіні мәлім. «Әлемнің ханзадасы мен ханшайымы» байқауының аймақтық директоры Ольга Ким баптаған Диана әлемнің түкпір-түкпіріндегі талай сұлулық байқауына қатысып жүрген марғасқалардың көңілінен шығыпты.
Ал сайысқа қатысқан әрбір бүлдіршін ұлттық сыйлықтар алып шыққан кезеңде Диананың қолындағы киіз үй, қазақша киім киген қуыршақ, түйе және Нарымбетовтің далалық болмысты бейнелейтін бірнеше туындысы өте жоғары балға ие болған.
Байқауға қатысушыларға сұрақ қойылғанда Диананың риясыз жауаптары да жұртшылықтың езуіне еріксіз күлкі ұялатқан көрінеді. Мысалы, «Кумирің кім?» деген сұраққа ол: «Бекболат ағам» деп жауап қатыпты. Бекболат — Диананың үйдегі ағасы. Ал «Байқау несімен ұнады?» деген сұраққа «Әдемілік пен талантты бағалайтын осындай байқау керек-ақ» деп «серьезный» түр көрсеткен бүлдіршінге қазылар алқасы қатты риза болыпты.
Айтпақшы, Диананың әжесі де «байқамай» байқауға қатысып кетіпті. Ол былай болған. Ұйымдастырушылар әр талапкер бүлдіршіннің қасында жүрген аналарын сахна сыртына алдап шақырып алып, бір қатарға тұрғызған да дефилеге шығарып жіберген. Киіп жүрген киімдерімен сахнаға шыққан аналарға да жұртшылық қуана қол соғыпты.
Ақтөбелік ханшайымның осындай әлемдік деңгейдегі байқауда топ жаруында «Әлемнің ханзадасы мен ханшайымы» байқауының аймақтық директоры Ольга Кимнің зор еңбегі бар. Диананы төрт жылдан бері тәрбиелеп жүрген Ольга Владимировна кішкентай шәкіртінің еңбекқорлығына дән риза. «Оның титтей де бос уақыты жоқ. Сабақтан тыс уақытта ол хореография, дефиле, сценография, риторика, таэквондоны меңгеріп, шығыс биіне қатысады, ағылшын тіліне де ден қойып жүр», — дейді Ольга.
«Әлемнің І ханшайымы» атағымен қоса, «Ең үздік костюм», «Ең үздік ұлттық сыйлық», «Ең үздік дефиле» және Ольга Кимге «Ең үздік кәсіби деңгейде даярлаған маман» деген төрт бірдей мақтау қағаз әкелген Диананың жұлдызы жарқырай бергей деп тілейміз!
Айтпақшы, оның Оңтүстік Африкадағы байқауға қатысуы үшін қаржы жинап берген мұнай компанияларына, туысқандары, көршілері мен таныстарына, виза әзірлеуге, аудармашы жалдауға көмектескен «Амир Артур» туристік фирмасына енді Диананың ата-әжесі, әке-шешесі ғана емес күллі ақтөбеліктер алғыс айтары хақ.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.




Құрметті Айнұр Ілиясқызы! Диана туралы осы мақалаңызды біздің журналға да берсеңіз деп өтініш жазып отырмын. «Тұмар» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсынова. Егер хабарласам десеңіз телефонымыз 32-00-62. 8-701-250-97-83
Құрметпен: «Тұмар» журналы бас редакторының орынбасары Оңайгүл Тұржан