Такси қызметіндегілер заңды жұмыс жасауы тиіс

Өткен жұмада Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов құзырлы мекеме басшыларына қалада такси қызметін реттеуді және заңдастыруды тапсырды.
Шаһар басшысының төрағалығымен өткен жиынға жолаушылар мен жүк тасымалдау және жалға алынған орында сауда жүргізушілердің тікелей өкілдері, сондай-ақ, құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары шақырылды.
Жиын барысында қалада такси қызметін атқаратын заңды және жеке тұлғаларды тіркеу бойынша салық заңнамасын түсіндіру, сонымен қатар сауда орнын жалға алушыларға жеке кәсіпкер ретінде міндетті түрде тіркелу мәселесі сөз болды. Бұл орайда салық төлеуші ретінде тіркеліп, жеке такси тасымалдаушылардың қызметін жүргізу тәртібі де жан-жақты түсіндірілді.
Бүгінде қалада жеке такси қызметін атқарып жүргендер Ақтөбе қаласының мемлекеттік кірістер басқармасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Себебі, салық төлемей, еш жерде тіркеусіз тасымалдау қызметімен айналысып жүргендердің бұл әрекеті — заңсыз. Заңды тіркеуге алынған такси қызметі — жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір кепілі.
Қала әкімі такси қызметінде жүрген кәсіпкерлердің назарына қолданыстағы заңнама талаптарының сақталмауына қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 463-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны жөнінде жеткізді. Сонымен қатар ол «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бисенбинге және өзге де құзырлы орган басшыларына 10 күн мерзім ішінде жолаушылар мен жүк тасымалдау таксилерінің қызметін ұйымдастыру, ретке келтіру мен заңдастыру жұмыстарын дереу жүзеге асыруды тапсырды.
— Бүгінгі күні біздің тарапымыздан такси қызметінің, жеке тасымалдаушылар, сондай-ақ, сауда үйлері мен базарларды жалға алушыларды салық және өзге де құзырлы органдарда тіркеу, олардың жұмысын реттеу бағытында орталықтандырылған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша, бүгінгі күні шағын және орта бизнестегілердің тек 173-і ғана жеке тасымалдау қызметімен айналысады. Мұның дені — жеке кәсіпкерлер. Қалада 30-ға жуық такси қызметі бар. Соның үшеуі ғана қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде тіркеуде тұр. Өздеріңіз білесіздер, қазір ақтөбеліктердің көбісі такси қызметін тұтынады. Алайда бұл қызметтің тізгінін ұстағандардың тек үшеуі ғана ресми тіркеуден өткен. Бұл — бос сандырақ. Себебі, аңдап қарасаңыздар, айналамызда жүздеген заңсыз тасымалдаушы жүр. Ресми емес мәлімет бойынша олардың саны 2000-ға жетеді. Заңға сәйкес, салығын төлеп, ресми тіркелген такси қызметімен бәсекелесу — олардың тарапынан әділетсіз. Көлік құралдарымен тасымалдау ісінде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқаларында белгілі бір талаптар бар, — деді қала әкімі Ілияс Испанов.
І.Испанов өз сөзінде базар және сауда үйі басшыларына орынды жалға алушыларды жеке кәсіпкер ретінде міндетті түрде тіркеу бойынша сәйкесінше жұмыстар жүргізуге шақырды.
Жиында Жұлдызбек Бисенбин кәсіпкерлерге такси қызметі үшін қойылатын талаптар төңірегінде айтып, түсіндірді. Оның айтуынша, Заңға сәйкес, жолаушылар тасымалымен айналысатындардың салонында таксометр мен бақылау-кассалық аппарат болуы міндетті. Ережеге сәйкес, такси қызметіндегі көліктер бірыңғай түсте болып, ерекшеленіп тұруы қажет. Талап бойынша, такси қызметіндегі көліктер жүргенге дейін техникалық бақылаудан өтеді. Сол сияқты, такси жүргізушісі де медициналық тексерістен өтуі керек. Сонымен қатар, салонда такси қызметінің бағасы жазылған мәлімет жарнама түрінде болуы міндетті.
Ж.Бисенбин қазір Ақтөбе қаласында такси жүргізушілердің заңсыз 47 тұрағы барын айтты. Ал жиынға қатысушы ресми тіркеудегі такси қызметінің өкілдері мұндай тұрақтың қалада бұдан да көп екенін айтып шуласты.
Бір қызығы, қазір қалалықтарға «Такси-сити» такси қызметінің аты жақсы таныс. Бұл қызметтің кеңсесі «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі ғимаратында орналасқан. Жұлдызбек Бисенбин «Такси-сити» такси қызметіндегілермен бір ғимараттың ішінде бірге отырса да, әлі күнге дейін ресми тіркелмегенін айтады. Қазір ақтөбеліктер бұл қызметті «InDriver» секілді электронды түрде де тұтынады. Жиналысқа қатысушылар тарапынан «Такси-сити» қызметіне қатысты шағымдар айтылды. Олар мұны такси қызметі емес, диспетчерлік қызмет түрінде бағалады.
Бұл мәселеге қатысты қала басшысы жергілікті полиция қызметі мен мемлекеттік кірістер басқармасындағылар бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды.
Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Совет Жақыпов бұл бағытта жергілікті полиция қызметімен бірлескен жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. «Биыл қараша айында заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысқан 14 адамның ісі белгілі болды. Бұдан әрі олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Сондай-ақ, жүк тасымалымен айналысқан 3 адамның әрекетін анықтадық. Оларға әкімшілік жаза қолдану үшін іс сотқа жөнелтілді», — деді ол.
Мемлекеттік кіріс басқармасындағылар аудандардан келетін такси жүргізушілердің «арнайы» тұрағын анықтапты. Оның саны — 12. Бүгінде көліктердің де тізімі белгіленген. Алайда аудан мен облыс орталығына қатынайтын такси қызметіндегілерге арнайы шара қабылдау үшін басқарма тарапынан тиісті органдарға хат жолданыпты. С.Жақыповтың айтуынша, басқарма тарапынан жыл бойы 173 заңсыз такси жүргізушілер анықталған.
Алайда қала басшысы С.Жақыповтың заңсыз такси қызметіндегілер туралы берген бұл мәліметіне қанағаттанған жоқ. Сол себепті бұл мәселені жан-жақты шешу үшін басқармадағыларға бір айға жуық уақыт берілді.
Жиында бұл бағытта жұмыстың нақты қорытындысына жету үшін қалалық әкімдікпен бірлескен жұмыс тобы құрылғаны белгілі болды. Оның құрамына уәкілетті мемлекеттік мекемелер, яғни мемлекеттік кірістер басқармасы, қалалық кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, жергілікті полиция қызметі, сондай-ақ, облыстық көліктік бақылау, байланыс және ақпараттандыру инспекциясының өкілдері кірген. Жұмыс тобының мүшелері іс-әрекеттің бұл түрін заңға сәйкес реттеп, қалыпқа келтіруді қамтамасыз етпек.
Арайлым НҰРБАЕВА.




