Жаңалықтар

Еуропа қайта құру және даму банкі жыл басынан бері 25 компанияға көмек көрсеткен

Журналистерге Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауына ие болған бірнеше кәсіпкерлік нысандарының жұмысы таныстырылды. Жыл басталғалы аталған банк облыстағы 25 компанияға көмек көрсеткен.

Еуропа қайта құру және даму банкі негізінен кәсіпкерлерге ақпараттық жүйелерін жетілдіруге атсалысып, заңгерлік, технологиялық, қаржылық жағынан кеңес беруге күш салып келе жатыр. Банктің Ақтөбедегі филиалының қызметкері Айбек Оразбаевтың айтуынша, компанияларды іріктеп аларда әуелі олардың қызметінің «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына қаншалықты сәйкес келетініне және тұтынушылардың сұранысында бар-жоқтығына баса көңіл аударылады. Айтпақшы, банкті қаржыландырушы, яғни олардың бұл істі қолға алуына Үкіметтің өзі сеп болғанын айта кету керек.

— Еуропа қайта құру және даму банкі 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін банк мемлекеттің демеуімен көптеген компанияларға жәрдем берді. Айталық, жыл басынан бері Ақтөбедегі 25 кәсіпкерлік нысанына қолдау көрсетілді. Бірақ бұл ұсыныс білдіргендердің барлығына қол ұшын соза береміз деген сөз емес. Грантқа ие болу үшін компания жұршылыққа қызмет көрсетуі тиіс, болмаса білім беру, медицина, жалпы өндіріс саласында еңбек етуі керек. Ең бастысы, олардың жұмысы халыққа пайдалы болуы қажет, — дейді Айбек Оразбаев.

2002 жылы ашылған «Отбасы дәрігері» емханасы — банктің шапағатына іліккендердің қатарына кіреді. Аты айтып тұрғандай, ақтөбеліктерге медициналық тұрғыда қызмет көрсететін жекеменшік компанияның директоры Людмила Покотилоның айтуынша, банк бөлген қаражаттың арқасында емхананың жұмысын одан сайын жақсарту үшін арнаулы медициналық ақпараттық жүйе жасақталған. Іштегі жұмыстың көп бөлігі автоматтандырылған. Бұл дәрігерлерге де, науқастарға да тиімді. Сондай-ақ, бағдарлама аясында емхананың дербес һәм заманауи сайты іске қосылған. Бұның бәрі, Людмила Покотилоның сөзінше, баршаға тек оңды әсер еткен.

— Басқасын былай қойғанда, қағазбастылық деген нәрседен құтылдық. Енді қызметкерлерім медициналық анықтаманы толтыру үшін көп уақытын арнамайды,  бәрі компьютермен басқарылады. Жалпы, банктің көмегімен құжаттар электрондық нұсқаға көшірілді. Бұған, әсіресе, емделушілер дән риза. Өйткені бір анықтаманы алу үшін бұрынғыдай сабылып жүрмейді, ғаламтордағы сайтымызға кіре қойса жеткілікті, — дейді ол.

«Азайа» компаниясы да бағдарламаның шарапатын көріп, ақпараттық жүйесін кешенді түрде жасақтап алған. 2004 жылы құрылған компания төсек орындарды, арнаулы киімдерді әзірлеумен, жалпы тігін жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі таңда Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын елдерге тауарларын тасымалдайтын серіктестік соңғы жылдары мектеп формасын тігуге ерекше ден қойған. Тиісінше жұмыс ауқымы кеңейген компания ғаламтордағы сауданы да жолға қоюға, маркетингті одан әрі дамытуға уақыт жеткенін түсініп, жоғарыда аталған банк мамандарына жолыққан. Нәтижесінде кәсіпкерлік нысанының ақпараттық жүйелері жаңартылып, сайтының жұмысы жанданған. Компания директоры Айнұр Бақтығалиева өз сөзінде жаңашылдықтардың жемісін енді көретінін, бәрінің бір қалыпқа түсіп келе жатқанын айтады.

Ал осыдан 25 жыл бұрын ашылған «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС мамандардың арқасында жаңа сауда маркасын енгізген. Соның әсерінен олардың нарықтағы абыройы өсіп, сауда айналымы да күшейген. Еліміздің жоғары технологиялы диірмен кешені атану жолында жұмысшылардың қажырлы еңбегі, талмай ізденуі және халықтың сенімі зор рөл атқарғанын айтқан комбинаттағылар материалдық-техникалық базасы туралы БАҚ өкілдеріне әңгімелегенде ұн зауыты тәулігіне 250 тонна өнім өндіретін швейцарлық «Buhler» мен итальяндық «Ocrim» фирмаларының құрал-жабдығымен жұмыс істейтінін, өнімділік қуаты тәулігіне 550 тоннаны құрайтынын білдірді. Сонымен қатар, автоматтандырылған техникалармен теміржол вагондарына күніне 300 тонна дайын өнімді тиеу мүмкіндігі бар компания басшылығы бұның барлығы Тәуелсіздіктің шарапаты екенін атап өтті. Қазіргі таңда зауыт өнімдері Қазақстанды айтпағанда, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, т.б. елдерге тасымалданады. Сондай-ақ, Иран, Қытай мемлекеттерімен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Айта кетейік, Еуропа қайта құру және даму банкінен еліміздегі кәсіпкерлер үшін 2019 жылға дейін 22 миллион еуро бөлініп отыр.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button