Тарих

Бөкенбай батырды тонау немесе тарихымызды түгендегенде, жеткен жеріміз осы ма?

Тарихқа қиянат жасамайық

Тәуелсіздіктің таңы атқалы бері тарихымыздың кеңес үкіметі құрған темір торы сетінеп, архивтің түкпірінде жатқан «ақтаңдақтар» аршылып, ұлы тұлғаларымызға қатысты ақиқаттар айқындалып жатыр. Біле-білсек, бұл — ұлттың бақыты, өзіміздің өршіл рухты, намысты, қайсар халықтың ұрпағы екенімізді сезіну бақыты, тарих қалтарысында қалған талай ерлердің рухы алдындағы парызымыздың өтелу бақыты.

«Қазақ — жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы халық» деп ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов айтқандай, жоғалтқанымызды түгендеуге, айырылғанымызды қайтаруға, ұмытқанымызды оралтуға берілген мүмкіндік. Бірақ, ол әркімнің өз бетімен тарихи тұлғалар мен оқиғаларға қатысты пікір айтуына және ол пікірін «айттым бітті, кестім үзілді» ниетпен түйіндеуге берілген мүмкіндік емес.

Наполеон Бонапарттан: «Тарихты жасайтындар кімдер, бұрмалайтындар кімдер», — деп сұрағанда, ұлы қолбасшы: «Тарихты жасайтын біздер, бұрмалайтын тарихшылар», — депті. Осы пікірдің жаны бар, өйткені «біздің елден (рудан деп түсінген жөн) мынадай батыр шыққан, осындай би шыққан» деген сарындағы мақалалар баспасөз беттерінде көрініп қалып жүр. Ғасырлар бойы атының терлігі кеппей, білегінен найзасы түспей, анталаған жаумен арпалысып, ел ішіндегі дау-тартыспен өткізген халықта батыр да, би де неге аз болсын!? Ғасырларға созылған жортуылдар жекелеген ерлерді ғана емес, тұтас ұлтты батыр халыққа айналдырып жіберген жоқ па?! Солардың ішіндегі дұшпанның қалың қолына қаймықпастан қарсы шапқан батыр бабаларымыздың есімдерін тірілте алмау – ұрпақтарының ар-намысына дақ, беттеріне шіркеу екені хақ. Алайда, мұндай істе бір тұлғаның есімін жаңғыртамын деп, екінші бір тұлғаның есіміне көлеңке түсіріп алмау жағын ойлансақ керек-ті. «Қиянаттың ең ауыры — қағаздағы өтірік» (Ғ.Мұстафин) екенін естен шығармаған жөн-ау.

Бізді қолымызға қалам алуға мәжбүрлеген —«Ақтөбе» газетінің үстіміздегі жылғы 4 мамыр күнгі санында жарияланған «Бөгенбай шоқысы» деген мақала. Авторлар Ырғыз ауданы аумағындағы «Бөкенбай шоқысын» қабақ Бөгенбай батырға телиді. «…Біздің көнекөз, шежірелі қарттарымыз ол шоқыны «Бөгенбай шоқысы» деумен кетті. Анығы да солай. Бұған талас болуы мүмкін емес» деп кесіп айтады. Осы жолдарды оқығанда, халқымыздың «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген сөзі оралды ойымызға. Өз пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеу үшін… «қазақтың бұрынғы өмір тарихының өзегі – халық аузындағы әңгімелер» екендігін алға тартады. Бірақ, жылдар, тіпті ғасырлар өте ел аузындағы әңгімелер біреуден біреуге тарап, айтушының қиялымен «көркемделетінін», жаңа эпизодтар қосылатынын да ұмытпайық. Сондай айтушылар тарапынан есімдері ұқсас адамдардың атындағы атаулардың өзгеріп шыға келуі де әбден мүмкін. Бұған халық ауыз әдебиетіндегі батырлық және лиро-эпостық жырлардың көпшілігінің бірнеше нұсқалары бар екені және олардағы оқиғалардың өзгеріп отыратыны нақты дәлел.

Бабадан атаға, атадан балаға жеткен деректе, яғни елдің ұғымында ол шоқы — «Табын Бөкенбай батырдың шоқысы». Шашылып түскен моншақтай тоқсанға тарта көлі, сарқырап аққан төрт өзені бар сулы, нулы Ырғыз өңірі ерте заманнан хан ордасын, қарашы қосын тіккен құтты қоныс болған. Қол бастаған жаужүрек батыр ғана емес, жарқ-жұрқ еткен отты сөздеріне қалың елі қайтсыз тоқтаған би, ел тағдыры шешілер сәтте кесімді сөз айтқан көсем болған Бөкенбай Қараұлының 75 жылдық ғұмырының біраз кезеңі осы Ырғыз өңірінде өткені архив деректерінде сақталып қалған. Архив деректері ауызекі әңгіме емес екені белгілі.

1710 жылы Қарақұмда (Ырғыздың іргесінен басталып Арал мен Қазалы өңірлеріне дейін созылып жатқан жота-жота құмдар) қазақтың алғашқы Құрылтай жиыны өткен. Сол жиында біреулер жоңғарларға бас иіп бағынуды, екіншілері Еділге қарай қашуды жөн  көргенде, «Ауылдарымыздың күл болып, қыздарымыздың  күң болғанына қалай төземіз? Қоян секілді қашқанша, шайқаста өлген артық! Мініңдер атқа, еріңдер соңымнан…» — деп,  еңсесі түскен жұртшылықты дүр сілкінткен Бөкенбай болғаны тарихшылардың да, кемеңгер жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың да еңбектерінде жазылған. Ал қазақ жерін көп зерттеген орыс офицері Я.П.Гавердовскийдің «Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я), или Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов» атты еңбегінде  бұл оқиға жан-жақты айтылады. Сондай-ақ, 1731 жылы Ырғыздағы Майтөбе деген жерде Кіші жүз  қазақтарының Ресей империясына қосылуы туралы келісімге (биыл бұл оқиғаға 285 жыл) қол қоюда да басты рольде Әбілқайыр хан емес, Бөкенбай батыр болғанын орыстың бірнеше тарихшылары мен саяхатшылары жазып қалдырған.

Әбілқайыр хан ордасының Ырғызда болғаны, ал Бөкенбайдың ханның ең сенімді серігі екені, екеуінің бірін-бірі толықтыратын жақсы қарым-қатынасы жайлы орыс тарихшылары П.Рычковтың, А.Левшиннің, Л.Мейердің, И.Маевтың, ағылшынның саяхатшы-суретшісі Д.Кэстльдің жазып қалдырғанын ескерсек, Ырғыз өңіріндегі Майтөбе мен «Бөкенбай шоқысының» осы екі тұлғаға тікелей қатысты екеніне дауласудың өзі әбестік.

Жалпы ұлттық тарихымызда Бөкенбай, Бөгенбай есімді батырлар бірнешеу. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында үш Бөкенбай, екі Бөгенбай, бір Бөгембай аталады: олар — Бөкенбай Бозқозұлы, Бөкенбай Мергенұлы, Бөкенбай Қараұлы (Табын Бөкенбай), Бөгенбай Маянбайұлы, Бөгенбай Қожекеұлы және Қанжығалы Бөгенбай (Бөгембай делінген) Ақшаұлы. Бұлар — дұшпанын найзасының ұшына ілген көзсіз ерліктері аңызға айналып, есімдері ұмытылмай бүгінге жеткен нағыз қаһарман баһадүрлер. Осылардың ішіндегі Табын Бөкенбай — Аңырақай шайқасындағы Кіші жүз әскерлерінің қолбасшысы, Қазақ-Ресей мемлекетаралық келісімшарттарының бітімші-үйлестірушісі, Әбілқайырдың бас кеңесшісі, яғни ұлттық батыр ғана емес, мемлекет қайраткері. Өкініштісі, Табын Бөкенбай батырдың халқымыздың тағдыры сын үстінде тұрған «тар жол, тайғақ кешу» кезеңдегі ерлігі мен еңбегін өзге батырларға телу үрдісі қалыптасып, осы тұрғыдан кеткен қателіктер әлі күнге дейін түзетілген жоқ. Басқасын айтпағанда «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында Қанжығалы Бөгембай батыр 1710 жылғы Қарақұмдағы жиында «жан сақтауды ұстанғандардың әрекеттерін тыйып», үш жүздің бас сардары болып сайланғаны айтылады. Осылайша халқына жасаған қызметі өзгеге телініп кеткен Табын Бөкенбай батыр күні бүгінге дейін қазақ тарихындағы өзінің лайықты орнын ала алмай келеді. Бұл туралы тарихшылар З.Байдосов, Ә.Мұқтар, Т.Қаратаев, Н.Жетпісбайдың еңбектерінде жан-жақты айтылады. Әрине, бұл басқа әңгіменің тақырыбы, дегенмен Табын Бөкенбайды өз биігіне көтере алмай отырып, оның орнына ешбір негізсіз, айғақ-дәлелсіз бабаларын тықпалау кімге керек? Төбелерді көтереміз деп жүріп, асқақ тауымызды өз қолымызбен аласартатынымызды неге ойламаймыз? Ақтөбе аймағындағы «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай», «Бөкенбай асуы», «Бөкенбай жазығы» деген атаулардың қатарында, халықтың қалауымен Бөкенбай батырдың ескерткіші сынды болып кеткен «Бөкенбай шоқысын» өз атасына «тартып әперу» — тоқсан толғаулы тарихымызға қиянат әрі ұрпаққа өнеге емес, өзімбілермендіктің өрескел үлгісі.

Қазақ халқының ғасырлар бойы сыртқы жауларға қарсы жүргізген шайқастарының архивтік деректерінде Қабақ Бөгенбайдың есімі ұшыраспауы қалай? «Ақтөбе» газетіндегі мақалада авторлар негізге алып отырған «Қазақстан табиғаты» деген энциклопедияда дерек қайдан, кімнен алынғаны неге көрсетілмеген, «… сан қайтара тексеріп, талқылап, екшеуден өткен ғылыми тұжырымды» жасаған ғалымдар кімдер? Бұл сұрақтарға энциклопедияда жауап жоқ. Кітаптың соңында берілген пайдаланылған басылымдар тізімінде Ақтөбе өңірінің тарихи ескерткіштері туралы мәлімет бере алатындары — Қазақ Совет Энциклопедиясы, Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы және «Ақтөбе» энциклопедиясы ғана. Тәуелсіз еліміздің бас ғылыми-танымдық басылымы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында (2-том, 1999 ж.) Бөкенбай Қараұлы туралы анықтамада: «Қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы қыраттың бірін халық Бөкенбайдың құрметіне «Бөкенбай шоқысы» деп атап кеткен» деп көрсетілген. Авторы — белгілі ғалым И.Ерофеева. Ал жоғарыда аталған басқа басылымдардың ешқайсысында «Бөкенбай шоқысы» туралы дерек жоқ. Сонда аталған кітаптарға сүйеніп отырған авторлар «Шектінің батыры Бөгенбай» туралы деректі қайдан алған деген заңды сұрақ туады? Жалпы, қазіргі шығарылып жатқан «энциклопедия» деген анықтамасы бар басылымдарда бір жүйе жоқ екендігін айтуымыз керек. Мәселен, 2006 жылы Алматыдағы «Аруна» баспасынан шыққан «Жеріңнің аты — еліңнің хаты» атты энциклопедиялық анықтамалықта «Бөгенбай – тау. …Ру атынан қойылған атау» деп анықтама беріпті. Мұндайда қазақ «өтірігіңе береке берсін» дейді. (Бір қызығы, кейбір ғалымдардың есімдері бір мәселе туралы әртүрлі жазатын энциклопедиялардың барлығында жүреді).

Авторлар: «Бір айғақ — 1942 жылы жасалған Ақтөбе облысының физикалық картасы. Сол картада Ырғыз ауданындағы бұл орын «Бугумбай» шоқысы деп жазылған» дейді. Дұрыс-ақ. Қазақ-орыс қатынастары жалғасып келе жатқан бірнеше ғасырда орыстардың қазақтың атын қазақша жазғанын көрген кім бар? Жоғарыда айтып өткеніміздей біз өзіміз Бөкенбай, Бөгенбай, Бөкембай, Бөгембай деп сан құбылтып жазып, батырларымыздың аттарын шатастырып жүргенде, тілімізге жаны ашымайтын өзгелерден не сұрайсыз? Ырғыз жерінде болған Я.П.Гавердовскийдің біз атап өткен «Обозрениесінде» батыр есімі бірнеше жерде айтылады және барлығында да «Буканбай» деп келеді. Ол 1803-1804 жылдары, яғни Бөкенбай батыр қаза тапқаннан кейін 60 жыл өткен кезде, жергілікті қазақтардың (ол кезде Бөкенбай батырдың немересі, Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы күрескен Жоламан Тіленшіұлының көзі тірі болатын) өз ауыздарынан жазып алған. Я.П.Гавердовскийдің еңбектерін құрастырушы әйгілі ғалым Ирина Ерофеева кітап соңында жазбалардағы кісі есімдері мен атауларға берген түсіндірмесінде «Букенбай (Буканбай) Караулы (последняя треть ХVІІ в. – 1741/1742) – казахский батыр, полководец, один из организаторов всенародного сопротивления казахов агрессии Джунгарского ханства. Происходил из рода табын поколения жетыру Младшего жуза…» деп атап көрсетеді. Бұл қағазға қатталып қалған дерек — 1710 жылғы Қарақұм құрылтайындағы және Ырғыз жеріндегі шоқыға аты берілген «Буканбайдың» кім екендігіне бірден-бір дәлел.

Әрине, жылдардан жылдарға, ғасырлардан ғасырларға созылып, бейбіт жұртты батыр елге айналдырған шайқастар ұлт батырларын да, сондай-ақ әр рудың, аймақтың өз батырларын да шығарғаны сөзсіз. Сондай тұлғалар туралы ауызекі әңгімелерді ғылыми деректермен негіздеп, есімдерін жаңғырту, ерліктерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету — ғалымдардың, тарихшы-өлкетанушылардың парызы болуы тиіс. Авторлар осы мақалада орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің сөзін эпиграф етіп алған екен. Сол аса құрметті Пушкиннің мынадай да сөзі бар: «Естіліктің тағылықтан айырмашылығы — өткенге құрметпен қарай білуінде». Демек, ол батырларды бірін ұлттікі, екіншісін рудікі демей, бірдей көру, рухтарына құрмет көрсету — азаматтық іс. Біз де Қабақ Бөгенбай атамыздың батыр болғандығына күмән келтіру пиғылында емеспіз. Тек бір тұлғаны асқақтату үшін, ұлт ұғымында сол заманнан бері ұлы перзенттерінің бірі ретінде қалыптасқан тұлға есіміне қиянат жасалмаса екен дегіміз келеді. Заманымыздың заңғар ақыны Олжас Сүлейменов айтқандай: «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық».

Әркім білгенін істей бере ме?

 Жақында Ырғыз жеріндегі Бөкенбай шоқысының жанынан өтіп жатқан Ырғыз-Шалқар жолының бойында ескерткіш белгі пайда болғанының куәсі болдық. Сол кезде «Ақтөбе» газетіндегі мақала есімізге түсті. Онда авторлар «Бөгенбай атамыздың тікелей ұрпақтарының бірі Рахметулла Мүсіркегенов деген азамат атасының басына белгі қоюды парызым деп жүр. Міне, бұлтартпас нақты дәлелі табылды. Сөзін ұстаса, нұр үстіне нұр болар еді. Кейінгі балаға үлгі болар еді» деп жазған еді. Бұл «бабаларын ұлық тұтқан адамдардың өз пікірлері болар, қазір кім не демей жатыр» деген оймен, мән де бермеген едік. Сөйтсек «бұлтартпас нақты дәлел тапқан» кісілер дереу іске кірісіп, шоқы басына белгі қойып тастапты. Қош. «Атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге» деген тоғышарлардың тірлігін естіп едік, әйгілі батырдың атымен аталған шоқыны тапа-тал түсте иемденіп алған адамдарды кім дерімізді білмей отырмыз?

Төбе етегіне қойылған белгіде қара мәрмәрға «Бөгенбай …осы шоқыда жерленген» деп жазылыпты. Белгісіз біреулердің бұлай сенімді түрде жазуларына және белгі орнатуларына қандай негіз бар, оған кім құқық берді? Осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі, қазіргі Сенат депутаты Елеусін Сағындықовтың Ырғыз жеріне келген бір сапарында бір азамат Ырғызда Әбілқайыр ханға кесене орнату жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Сонда Елеусін Наурызбайұлы Қобда жерінде Қарақыпшақ Қобыландының кесенесін салған кезде, батырдың сол жерде жатқанын дәлелдеу үшін көп жылдар кеткенін, Қобыланды батырдың мүрдесін нақты анықтау мақсатында, сүйегі бірнеше зерттеуден өткізілгенін айтып еді. Сол секілді Әбілқайыр ханның да жатқан жерін анықтау үшін көп жұмыс жүргізу қажеттігін, ғылыми дәйекпен негіздемесе өзге жұрттың күлкісіне қалатынымызды айтқан. Шынында, белгілі бір тұлғаның сүйегі сол жерде жатқанын ғылыми түрде дәлелдемей тұрып, үзілді-кесілді байлам жасау ғылым шырқап дамыған бүгінгі жиырма бірінші ғасыр тұрғысынан қарасақ, жұмсартып айтқанда, дүмше кісінің ісі секілді.

Авторлар «қазіргі күні Табын Бөкенбайдың бейіті Байғанин ауданындағы Жарқамыста екені анықталып, белгі қойылды» депті. Белгі қойылғаны рас, бірақ батырдың сүйегі екенін дәлелдеген ешкім жоқ. Табын Бөкенбайдың мүрдесі Ырғыздағы Бөкенбай шоқысында жатқанын айтушылар да аз емес. Батырды түрікпендермен шайқаста қаза тапты деген дерек бар болғанымен, тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар оны 1741-42 жылдары Кіші жүзде болған ағылшын көпесі Гоктың жазбасы және мұрағат деректері жоққа шығаратынын айтады. Профессордың «Бөкенбай батыр денесі Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Шалқар жол қатынасы бойындағы биік шоқыда жерленген. Кейін ол «Бөкенбай шоқысы» аталып кетті» деген тұжырымы шындыққа жақын. Бұл әлі түпкілікті зерттеліп, нүктесі қойылған әңгіме емес. Сондықтан да ырғыздықтар шоқы басына белгі қоюға асықпай келген. Сөйтсек, өз жәдігерімізге өзіміз ие болмасақ, иемденіп кетер жұрт көп екен. Біз осыны түсіндік.

Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап жатқан қазақ елі өзін құқықтық мемлекет ретінде орнықтырып келеді. Қай салада да заңның даусыз үстемдігі жүруі тиіс. Бұл — баршаға ортақ талап. Ендеше қандай да бір жерге, әсіресе тарихи орынға белгі қою үшін, тиісті заңдылықтар шеңберінде рұқсат алу қажет емес пе? Әрқайсысымыз бір-бір тауды немесе төбені иеленіп, атамызға белгі орната берсек түбі жақсылыққа апармасы анық. Біз осы мәселеге жауапты мекемелерге хабарласқанымызда, ешкімнен де белгі қою жөнінде өтініш түспегенін білдік. Тіпті телефон арқылы хабарласуды да қажет деп таппапты. Өздері бір жерде аталарына ас беріпті де, Ырғызға белгіні қойып, келген іздерімен қайтып кетіпті… Біздің ойымызша, құзырлы органдар, оның ішінде заң орындары арқылы шоқы етегіндегі белгіні алдыртып тастаудың шараларын алу қажет. Әйтпесе біреулер бара-бара шоқыны айналдыра қоршап алып, бұл біздің рудың қорымы деуден де тайынбауы мүмкін немесе «жаман әдет жұққыш келеді» дегендей, тағы да «бабаларының жатқан жерлерін тапқан зерттеушілердің» көбеюі ғажап емес.

Түптеп келгенде мәселе елдің, ұлттың ортақ жәдігерін құрметтемеуде, сол арқылы тарихты аяққа таптауда болып тұр. Ұлт тарихында ерекше орны бар тұлғалар — Әбілқайыр мен Бөкенбайға қатысты жер-су атауларына немқұрайлы қарауға, оларды кім көрінгеннің өз бетімен өзгертуіне жол беруге бола ма? «Батыс Европа — Батыс Қытай» халықаралық тасжолының келешекте Астананы еліміздің батысымен жалғайтын күре жолмен түйісетін тұсына жақын орналасқан шоқының атауында тұтас дәуірдің тарихы жасырынып жатыр. Ертең осы жолдармен әрлі-берлі ағылған жұртқа біздің елдігімізді әйгілейтін аз дүниеміздің бірі де сол болмақ. Ал біз… ірілігімізді ұсақ тірлікке айырбастап әлекпіз.

 Нұрқасым СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Рахымжан ӨТЕМІС,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мейірхан ӘТТИЕВ,

өлкетанушы.

 

Басқа жаңалықтар

7 Comments

    1. Бос сөзі көп мақала, баяғы советтік әдіспен жазылған. Гавердовский дер кезінде 60 жылдан соң жазып еді деп өзеурейді, Бөкенбайдың өлімінен кейін 10 күннің ішінде жазылған ресми дерекке қарамайды. Авторлар Бөкенбайдың әр қадамын аңдып отырған патша өкіметінің ресми дерегін біле тұра өзеурейді. Түрікмен жерінде өлген Бөкенбайды өз аулының үстүнен алып өтіп, туу жер түбіндегі шоқыға апарып жерлеуге ешбір қисын жоқ. Ол шоқыда арғы атасы жатса, Қожа Ахмет Яссауй жерленген болса, немесе Ақсақ Темір мазары тұрса ойлар ек «ие, аулынан аттап өтуінің реті бар екен ғой» деп. Қисынсыз, қоқан-лоқыға толы мақала газеттің абыройын түсірсе керек.

  1. Таласқа түскен Шекті Бөгенбай шоқысы

    «Ақтөбе» газетінде жарияланаған (28.10.2016) «Бөкенбай батырды тонау немесе тарихымызды түгендегенде, жеткен жеріміз осы ма?» атты даулы мақаламен таныстық. Пікір өзегі – «Бөкенбай шоқысы» аталып жүрген жер екен. Соны біреулер иемденіп алыпты атамдікі деп. Авторлар оның олай емес екеніне шыр-пыр болады. Ресей империясының отарлау мақсатындағы тапсырмасы негізінде жүргізген «Обозрение киргиз-кайсакской степи» аталатын тыңшы Я. П. Гавердовскийдің екі бөлімнен тұратын жолсапар-күнделігінен дәлелдер ұсыныпты. Бұл еңбек қолымызда бар еді, жақсы таныс ек…
    Фашистік-коммунистік қызыл империя құлаған соң, қазақ тарихын түгелдеуге көшті. Рухты биіктетер, тәрбиесі мол, ғибратты іс бұл. Әйтсе де мұнымен қатар жағымсыз әрекеттер де бой көрсетіп қалуда. Қаратай Биғожин деген санасы төмен ойсыз сайда саны, құмда ізі жоқ біреуді «сері» қылып, сонысын күллі фольклорлық мұраларымыздың авторы етіп, қолдан зор жасамақ та болды… Тасадағы қоштаушыларының қолдауымен ала тайдай бүлдірмегені жоқ. Пікір өзегі – тархан Табын Бөкенбай батырды тарихтан мүлдем өшіріп, елді шатастыру ниетімен, өз аулынан бірнеше «Бөкенбай батырды» да ойлап шығарды. Қайсыбір дүмшелер мұны әлі шын көреді… XVII – XVIII ғасырлар аралығында ғұмыр кешіп, есімі тек қазақ халқына ғана емес, Ресей империясы мен Орта Азияға мәлім болған батыр һәм тархан Бөкенбай – біреу ғана! Қалғаны – ойдан құрастырылған арсыз өтіріктер!
    Осындай жағдайларға қанық болғансын жанұшырған ағайынның уәждеріне тілеулес ниетпен қарадық. Әлгі орыстың еңбегіне қайта шұқшидық. Бірнеше қайыра оқыдық. Бүй дейді жаңағы Я. П. Гавердовский 1803 жылы тамыздың 22-сінде таңбалаған дерегінде: «В праве, верстах в 30 от сего стана, видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилующей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоты именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье (астын сыздық. – Б.К.), а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о приближении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и, будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» (Қараңыз: Обозрение Киргиз-кайсакской степи (часть 1-я), стр. 23 // Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов, стр. 44).
    Бұл жолы ойланып қалдық. Бұрын үстірт оқып, мән бермеген екенбіз, Гавердовский «Буканбай бий киргизский…» депті. Даңқы Ресейге мәлім тархан Табын Бөкенбай батырды бір шағын ауылдың биі дәрежесіне теңемеуі тиіс еді! Мәлімет берушілер жолбастаушы Әлімнің рубасылары – Қаракөбек, оның жиені Боранбай дегендер. Тыңшы-саяхатшы мынадай да ақпарат таңбалап кеткен солардың бірі жайлы: «Бий Каракубек – главный старшина дюрткаринского рода, тархан, почитаемый в целой орде; он был уважаем и на линии, но за несколько лет пред сим по причине слабого его управления за родом, замешавшимся в грабежах, он стал от границы удаляться». Қалай болғанда да деректер осы адамдардың баяндауымен түзілген. Шоқыға қатысты өткен оқиғаға бізден гөрі олар жақын бір табан. Сондықтан алты алашқа аты мәлім батырды шағын ауылдың биі деп қателесуі еш мүмкін емес. Жолбастаушы жергілікті ақсақалдар бұл биікті жаудан малдарын қорғау үшін қарауыл төбе ретінде пайдаланғанын айтқан, соны Гавердовский қаз-қалпында қағазға түсірген. Жазбаға мұқият көз жүгіртейікші тағы бір…
    Бөкенбай батыр Әбілқайыр ханның оң қолы, ақылдасатын бірден-бір кеңесшісі, қолдаушысы болғаны тарихта тайға таңба басқандай мөрленген. Алайда оны үнемі хан иемнің қасында болды деу де қисынсыз. Бұны мына: «…Тевкелев өзінің басына күн туғанда Әбілқайыр ханнан: « Бөкенбай қайда? Оны қанша күнде әкелуге болады?» деп сұрағанда, ол: «Қос атпен күні-түні жүргенде он күн кетеді», – деп жауап берген», – деген архивтік деректер айғақтайды (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 362-бет). Шынында да жан-жақтан жау қамалап тұрған шақта атасы бір, туған жұрты Табындардан жырақ жүрмесе керек-ті ол. Осы мәліметтер-ақ Ырғыздың оңтүстік-батысындағы шоқыда Табын Бөкенбай батырдың жерленгеніне шүбә келтіреді. Бұл жайттарды негізге алып, Гавердовскийдің атап отырған «Буканбайын» (дұрысы Бөгенбай. – Б.К.) Бөкенбай батыр деп қабылдаудың еш жөні жоқ деген ой түйдік. Арыстандай айбатты баһадүрдің тек малы үшін қиын кезде Доңызтау мен Жем бойындағы ағайындарын есінен шығарып, сонау Ырғыздың бір шоқысын айналсоқтап жүргенде Әлім-Шөменнің ортасында барымташылар қолынан өлуі де сенімсіз ғой! Тархан атына лайық емес тіпті. Сондықтан барымтада өліп, шоқыға жерленген Қабақтың Бөгенбай деген шалы дейміз біз!
    Шынында да тархан Бөкенбай батыр ғана емес, басына дәулет қонған кісі де екен. Бұған куәлік берейік. Мұнан он шақты жыл бұрын Табын руының жетпісті алқымдаған Мақсат, тоқсан жастағы Айнағұл есімді қарттары көнекөздерден жеткен мына әңгімені: «…Бөкенбайдың қысқы жайлауы Доңызтау да, жазғы жайлауы Жем өзенінің бойы, соған құятын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай», «Ащылы Бөкенбай» деген Жем салалары. Батырдың он мың жылқысы болған. Олар сәскеде қатар тұрып, осы үш саладан су ішкенде, олардың ағысы тоқтап қалады екен…» – деп баяндап беріпті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 44-бет). Айтпағымыз, тархан Бөкенбай батыр көп салалы, суы мол, шөбі шүйгін, балығы тулаған Жемнің бойын тастап, осынша мыңғырған малын Әлім-Шөменнің шоқысына әкеп бағуы адам нанар жайт емес. Әлім-Қабақ Бөгенбай десе сенуге болар еді…
    Қолдағы мағұлматтарды сараптай отырып, көз жеткізгеніміз Гавердовскийдің деректері қате пайымдалып, жаңсақ тұжырым «шындыққа» айналған. Қалай десек те ақиқатқа иілген жөн… Жә, жақсы, бұл – Бөкенбай батыр өлген соң 60 жылдан кейін жазылған дерек қой. Бұдан басқа тарихи мәліметтерді сүзейік енді.
    Қалың Табынның арасында аталары баһадүр Бөкенбай жайлы ел әңгімелерінің, нақты деректердің сақталмауы мүмкін емес. Оларды аулада туған қысыр сөзге балап жоққа шығару және әбестік!
    Профессор З. Байдосов құймақұлақ жандардың бірінің аузынан жазып алған Табын Бөкенбай батыр туралы жырдың мына тұсында:
    «Арыстандай айбатты,
    Жолбарыстай қайратты,
    Бөкенбай сынды батырым,
    Алты мүшел толтырып,
    Қалың да жәуміт ішінде,
    Қапыда қаза болған-ды», – делініпті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С. Т. Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 43-44 беттер).
    Сонда Бөкенбай батыр шоқыдағы ауылға шабуыл жасаған қалмақтардан емес, түрікпендермен шайқаста өлген. Тарихтан белгілі, киіз туырлықты көшпелі қандас жұрттар арасында барымта, шапқыншылық жиі болып тұрған… Тархан туған жерінің оңтүстік-батыс беткейінде, сондай қақтығыстардың бірінде жәуміттер қолынан қаза тапса, мүрдесін атамекенінен әрі асырып, ұрпақтарының ту Ырғыздағы Әлім-Шөменнің шоқысына апарып қоюы түсініксіз жағдай. Жырдағы мәлімет көңілде осындай күмән тудырады.
    Ырғыздың оңтүстік-батысындағы шоқыға жерленген «Буканбайды» Шекті Бөгенбайға жатқызып жүрген әңгіме шындыққа саяды. Өйткені, Әлім мен Шөмен бір туған. Қашанда араласып жатқан жұрт. Қазірде де солай. Тарихы таласқа түсіп отырған шоқы осы екі елдің қазіргі ауданаралық бөлініс шекарасы маңында орналасқан. Айта кетейік, бұл – көрген жеріміз-тұғын, екі-үш рет болғанбыз…
    Қолдағы деректер Бөгенбайды Әлімнің Шектісі дейді. Оның Қабақ аталығы, Жангелді бөлімінен екен. Өмір сүрген уақыты XVIII ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың екінші жартысының аралығы деп шамаланады. Ал ғұмырының қалай аяқталғанын Әлімнің шежіре қарттарының ауыз екі әңгімесі негізінде Гавердовский өз еңбегінде жазып қалдырған. Қазір есімі руға айналған. Одан тараған ұрпақтар өсіп-өнген. Шалқар өңірінде тіршілік етуде.
    Таластың тууының негізгі бір себебі: Я.П. Гавердовскийдің Бөгенбайды «Буканбай» деп таңбалауы. Әрине, ойлап қарасаң «Бугенбай» боп жазылуы керек еді. Жолсапар-күнделікке «Буканбай» делініп түзілген. Бұл – қазақша «Бөкенбай» атауының орысша «Буканбай» деп орфографиялық тұрғыдан дұрыс жазылған нұсқасы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ақиқатына келсек, қайталап еске саламыз, батырдың есімі отаршылдар тілінде «Букенбай» боп қатталуы тиіс еді қағазға. Бірақ басқаша. «Буканбай». Жат жұрттықтардың бұрмалауымен Жем «Эмба», Есіл «Ишим», Өлкейек «Улқояк» Бес Тама «Бестамак» боп, тізе берсек дәлел жетерлік, түзілген атаулармен бүгінге шейін аталып келгені баршамызға мәлім жайт. Демек, Шекті Бөгенбайдың есімі де осылардың кебін киген. «Буканбай» боп. Кейін сонан кеткен оны батыр Бөкенбаймен шатыстырып. Атақ-дәрежесі биік болғасын. …Жақсы, мұны қояйықшы.
    Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген мына деректер сақталған екен Бөкенбай батыр жөнінде, бүй дейді онда: « …мая 28 – числа 1742 года Яицкое воиско через прихавшего из кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит, что кайсацкий владелец же Букенбай (астын сыздық. – Б.К.) в числе 500 человек ходил под трухменцев для взятия у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их кайсаков, всех побил до смерти…». (Қараңыз: АПВР, фонд 122, 1742 г. д. 4, л. 53)
    Гавердовскийдің дерегі алпыс жылдан кейін жазылса, мына мәлімет – баһадүр өлімінен соң көп кідірмей, оншақты күн ішінде түзілген ресми ақпарат. Өйткені, орыс отаршылдары үшін Бөкенбай батыр аса маңызды тұлға! Оның халық арасындағы бедел-әрекеті, әр қадамы жіті бақылауда болған. Сондықтан ол турасындағы хабарламалардың жоғары жаққа уақытында түсіп отыруы – заңдылық. Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің осы нақты деректерінде тархан түрікпендермен шайқаста қаза тапқан дейді. Куәлікке тартқан жырдағы мәліметтермен дәл қиысып тұр. Демек, Бөкенбай батырдың қазіргі Байғанин ауданы Жарқамыс аулынан жеті-сегіз шақырым жердегі төбеге жерленгенін ешкім де жоққа шығара алмайтын ақиқат! Кейін «Бөкенбай төбесі» аталып кеткен. Басына ұрпақтары айшықты белгі орнатқан. Осы тұста тағы да қайталап айтамыз, атақонысының оңтүстік-батыс беткейінде бақи болған батырдың мүрдесін туған мекенінің үстінен алып өтіп, асырып, бірнеше күншілік жердегі Ырғыз жақтағы төбеге қоюының еш қисыны да, себебі де жоқ! Архивтік мәліметтер осылай екенін бұлтартпастан нақтылап тұр.
    Айтқандай, келтірген ресми хабарламаға тағы бір көз салайықшы, тархан есімі орыс орфографиясы бойынша «Букенбай» деп дұрыс таңбаланыпты, «Буканбай» емес!
    Барлық тарихымыз Бөкенбай баһадүрдің Ырғыздағы шоқыға жерлену жерленбеуіне тіреліп тұрған жоқ! Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ. Тархан бабамыздың Ырғыз топырағын басқанына, Әбілқайыр ханмен ел мүддесін ойлап, алқалы кеңес құрғанына еш шүбәланбаймыз…
    Сонымен сөз соңында және бір қайталап нақтылап өтейік, жоғарыда аталған тарихи мәліметтерді бажайлай зерделегенде мынадай қортынды шығып отыр:
    а) тыңшы-офицер Гавердовскийдің Шекті Бөгенбайды «Буканбай» һәм ажалы қалмақ барымташыларынан болған деп түзуінен кейінгілерде Бөкенбай батырды айтқан деген жаңсақ ой туып, шоқының ақиқат атауын тарханға жапсырған;
    ә) Ресей империясының Сыртқы істер министрлігі архивінде сақталған 1742 жылғы мамыр айының 28-інде жазылған ресми хабарламаның Бөкенбай батырдың түрікпендермен шайқаста өлгенін растауы – ұрпақтары мен туғандарының тарханды өз атақонысынан әрі асырып, айшылық жердегі шалғай өңір Ырғыздың төбесіне жерлеуін ақи-тақи жоққа шығарады.
    Қателікті мойындау – көшеліліктің белгісі! Шекті Бөгенбай шоқысы да ескі күннің бір шежіресі. Тарихымызға еш жаттығы жоқ!
    Гавердовскийдің жазбасын, басқа да архивтік тарихи деректерді мұқият салыстыра сараптай отырып, көз жеткізген анық ақиқат – осы! Әуелде күмәнданғанмен шындыққа лажсыздан қол қойдық!

    Бөрібай КӘРТЕН,
    Ақтөбе қаласы.

  2. Бұл – жүйелі талдау! Соқырға таяқ ұстатқандай қылған Бөрібайға рахмет! Әйтпесе, «Ойбай! Бөкенбай батырды тонап кетті! Жол жиегіндегі белгі тасты дереу алып тастау керек!» деп байбалам салу, баяғы «Желтоқсан оқиғасына қатысқан ырғыздықтарды тездетіп құрту керек! Жою керек!» деп айқайлаған бір бәлшебек ағамыздың советтік ұранына ұқсап, былайғы жұртты үрейлендіреді екен.

  3. Әй есалаңдар ау! «Табын Бөкенбай батыр Аңырақай шайқасында қолбасшысы, Әбілхайырдың кеңесшісі болды» дегенді қай дереккөзден алғансыңдар? Аңырақай шайқасына Әбілхайыр қатыспаса Бөкенбай қалайша ол соғыста оның кеңесшісі болады? Аңырақай шайқасына кіші жүз де, Әбілхайырда қатысқан жоқ қой. Аңырақай шайқасы кезінде кіші жүздің жартысы Әбілхайырды жақтап, жартысы Батыр сұлтанды өздеріне хан сайлап екіге бөлініп қырық пышақ болып жатқан болатын. Әбілхайырға екі рет хабар берген Жолбарыс хан мен Төле, Қазыбек билер Әбілхайырдан да, кіші жүзден де қайран болмаған соң Қанжығалы Бөгенбайды бас қолбасшы етіп сайлады. Бұл тарихи шындық. Әйтеуір қырта бермей дәлелмен жазу керек қой.

  4. Байынан қорқып, қора ішіне барып бажылдаған долы қатынның нақ өзі екенсің! Топас6 бұл жерде Аңырақай шайқасы айтылмаған. Дұрыстап оқы! Өзің қай архивтік дерекке сүйеніп отырсың, Аңырақай шайқасында Қанжығалы Бөгенбай басқолбасшы болды деп?!. Шешеңнің шоданайы! Сен де қыртыыыып отырсың. Немене Әбілқайыр хан мен кіші жүз батырларының аты аталса көтіңе найза кіргендей бола ма? Көтің бос, шын атыңды көрсетіп жазуға жүрек жоқ!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button