Заң мен тәртіп

НЕСИЕ ҚАРЫЗЫН ҚАЛАЙ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ?

Ақтөбедегі «KeruenCity» ойын-сауда орталығында «Несие қарызын реттеу: заңды жолдар мен мүмкіндіктер» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды.

Іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында облыстық прокуратура мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен өтті.
Ақтөбе облысында 26 мыңнан астам азаматтың несие бойынша қарызы бар. Осы себепті несие қарызын реттеу — облыстағы өзекті мәселенің бірі.
«KeruenCity» ойын-сауда орталығындағы шараның да мақсаты тұрғындардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ несие қарызын заңды жолмен реттеу тетіктерін түсіндіру болатын.
Іс-шараға облыстық прокуратура, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, әділет департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, пробация қызметі, облыстық заң консультанттары палатасы, адвокаттар алқасы, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, еңбек мобильдігі орталығы, қалалық мансап орталығы және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.
Ашық есік күні барысында азаматтарға несие жүктемесі, несиені уақытында төлемеудің салдары, қарыз алушының төлем қабілетін ескере отырып, несие шарттарын өзгерту, төлемді кейінге қалдыру, коллекторлық ұйымдармен қарым-қатынас және жеке тұлғаның банкроттығы мәселелері бойынша тегін құқықтық кеңес берілді.
Ашық есік күніне несиесі бар азаматтар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жұмыссыздар, сондай-ақ пробация бақылауындағы тұрғындар арнайы шақырылды.
Несие қарызын өтей алмаудың бірнеше себебі бар. Оның бастысы — жұмыссыздық. Ал Еңбек мобильдігі орталығының директоры Венера Орынбаева еліміз бойынша мансап орталықтары арқылы 860 бос жұмыс орны ұсынылып отырғанын атап өтті.
— Қарызы бар адамдардың басым бөлігі — жұмыссыз немесе тұрақты табысы жоқ азаматтар. Осыған байланысты бүгінгі ашық есік күні аясында біз оларға тұрақты жұмыс орындарын ұсынып отырмыз. Азаматтар мансап орталығы арқылы жолдама алып, тікелей жұмыс берушілермен сұхбаттасады. Қазірдің өзінде жұмысқа орналасып жатқан жандар бар. Жалпы, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жоспарға сәйкес жыл сайын ұйымдастырылады. Біздің өңірде мұндай жәрмеңкелер ай сайын, жылына 12 рет өткізіледі. Былтыр осы шаралар нәтижесінде 1860 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, — деді Венера Орынбаева.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button