Терроризм актісі туралы іс аяқталды
Ведомствоаралық жедел тергеу тобы Ақтөбе қаласындағы ағымдағы жылдың 5 маусымындағы терроризм актісі туралы қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады.
Теракт салдарынан 7 адам қаза тауып, 30-ы жарақаттанған болатын. Барлық шабуыл жасағандар анықталды. Терроризмге қарсы күрес операциясы шегінде 18-і жойылып, 9-ы ұсталды. Ұрланған атыс қарулары толығымен анықталды және алынды. Іс бойынша 29 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Олардың 28-і қамауға алынды.
9 адам терактқа тікелей қатысушы ретінде, 18 адам дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін, ал 2 адам қылмыскерлерді жасырғаны үшін айыпталып отыр. Айыпталушылар өз кінәларын толықтай мойындады.
Іс бойынша 215 сараптама жүргізілді. 101 адам жәбірленушілер қатарында. Оқиға орындарынан түсірілген бейнежазбалар деректері жүйелендірілді.
Бүгінгі таңда барлық тергеу істері аяқталды. Айыпталушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99 (кісі өлтіру), 192 (қарақшылық), 255 (терроризм актісі), 257 (террористік топ құру, басшылық ету және оның әрекетіне қатысу) баптары мен өзге де баптары бойынша жауапқа тартылды. 18 терроршыға қатысты қылмыстық іс олардың өліміне байланысты қысқартылды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.



