Билік пен бизнес: ортақ мәселелерді шешеді

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановпен ашық әңгімелесу үлгісінде кездескен кәсіпкерлер қалаға қатысты бірқатар мәселелерді алға тартты.
Бұл кездесу қалалық әкімдік пен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірігіп бизнестің күрделі мәселелерін талқылау, оның шешілу жолдарын қарастыру әрі кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің одан әрі даму жоспарларын айқындау мақсатында өтті. Қала басшысының кәсіпкерлермен кездесуі «Атамекен» мейрамханасында ұйымдастырылды.
Қала әкімінің айтуынша, қалалықтар, оның ішінде кәсіпкерлер қаланың қоғамдық-әлеуметтік өміріне белсене қатысуы тиіс. Жергілікті биліктің жұмысында қандай да бір қателіктер немесе жетпей жатқан тұстар бар болса, ол туралы жедел және ашық айтуы керек. І.Испанов кәсіпкерлерді өз қабылдауына келуге шақырды. Туындаған мәселелерді әкім мен кәсіпкерлер бірігіп шешу үшін аптаның бір күні белгіленетін болады.
Кездесу кезінде облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлерді алаңдатып отырған бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті. Мемлекеттік органдардың ықпалымен және шұғыл шешімді талап ететін мәселелер ретінде қалаға жол белгілерін орнату, жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, қала мектептерінде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыруға бизнестің қатысуына ықпал жасау әрі тамақтандыру қаражатының көлемін ұлғайту, жеке тұрғын үй массивтерін газдандыру, жер қатынасы саласында да бірқатар проблемалар айтылды.
— Кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізуде кедергі келтіріп отырған аймақтарға жол белгілерін қою мәселесіне қатысты палатаға 50-ге тарта шағым түсті. Арнайы қойылған жол белгілерінің салдарынан көптеген дүкендер мен салондар, дәріхана нысандарының жанына көліктердің тоқтауына тыйым салынған. Бұл өз кезегінде бизнесін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтіріп отыр, — деген Н.Мұқанов қала әкіміне көліктің тоқтауына тыйым салынған жол белгілерін өзгертудің ретін сұрады.
Ілияс Испановтың айтуынша, бұл мәселемен кәсіпкерлер қалалық әкімдікке де бірнеше мәрте келген. Алайда жол бойына қойылған мұндай белгілер қаладағы өзекті мәселелердің бірі көлік кептелісін азайтуға ықпал етеді. Кездесу кезінде қала әкімі кәсіпкерлерге жол белгілерін өзгерту үшін бұл мәселені қайта қарауға уәде берді.
Қала басшысының айтуынша, шаһардағы жаңа аудандар толықтай инженерлік коммуникациялық желілермен қамтамасыз етіледі. Мәселен, «Батыс» шағын ауданы өз алдына автономды тәсілде жылытылатын болады. Ол үшін бұл ауданға алдағы уақытта өз алдына жылу электр орталығы салынбақ.
— Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданын қосымша жарықтандыру жұмыстары шешілу үстінде. Мұнда электр жүйелерін резервтік қоректендіру блогына жалғау жоспарланып отыр. Жақын аралықта айналма жолдан «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына дейінгі жол учаскесін жөндеу жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа бюджеттен 300 миллион теңге қарастырылды. Жол үш жолақты етіп салынады, — деді қала әкімі І.Испанов.
Жер қатынастары мәселесіне қатысты қойылған сауалға қала әкімі: «Біз кәсіпкерлерге жер учаскесін сату үшін аукциондарды жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Бірақ ол үшін жерге түгендеу жұмыстарын аяқтап, пайдаланылмай тұрған учаскелерді мемлекетке қайтаруымыз керек. Сонымен қатар, мұндай учаскелердің болашақ бизнес нысандардың нақты талабына сәйкес келуін анықтауымыз қажет. Алдағы айда кезекті аукционды өткізуіміз мүмкін».
Кездесуде «Айбек» әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативі, «Эковтортехресурс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері қала әкімінен қала аумағында жаңа өндірістерді қосу үшін жер учаскелерін бөлуді сұрады. Өз кезегінде І.Испанов жаңа өндірістерді ашуға және соған сәйкес жаңа жұмыс орындарын құруға көмектесуге әзір екенін айтты.
Кәсіпкерлер қала әкімінен мектептерде оқушыларды тамақтандыру қаражатының көлемін көтеруді сұрады. Бұл сауалға І.Испанов: «Бюджет шығынының 30 пайызға жуығы білім беру саласына жұмсалады. Сондықтан бұл соманы көтеруге біздің дәл қазір мүмкіндігіміз жоқ. Алайда бұл мәселені алдағы уақытта қараймыз әрі сіздермен ақылдаса отырып шешетін боламыз», — деді І.Испанов.
Қыс мезгілінде қаланы қардан тазарту әрі көктемгі су тасқынының алдын алу шараларында жүргізілген жұмыстар үшін қала бюджеті компаниялар алдында 160 миллион теңгеге жуық қарыз. Алайда бұл қарыздың жыл соңына дейін қайтарылатыны мәлім болды.
Өз кезегінде Нұрлыбек Мұқанов қаланың Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан облыстық кәсіпкерлер палатасына қалалықтармен қоса, аудандардан, ауылдардан келушілердің қатары көп екенін, сол үшін осы маңға аялдама орнатып, қоғамдық көліктер бағытын көбейту мәселесін көтерді.
І.Испанов кездесу кезінде айтылған мәселелердің бәрі аяқсыз қалмайтынын, рет-ретімен шешілетінін әрі кәсіпкерлерге Ақтөбе қаласында бизнесті өзара тиімді жүргізу үшін одан әрі де жағдайлар жасалатынын айтып, сөзін қорытындылады.
Арайлым НҰРБАЕВА.




