Тәуелсіздік тойына тарту — «Әлемді өзгертетін идеялар»

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының кітапханасының ұйымдастыруымен журналистерге арналған республикалық «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспары арқау болған семинар-тренингке 60-қа жуық БАҚ өкілі қатысты. Бұл — ел Президентінің тікелей тапсырмасымен қолға алынған шара.
Әзірге 2500 адам танысты
2014 жылы ашылған Елбасы кітапханасы — Нұрсұлтан Әбішұлының негізгі кітап қорын сақтап қана қоймай, мұрағаты және музейін, сондай-ақ, мәдени- ағартушылық саласындағы қызметтерін жүзеге асырып отырған орталық. Соңғы дерек бойынша, мұнда кітап қоры 23 мыңға жеткен. Оны кез келген оқырман пайдалана алады. Мемлекет басшысының өзі жазған кітаптары, сирек кездесетін еңбектер, жалпы коллекциялық һәм құнды жәдігерлер жинақталған қорға қызығушылық танытып, әлемнің көптеген елдерінен арнайы келіп жатқан туристерде есеп жоқ. Өйткені ақпараттық-идеологиялық кешенде Президенттің өзі тұтынған заттары, өз қолымен жазған естеліктері, дүниежүзіне белгілі тұлғалардың сыйға тартқан ерекше бұйымдары бар. Бұл нысанды Қазақстанда Тәуелсіздіктің баға жетпес жемісі деп атауы сондықтан. Аталған кітапханаға Елбасының өзі жиі-жиі келіп, қолжазбалармен жұмыс істейтінін, жоғарғы қабат сол үшін арнайы дайындалғанын айта кету керек. Кешеннің әр бұрышында бейнебақылау орнатылған,
Елбасы кітапханасы жыл басынан бері Тәуелсіздік тойына орай көптеген жобаларды іске асырып үлгерген. Қаңтар айынан бастап өткізіліп келе жатқан «Кәсіби және тиімді мемлекет», «Дені сау ұлт. Спорттық Қазақстан», «Болашағы біртұтас ұлт. Ұлы дала дәстүрі», «Интеллектуалды ұлт. Нұрлы болашақ», «Әлем. Келісім. Достық» сынды ауқымды шаралар — соның жарқын дәлелі. Халықаралық деңгейдегі конференциялар және бар. Соның ішінде өткен жылдың қазан айынан қолға алынған «Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы бұл жолы қалам ұстаған қауымды елордаға жинады. Кітапхана қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, бұған әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер, оқытушылар мен студенттер, бас-аяғы жер-жердегі 2500-нан аса адам тартылған. Мақсат — мемлекеттік саясатты, Елбасы Жолдауын кеңінен түсіндіру және оның мән-маңызын талқылау. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков семинардың негізгі міндетіне тоқталды.
— Республиканың әр
өңірінен қатысып отырған журналистердің Назарбаев орталығына келгеніне қуаныштымыз. Бұл кешеннің, мұндағы ұйымдастырылып отырған семинардың орны бөлек. Ең бірінші мақсатымыз — Елбасының бес институционалдық реформасын жете түсіндіру, мемлекеттік саясаттың жаңашылдықтары туралы жан-жақты пікір алмасу. Сонымен қатар, сол арқылы Елбасы кітапханасының жұмысымен етене таныстырсақ дейміз. Себебі бұл орталықтың бүгінгі таңда атқарып отырған қызметі орасан, сіздермен байланыс жасайтын, ортақ жобаларды іске асыратын бөліміміз де бар. Шыны керек, семинар барысында сіздермен, «халықтың көзі, құлағы» болып саналатын журналистермен қоян-қолтық жұмыс істеу өзімізге де қызық. Бүгінгі кездесуіміз болашақта бірлесе атқаратын жобаларға ұйытқы болатынына сеніміміз кәміл, — деді Бейсембай Қуанышұлы.
«Ұлттық мүддені ұлықтау — мұратымыз»
Елбасы кітапханасының жұртшылықпен байланыс қызметінің басшысы Оксана Лоскутованың айтуынша, Мемлекет басшысының Ұлт жоспарын, жаһандық бастамалары мен концептуалдық идеяларын зерделеуге бағытталған шараның мәні зор. Ел егемендігінің 25 жылында жеткен жетістіктеріне, Қазақстанның әлем алдындағы беделіне де баса назар аударылатын семинарға ұзын саны 14 сағат қарастырылған. Оның ішінде теориялық қана емес, тәжірибелік сабақтар да бар. «Ұлттық мүддені ұлықтау, Нұрсұлтан Назарбаев айтқан қазақстандық арманды тілге тиек ету күн тәртібімізде ерекше жолға қойылған. Осының барлығы ел Тәуелсіздігінің арқасында екені сөзсіз», — дейді Оксана Павловна.
Расында, жобаның алғашқы күнінде «100 нақты қадамды» егжей-тегжейлі ұғындыру мақсатында «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тақырыбында дәріс оқылды. Оны жүргізген — тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бағыш Ғабдулина. Сондай-ақ, ол түс ауа заңның үстемдігін қайтсе сақтап қалуға болатыны турасында әзірленген арнайы сабағын өткізді. Онда әр адам — мемлекеттің басты байлығы екені, оның Конституцияда көрсетілген заңдарды жүз пайыз білу керектігі баса айтылды. Ал семинардың екінші күнінде экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Анар Есенгелдина индустрияландыру және экономикалық өсім жөнінде деректерімен бөлісті. Оның сөзінше, бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын айтпағанда, Елбасының әр Жолдауында — бұл басымдыққа ие салалардың бірі. Себеп — жыл өткен сайын әр мемлекет жаңашыл технологияларға, тың идеяларға, заманауи бастамалардың иелеріне айрықша қамқорлық танытып отыр. Сонымен қатар, қонақтарға «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру», «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» тақырыптарын қамтыған дәрістер ұсынылып, артынша қоғам қайраткері, экс-депутат, блогер Тәңірберген Бердоңғаров әлеуметтік желінің игіліктері төңірегінде шеберлік сағатын өткізді.
Екі күнге созылған «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасы ресми жиындармен шектелген жоқ. Еліміздің 14 облысынан келген тілшілерге бас қаланың көрнекті нысандарына — ҚР Ұлттық музейі, «Астана опера» театры және ҚР Тұңғыш Президенті музейіне экскурсия ұйымдастырылды, сондай-ақ, Елбасы кітапханасының материалдық-техникалық базасы түгелдей таныстырылды.
Семинардың соңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков пен қоғам қайраткері Тәңірберген Бердоңғаров қатысушыларға қысқа мерзімді оқу курсын тәмамдағанын айғақтайтын сертификатты салтанатты жағдайда табыс етті.
Тәуелсіздік құрдастарының түйгені
Қазақстанның 25 жылдағы толайым табыстары негіз болған семинар-тренингке қатысушылардың дені — Тәуелсіз елдің құрдастары. Республиканың түкпір-түкпірінен келген әріптестеріміздің бірнешеуінің шараға қатысты ой-пікірін ұсынуды жөн көрдік.
Жұлдыз Амангелдиева,
«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тілшісі:
— Бұл — менің еңбек жолымдағы қатысып отырған алғашқы семинар-тренингім. Ерекше әсер алдым. Қазақ және орыс тілдерінде өткізілген семинар еліміздің әр аймағынан келген журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізді. Түрлі тақырыпта қалам тербеп жүрген төртінші билік өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Өзекті мәселелерді талқыға салып, пікір алмасты.
Алдағы уақытта да өзге сала қызметкерлеріне Ұлт жоспарының маңыздылығы кеңінен насихатталса екен деймін. Өйткені «100 нақты қадам» — елдің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары.
Амандық Сағынтайұлы,
облыстық «Атырау» газетінің тілшісі:
— «Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренинг көңілімнен шықты. Бұл қатысушы журналистер қауымының ортақ пікірі десе болады.
Елбасы кітапханасы ұжымы бізді жылы қарсы алды. Кітапханаға жасаған экскурсия барысында Тұңғыш Президенттің қорын көріп, тура бір оның өз үйінде жүргендей күй кештік.
Семинар тақырыбы күрделі болғанымен, журналистер қауымы үшін өте қызықты болды. Соның ішінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бағыш Ғабдулинаның «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тақырыбындағы дәрісін ерекше атап өтер едім.
Ақбөпе Тәңірберген,
СҚО муниципалдық телеарнасының тілшісі:
— Сөзсіз, мұндай жиындар журналистерге, әсіресе, кейінгі буынға қажет-ақ. Біз секілді жұмысқа енді қосылған жастар осындай шаралар арқылы тәжірибе алмасып, жаңа әсер алады емес пе? Әрі жер-жердегі әріптестерімізбен таныстық. Меніңше, бұл — Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы жас мамандарға жасалған қамқорлықтың бірі.
P.S. Алаш елі азаттық алғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған семинар-тренинг осылай өтті. Осы шараның өткізілуіне мұрындық болған Елбасы кітапханасының ұжымы бұл арқылы жас журналистердің тәжірибе алмасуына ғана емес, еліміздің дамуына да өзіндік үлес қосқанын айтады. Солай екені даусыз да, өйткені әлемді өзгертетін шынымен сол жастар…
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.
90-ҚАДАМ. БЕС ИНСТИТУТТЫҚ РЕФОРМАНЫ, СОНДАЙ-АҚ, БАҚ-ТАҒЫ, ИНТЕРНЕТТЕГІ, БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҢ ЖАҢА БУЫНДАРЫНДАҒЫ, СОНДАЙ-АҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІРТЕКТІЛІК ИДЕЯЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ — АҚПАРАТТЫҚ ҚАМТУ ЖӘНЕ ІЛГЕРІЛЕТУДІ ТАПСЫРАМЫН.
Ел Президенті Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ Ұлт жоспары — «100 нақты қадамды» таныстырғанда сөйлеген сөзінен.




