Жаңа жоба: жас саясаткерлер
Өткен жұмада «Асату» мейрамханасында «Жас саясаткер мектебі» жобасы қорытындыланып, белсенді жастар марапатталды.
«Жас саясаткер мектебі» — облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен жүзеге асырылған жоба. Алғашында бұл жобаға қаламыздағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарынан 200-ге жуық үміткер қатысты. Іріктеу туры нәтижесінде 20 студент теориялық білім алып, депутат көмекшісі ретінде тәжірибелерден өтті, жобаның тыңдаушысы атанды.
— «Жас саясаткер мектебі» жобасы жастардың қоғамдық жұмыстарға қызығушылығын арттыру, білікті кадрлық резерв даярлау мақсатында облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Даярлық барысында студенттер дәрістер тыңдап, қалалық, облыстық мәслихаттың депутаттарымен бірлесіп жұмыстар жасады, — дейді «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Гүлдәурен Мүсірова.
Студенттер жоба аясында өздерінің көп нәрселерді үйренгендігін айтады. Ақтөбе политехникалық колледжінің 3-курс студенті Ербол Шыма «Жас саясаткер мектебі» жобасының тыңдаушысы болғандығын мақтан етеді.
— «Жас саясаткер мектебі» жобасына біздің колледжден 15 студент қатысты. Алғашқыда сауалнамалар толтырып, түрлі тақырыпта эсселер жаздық. Ал іріктеу турына келгенде бізге қаламыздағы оқу орнының басшылары, профессорлар дәрістер оқыды, психолог мамандар тренингтер өткізіп, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Біз бір жылға жуық уақыт ішінде депутаттардың жұмыстарымен таныстық. Ал тәжірибе барысында мен облыстық мәслихаттың депутаты Құдайберген Бекеновпен бірге жұмыс жасадым. Мұнда хаттамаларға, сұраныстарға қалай жауап беру керектігін үйрендім, — дейді Ербол Шыма.
Шара барысында жобаның тыңдаушылары марапатталды. Кеш соңы студенттердің ән-жырына ұласты.
Айгүл ЖҰБАНЫШ.



