БілімЖаңалықтар

Тәжірибе алмасу — кәсіби қажеттілік

Тамыз кеңесі аясында

 Назарбаев зияткерлік мектебінде облыстық білім басқармасы мен облыстық ғылыми-тәжірибелік орталықтың ұйымдастыруымен облыстағы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйым басшыларына арналған «Тәжірибе алмасу — кәсіби қажеттілік» атты постер-сессия ұйымдастырылды.

Алғысөзді облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Нұргүл Әбішева айтты. Одан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Рафхат Бисенов «Білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары» тақырыбы бойынша алдын ала байқау жарияланғанын, өкінішке қарай, оған 7 ауданнан ғана білім бөлімдері қатысып отырғанын айтып, жүлдеге ие болғандарды марапаттады. Байқау талаптары бойынша аудандық білім бөлімдері тақырыпқа сай үздік бағдарлама құрулары тиіс. Осы талапты үздік орындаған Қарғалы аудандық білім бөлімі жеңімпаз атанды. Алға және Мұғалжар аудандарының білім бөлімдері екінші және үшінші орындарға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен кеңсе құралдары табыс етілді. Ал басқа қатысушылар Алғыс хаттарға ие болды.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Руслан Бегімбетов «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальдық оқыту жүйесінде кезеңдік іс-әрекет жоспарын енгізу» тақырыбында әңгіме өрбітті.

Ал «Кәсіпорын қызметінің тиімділігі» жөнінде облыстық білім басқармасының бюджетті жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Лира Қарағұлова айтып берді. Алматыдан келген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің PhD докторанты, әлеуметтану магистрі А.Байдлаева «Менеджмент философиясы: білім беру қызметі сапасын арттыру» туралы әңгімеледі.

Секциялық жұмыстарға қатысып шыққан №4 Хромтау орта мектебінің директоры Рустам Біржанов:

— Секциялық жұмыс барысында «Bilim Media Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының директоры Нұрбек Матжани «Bilimland: сандық оқыту ресурстарын», анығы www.bilimmedia.kz сайтын таныстырды. Мұнда қазіргі заманға сай оқыту контенті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сапалы ұйымдастырылыпты.  Айталық, мысалы, біздің мектепте небары 7 500 оқыту ресурсы болса, ал бізге ұсынылып отырған бағдарлама қорында 40 мыңнан астам сандық оқыту ресурсы бар. Оның ішінде балабақшаға, мектепке, тіпті инклюзивті оқытуға қатысты қажет материалдар орналастырылған. Тіпті виртуалды зертхана да бар екен. Мұғалім ретінде бұл білім беру процесінде өте қажет әрі керек құрал деп есептеймін, — дейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

                                                                                                                             

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button