Қабақ бабаға — 405 жыл

Конференция
Сенбі күні Ақтөбеде «Қабақ баба» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен
тарихи тұлға, белгілі би Қабақ Айтұлының туғанына 405 жыл толуына орай үлкен шара өтті. Бұл күні Ақтөбенің зиялы қауымы әуелі Студенттер сарайына жиналды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов қатысты.
«Тарихи тұлға және ұлттық дүниетаным» атты ғылыми-танымдық конференцияны
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетінің деканы Сабыржан Мұқтаров жүргізіп отырды. Шараны Алматыдан келген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сансызбай Құттыбаев сөз сөйлеп ашты.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар «Қабақ Айтұлы және оның ұрпақтары» туралы баяндама оқыды.
— Қазақ рулар тарихы қашан да барша қазақтың назарын бірден өзіне аударады. Тағдыр тауқыметі, қуанышы мен қайғысы бір-біріне өте жақын процесс. Би, ақын, жыршы — бәрі елге ортақ. Ата шежіреде Қабақ бабамыздың Тілеумен бірге Айт мырзадан туғаны, барша қазаққа белгілі Шекті руынан тарағаны жазылады. Шекті руы қазақтары өз заманында Әбілқайыр хан арқа сүйеген рулардың бірі болды. Мұрағатта сақталған 1760-жылдардағы патша үкіметінің шекті руы қазақтары жөніндегі көзқарасы көңіл аударарлық. Онда былай делінген: 1748 жылы А.Тевкелев Орск бекінісінде Әбілқайыр ханмен кездесуінде Азия керуендерінің қауіпсіз жүруі үшін қазақтардың мықты руларының старшындары мен старшын араларынан жылына төрт адам, әсіресе шекті руынан алуға келіскен. Орынборға тонауға ұшырамай келген керуендер болса, бұл тек шектілердің қорғауымен келгендер. Хиуалықтар мен бұқаралық көпестер өздерін қорғауға шектілерді жалдайды. Орынбордағы бұл көзқарас біраз нәрсені аша түседі деп ойлаймын, — дейді баяндамашы Ә.Мұқтар Қабақ бабаның шыққан тегі туралы тереңірек әңгімелеп.
«Ақтөбе» энциклопедиясына сүйенсек, Қабақ Айтұлы — Ноғай Ордасының (шамамен 1611-1689 жж. қазіргі Өзбекстан Шыршық өзені, Аққайран деген жер) билеушісі Мұсаханның ұрпағы. Ел ұйытқысы болған би. Есімі руға шыққан Сайрам соғысының (1611-1684 жж.) қаһарманы Тілеу Айтұлының туған ағасы. Ағайынды екеуіне қатысты «Тілеу-Қабақ» деген ән бар.
Одан соң «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталымен алдын ала жүргізген сұхбаты үлкен экраннан көрсетілді. Сұхбат барысында ол тарихи тұлға Қабақ Айтұлының қайраткерлігін қазіргі қоғаммен байланыстыра отыра әңгімелеп берді. Ал «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Шәмшәдин Керім Шалқар өңірі мысалында «Дін мен дәстүр» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндама соңы жарыссөзге ұласты. Мұнда өңірге белгілі азаматтар Сматулла Беркімбаев, Зәкіратдин Байдосов, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжановтар сөз сөйлеп, Қабақ баба секілді тарихи тұлғаларды жастарға кеңірек насихаттау керектігін алға тартты.
Ұзақбай Қауыстың авторлығымен жарық көрген «Ұлағат» кітабын ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібай таныстырды. Бұдан соң әнші Елдос Жұмағұлов халық әні «Тілеу-Қабақты» орындап, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың «Көкіл» күйін тартты.
Жиын соңында «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай конференцияға қатысушыларға алғыс айтып, баяндамашыларға, шараны өткізуге белсене атсалысқан азаматтарға сый-сияпат берді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.




