Басты жаңалықтарЖаңалықтар

«Құрылыс та, жөндеу де жүйемен жүргізілуі тиіс»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қысқа мерзімді демалыстан кейінгі алғашқы жұмыс күнін мектептер мен балабақшалардың, Оқушылар үйінің және Ақтөбе қаласы көшелерінің бірінің құрылысы және жөнделу жұмыстары барысымен танысудан бастады.

Алғашқы аялдама Әуежай қалашығындағы №29 орта мектеп аумағы болды. Бұл оқу орны 620 оқушылық орынға арналған, ал қазіргі уақытта мұнда үш ауысымда бір мыңнан астам шәкірттер білім алады. Ғимарат бейімделген деп аталатын категорияға жатады: бұрын бұл жерде әскери бөлімнің штабы қызмет істеген.

Ескі гараждың орнына спорт зал салу жоспарына қатысты облыс басшысы өз ұсынысын жасады.

— Егер спорт залмен бірге бұл жерден асхана және оқу кластарын қатар салса, бұдан да жақсы болар еді. Сонда оқушылар қазіргідей үш ауысымда оқымайтын болады. Қосымша шығындарға біз қаржы тауып береміз, — деді ол.

Бұрынғы «Сельмаш» зауытының корпустарының бірінде болашақ бизнес-жобаға сәйкес қайта құрылымдалу көзделуде. Бұған қатысты облыс басшысы өз пікірін білдірді.

— Бұл ғимаратты қайта құрылымдау кемі 300-400 миллион теңгеге түседі. Оның орнына қазіргі қаңқаны ысырып тастап, спорт кешенін салған тиімді болмас па еді? — деді әкім.

12-шағын аудандағы «Әйгерім» балалар бақшасында күрделі жөндеу жүргізілуде. Мұнда 160 терезенің жиырмасын ғана пластикалық жақтауларға ауыстыру жоспарланып отырғанын білген облыс басшысы «Егер бәрін жаңаламайтын болса, оның несі жөндеу? Сондықтан бірінші кезекте барлық терезелер мен есіктерді пластикалық жақтауларға ауыстыру қажет», — деп өзінің наразылығын білдірді.

Оқушылар үйінде де күрделі жөндеу қолға алынған. Мұнда әкім жұмыс барысымен танысып, аяқталу мерзімін білді.

— Вестибюль идеяға сәйкес келмейді. Оны қалай жандандыру қажеттігі туралы ойластыру керек, өйткені мұнда біздің балаларымыз өздерін жетілдіру үшін келеді. Ғимараттың сыртқы келбеті үшін неғұрлым көңілді және ашық түстерді қарастырған жөн, — деді ол.

Облыс басшысы одан кейін Сәңкібай батыр даңғылындағы көп функционалды кешеннің құрылысы барысымен танысты, 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі суағарлар мен жол төсемі сапасын көзімен көрді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барып, барлық қатарларды аралап шықты, азық-түлік өнімдерінің бағаларын анықтап қарады.

— Кез келген базар үшін екі мәселе маңызды, олар — тазалық және төменгі баға. Егер осы шарттарды қатаң сақтайтын болсаңыздар, сіздердің базарларыңыз қалада, тіпті осы аймақта ең танымал болары сөзсіз, — деп Бердібек Сапарбаев базарда енгізіліп жатқан жаңалықтарды көріп шыққаннан кейін оның басшысына жаңа даму бағыттарын нұсқады.

Қаланы аралаған кезінде облыс басшысымен бірге қала әкімі де болды.

Санат РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button