Жаңалықтар

Жаңа құжат жаңа іске бастайды

Облыстық кедендік бақылау департаментінде құқықтық оқу аясында кезекті сабақ болып өтті. Сабақты өткізген заң бөлімінің бас маманы Олег Зайцев «Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» түсіндірме жасады. Бұған дейін 2002 жылы жасалған тұжырымдама саясаты өз кезеңінің міндетін атқарды. Ал болашаққа жасалып отырған мемлекеттік құжат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кеденшілер жаңа тұжырымдаманы мемлекеттік құқықтық саясатты дамытудағы қажеттілік деп түсінеді. Шынымен де, әлемдік саясат пен экономикада болып жатқан зор өзгерістер, сондай-ақ еліміздің ішкі дамуындағы өсімдер жаңаша көзқарасты талап етеді. Тұжырымдамада кеден саласында да жұмысты жаңаша жүргізу бағыттары көрсетілген. Мәселен, кедендік заңнамалар кедендік істі жүргізуді қарапайымдандыруға, кедергілерді жоюға, халықаралық саудаға кері әсерін тигізбеуге, халықаралық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.

Облыс кеденшілері осындай құжаттарға жүгіне отырып, еліміздің экономикалық дамуы үшін еңбек ететін болады.

Бердеш ҚАЙЫРОВ.

Жас дарындар Ақтөбеде бас қосады

«Классика-2009». Қарашаның 6-7-сінде халықаралық деңгейде өтетін жас дарындар фестивалі осылай аталады. Байқауға 60-тан астам өнерпаз қатысады деп жоспарланып отыр.

Шараның мақсаты — балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық және әлемдік музыкадағы классикалық мұраларды насихаттау мен танымал ету. Сондай-ақ  вокал, аспаптық, хореографиялық жанрларды классикалық және академиялық орындау саласында дарыны бар балалар мен жастарды іздеу және оларға болашақта қолдау көрсету.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өтетін шараның құрылтайшысы — облыстық мәдениет басқармасы. Байқауға Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент, Петропавл, Байқоңыр, Мәскеу, Ташкент, Бішкек, Магнитогорск, Орск, Новотроицк қалаларының жас таланттары қатысады.

Фестивальдың алғашқы күні фортепиано, вокал, скрипка, виолончель және хореография номинациялары бойынша 10-12 жас аралындағы қатысушылар өз бағдарламаларын ұсынады. Ал қарашаның 7-сі күні осы номинациялар бойынша 13-15 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынайды.

КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Роза Жаманова қазылар алқасының төрайымы болады. Қазылар алқасының құрамында РФ еңбек сіңірген артисі, П.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының және Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының профессоры Владислав Иголинский, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясы фортепиано факультетінің деканы Офелия Юсупова, Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі, Ч.Базарбаев атындағы Бішкек хореографиялық училищесінің көркемдік  жетекшісі Азиза Минжилкиева және Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Нұржамал Мүкеевалар бар.

Айта кету керек, сенбі күні қазылар алқасының шешімін күту барысында көрермендер фестивальдың қонағы — халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Жәния Әубәкірованың концертін тамашалайды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Сертификатты студенттер

Сейсенбі күні «Кездесу» кафесінде «Мемлекеттік қызметкер мектебі» жобасы бойынша білім алған 20 жасқа  арнайы сертификат табыс етілді.

«Жас Отан» жастар қанаты және қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен  сәуір айынан бастап «Мемлекеттік қызметкер мектебі» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның  мақсаты — облыстың белсенді көшбасшы легін қалыптастыру, жастарды мемлекеттік қызметке даярлау, қоғамдық қызмет сала­сы үшін білікті кадрлар қалыптас­тыру. Алғашқыда аталған жобаға қатысуға 160 студент ниет білдіргенмен, бірінші кезеңде 40 студент сыннан өткен. Ал екінші кезеңде 20 студент қана іріктеліп алыныпты. Жобада қойылған негізгі талап — жоғары білімді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, үш тілді жетік меңгерген жастар болуы тиіс. Осы талапқа сай жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері ғана жобаға қатысуға қол жеткізген. Сондай-ақ жобаға қатысушыларға  қалалық әкімдік аппаратындағы бөлімдердің жетекші мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары құқықтық, экономикалық, өнеркәсіпті басқару технологиялары, т.б. тақырыптар бойынша дәрістер оқыса, оның ішінде Елбасы Жолдауында айтылған мәселелер сөз болып, тіл, сыбайлас жемқорлық туралы заң таныстырылып, құжаттарды толтыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған.

Жиында жоба аясында білім алған 20 жасқа Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Асылхан Бекболатов арнайы сертификат тапсырды.

Аталған жобаны аяқтап шыққан Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің 4-курс студенті Дәурен Дабылов жоба туралы өз ойын білдірді.

Жобаға қатысу үшін қойылатын талаптардың бірі эссе жазу болатын. Осы сында мен қаланың инфрақұрылымы, яғни көлік жолдарына қандай өзгерістер енгізуге болатындығы жөнінде шығарма жаздым. Шығарма сынақ қабылдаушылардың көңілінен шығып, жобаға қатысушылардың тізіміне ендім.  Жоба аясында үш ай оқып, бір ай тәжірибеден өттік. Тәжірибеден  «Ақтөбе қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің  тазалық секторында өттім. Бұл жерде көп нәрсені үйрендім. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша мемлекеттік қызметке қатысты үйренгеніміз көп болды. Мемлекеттік қызметкер — мемлекеттің келбеті. Сондықтан өзіңді қалай ұстау керектігі секілді қарапайым қағидалардың өзі назардан тыс қалмады. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды үйрендік. Тіпті, жобаға қатысушылар бір-бірімізбен дос болып кеттік, — деді ол.

Жиын соңында мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Әлиятану сабағы — институтта

Апта басында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында Әлиятану сабағының кезекті оқу курсы басталды.

Жастарға патриоттық тәрбие беруді мақсат тұтқан дәстүрлі курстың қоржыны биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-да, Қазақстан Халқы Бас Ассамблеясында сөйлеген сөздерімен толықты. Яғни Әлия Молдағұлованың ерлікке толы өмір үлгісі Президентіміз аса маңыз беріп отырған қазақстандық патриотизм және жастардың интеллектуалдық дамуының өзегіне айналған халықтар достығы идеясымен ұштастырыла оқытылады.

Бірінші курс студенттері жиналған сабақты институт ректоры Ғалымжан Нұрышев ашты. Оқу курсының басты мақсаты мен алдағы кезеңдерде атқарылатын жұмыстарды Елбасымыздың жоғары оқу орындарының алдарына қойған міндеттер мүддесімен байланыстыра отырып баяндаған оқу орнының басшысы Әлиятану сабағы жыл сайын жаңа үрдістермен жаңартылып отыратынын жеткізді. Мұнан кейін Шығыстың қос шынарын талай жылдан бері зерттеп, олардың аңыз ғұмырларын тасқа басып жүрген Әлия зерттеушілері Ғалымжан Байдербес пен Ұзақбай Қауыс студенттермен ой бөлісті. Тартымды, тағылымды әңгіме айтылды, студенттер сұрағына жауап берілді. Сабақ соңында институттың музыка мамандығының студенттері патриоттық тақырыптағы әндер орындады.

Жан ТӨЛЕУ.

Желтоқсаннан жолақы көтеріледі

Желтоқсан айының бірінші жұлдызынан бастап Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалдау бағасы көтеріледі. Бұл туралы кеше «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ сектор меңгерушісі Бекболат Нұрашев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында хабарлама жасады.

Ақтөбе қаласында 2006 жылғы 1 наурыздан бастап қоғамдық көліктегі жолақы өзгерген жоқ. Қолданыстағы тарифтер — автобустағы 25 теңге және шағын автобустардағы 35 теңге бағаға жұртшылық үйреніп те кеткен сияқты еді.

Дегенмен, жанар жағармайлар мен қосалқы бөлшектердің қымбаттауы, автобустарды жөндеу, техникалық қызмет көрсету, басқа шығындар мөлшерінің артуы көлік қожаларын бүгінгі күні тығырыққа тіреп отыр. Сондықтан да қаладағы негізгі жолаушы тасымалымен шұғылданушы кәсіпорын — «Автопарк» ЖШС басшылығы бұған дейін де бірнеше рет тарифтерді өзгерту мәселесін күн тәртібіне ұсынған болатын, бірақ жергілікті атқарушы билік оған тоқтам салды. Бұл ретте жолақы бағасы мен тасымалдаушылардың нақты шығындары арасындағы айырмашылықтарды жою әдісі пайдаланылды, сонымен бірге жеңілдікпен пайдаланылатын азаматтар жолақысы құны өтелді. Дегенмен, қазіргі жағдайда бюджет белгіленген тарифтер мен нақты шығындар арасындағы айырмашылықты толық көлемде жоя алмауда.

Осыған байланысты «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ қоғамдық көліктегі тасымалды ұйымдастыруға тапсырыс беруші және уәкілетті орган ретінде 2009 жылғы 1 желтоқсаннан бастап автобустарда жүру 35 теңге, шағын автобустарда 45 теңге болатындай тарифтік өзгерістерді бекітуге шешім қабылдады.

Азаматтардың жеңілдікпен пайдаланатын бөлігіне бұрын бекітілген тегін жүру өзгеріссіз қалады. Студенттер үшін автобустардағы жолақы 25 теңге. Жеті жасқа дейінгі балалар тегін жүреді, ал 7-14 жастағылар жаңа тарифтің тең жартысын төлейді.

Бір атап өтерлігі, осы уақытқа дейін Ақтөбе республикадағы ең арзан тасымалдаушы қала болып келді. Сондай-ақ мұнда жеңілдікпен тасымал қызметін пайдаланушылар 168,5 мың адам.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Жаттығу қыстағы қауіптен сақтайды

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 2009 жылғы жұмыс жоспарына сай осы жылдың қараша айының басында өңірімізде республикалық «Қыс-2009» командалық-штабтық жаттығуы өтеді.

«Қыс мезгілінде туындайтын төтенше жағдайлардың салдарын жою барысында құтқару және басқа да жұмыстарды жүргізу мен оған дайындық» тақырыбындағы жаттығуға облыс әкімінің орынбасары, облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою комиссиясының төрағасы А.Дубовенко жетекшілік жасамақ.

Шараны ұйымдастыру алқасының,  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Б.Құтпановтың айтуынша, жаттығудың басты мақсаты — табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіптен қорғану, қандай жағдайға да дайын болу. Сонымен бірге жұртшылықты тіршілікпен қамтамасыз етіп отырған нысандар мен көлік магистралінің қызметі бұзылған жағдайда орталық және атқарушы органдардың өздерінің құзырындағы күштерді басқару мүмкіншіліктерін арттыру, авариялық құтқару қызметтері мен құрылымдарының қыс мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайындығы  мен олардың саны, құрамы және сәйкестілігін, сонымен бірге қолда бар материалдық-техникалық ресурстар, электр қуатымен қамтамасыз ету көздерінің қорын тексеру жаттығудың негізгі мақсаты болып табылады.

Л.ТЕЛЬМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button