Жаңалықтар

Қант бағасы қалыпқа келді ме?

Сауда

Жеміс-жидектердің пісетін шағында қант бағасының күрт шарықтап кететіні рас. Өткен аптада Ақтөбе қаласындағы кейбір сауда нүктелерінде бір келі қанттың бағасы 315-335 теңгеге көтерілгені белгілі. Қант бағасының қазіргі жағдайы қалай?

Бұл туралы  Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Руслан Әжниязов:

Қант бағасы тұрақталды. Қазір қаладағы «Анвар» сауда желісі келісін 228 теңгеден алған қантты 251 теңгеден сатылымға шығарып жатыр. Алайда қалада қант тапшылығын болдырмау үшін бір қолға 5 келіден артық қант сатылмайды. Өткен демалыста «Дина» сауда желісіне «Орта-азиялық қант корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 68 тонна қант жеткізілді. Бүгінгі күні бұл сауда желісінде қанттың бір келісі 259 теңгеден сатылып жатыр. Мұнда да бір қолға 5 келіден артық қант алуға рұқсат жоқ.

Өткен аптаның бейсенбісінде Ақтөбе қаласындағы ірі жеткізуші кәсіпорындардың бірі — «Фирма АС-АН» ЖШС-на да 68 тонна қант жеткізілген. Бүгінде сол  кәсіпорынның қоймасында 40 тонна қант қалыпты.

«Фирма АС-АН» серіктестігінде қанттың көтерме бағасы — 265 теңге. Қазір қаладағы өзге де сауда нүктелерінде қант бағасының түсіп жатқаны байқалады. Өйткені, өткен апталарда Орталық және «Жилгородской рынок» базарларында қант бағасы 315-335 теңге аралығында сатылса, қазір бұл базарлардағы қанттың келісі 305-320 теңге аралығында сатылып жатыр, — дейді Руслан Әжниязов.

Белгілі болғандай, осы аптаның аяғында «Анвар», «Дина» сауда желілері мен «Фирма АС-АН» серіктестігінің әрқайсысына бір вагоннан қант жеткізілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button