Жаңалықтар

«Mega Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығы ашылды

«Мінсіз» сыйлығы иегерінің сыйы

Өткен жұмада қаланың 11-шағын ауданында орналасқан «MEGA Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығы ашылды. Аталған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен «Astana Group» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов қатысты.

Салтанатты жиында алғаш сөз алған облыс әкімі Елеусін Сағындықов жиналғандарды ғимараттың ашылуымен құттықтады.

— Осыдан біраз уақыт бұрын Елбасының Ақтөбеге сапары кезінде осы ғимаратты ашу жоспарда болған еді. Алайда уақыттың тығыздығына байланысты кейінге қалды. Бүгін, міне, көптен күткен орталықтың ашылуына жиналып отырмыз. Енді Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бар ойын-сауық орталығы біздің қаламызда да бой көтерді. Бұндай демалыс орталығы Ақтөбе секілді динамикалық тұрғыда дамып келе жатқан қалаға өте қажет. Сондай-ақ аталған нысан іске қосылғанда мыңнан аса жұмыс орны ашылып, жыл сайын бюджетке 200 миллион теңге салық төленеді, — деді ол. Сонымен бірге облыс басшысы соңғы жылдары қалада атқарылып жатқан игі жұмыстар мен облыс экономикасының дамуы туралы айтып өтті.

Бұдан кейін сөз алған «Astana Group» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов отбасылық демалысты тиімді өткізуде орталықта барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Аталған орталықты салуда облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын және  қолайлы инвестициялық жағдай жасалып, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуде үлкен көмек көрсетілгенін жеткізді.

— Алдағы уақытта «MEGA Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін сүйікті демалыс орнына айналады деген ойдамыз. Өйткені ғимарат орталық және демалыс саябағында орналасқан. Бұған қоса, мешіт пен шіркеу және «Келісім мен Бірлік» сулы-жасыл бульвары да осы маңда. Сондықтан ойын-сауық орталығы тұрғындардың демалысы үшін өте қолайлы болмақ. Сондай-ақ орталықтың құрылысын қаржыландыруға «Халық банкі» демеушілік көрсетті. Инвестицияның жалпы көлемі — 70 миллион доллар. Аталған банк Алматыдағы орталықты қаржыландыруға да ат салысқан болатын, — деді.

Бұдан соң облыс әкімі мен компания президенті ғимараттың лентасын қиып, ішке енді. Олар ғимараттың ішін аралап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Елеусін Сағындықов орталықта саудаға шығарылатын заттардың барлығы халықтың қалтасы көтеретіндей бағаға сатылатынын айтса, Нұрлан Смағұлов ғимарат іші жаңа жобада жасалғанын жеткізді.

«MEGA Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығының жалпы көлемі 45 мың шаршы метр. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан кейінгі еліміздегі төртінші ірі ойын-сауық нысаны. Бұнда тұрғындардың демалып, қыдыруына барлық жағдай жасалған. Аталған орталықтың бір күнде отыз мың келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар. Яғни бұнда «Kinopark» жүйесі негізінде үш өлшемде көрсететін жеті кино залы орналасқан. Сондай-ақ «MEGA Ice» мұз айдыны мен әр түрлі жастағы балаларға арналған аттракциондар мен ойын автоматтары бар «Babuion» саябағы және  360 орындық фуд-карт, түрлі дәмханалар жұмыс істейді. Сондай-ақ «MrBurge rPizza», «Musettei», «LFC», «Taksim», «Kemer», «Black Broywn» кофеханалары және  тұрмыстық техникаларды сататын «Технодом» супермаркеті мен «Grenmart» гипермаркеті де тұрғындарға қызмет көрсетеді. Аталған гипермаркетте 30 мың тауар түрі саудаға шығады. Сонымен бірге «Adidas», «Oggi», «Sprinfeld», «Rebok»,  «Naf- Naf», «Oliber», «Sela», «InCiti», «Swiss», «Beaytymania», «Kira Plastinina», «Интертоп», «Городок» секілді әлемдік және ресейлік компаниялардың киімдері сатылады.

«MEGA» ойын-сауық орталықтарының барлық жобаларын әлемдегі сауда және ойын-сауық орталықтарын жобалауда отыз жылдық тарихы бар француздың «Design Archi tectral» компаниясы жасаса, құрылысын жүргізу жұмыстарымен отандық «Astana Group» компаниясы айналысты. «MEGA» еліміздің ТОP-50 компанияларының арасында 14-ші орынды иеленсе, 2008-2009 жылы берілген Қазақстан тұтынушылар лигасының «Мінсіз» сыйлығының иегері.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button