Жаңалықтар

Дін өкілдері доп қуды

Өткен сенбі, жексенбі күндері қаладағы діни ұйымдар өкілдері футболдан өзара күш сынасты. Турнирге қатысқан төрт команда бір-бірімен кездесіп шықты. Алдымен «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің командасы қалалық орталық мешіт футболшыларын 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал Қасиетті Николай православ кафедралық соборы қалалықтардан 1:4 есебімен ұтылып қалды. Жарыстың екінші күні де қызықты өтті. Алайда жеңімпаз «Нұр Ғасыр» және қалалық мешіт командалары арасындағы ойында шешілді. Бұл кездесуде қалалықтардың мерейі үстем болды, есеп — 3:2.

Жарыс қорытындысында 3 ойында бір де бір ұпай жоғалтпаған қалалық орталық мешіт командасы 9 ұпаймен 1-орынды жеңіп алды. «Нұр Ғасыр» орталық мешіті ойыншылары 6 ұпаймен 2-орынды иеленді. 3-4-орын Қасиетті Николай православ кафедралық соборы мен «Истина» інжілдік христиан-баптистер шіркеуінің еншісінде қалды.

Жарысты ұйымдастырған облыстық ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Ермек Тауанов 4 командаға да бірдей жүлделер тапсырды. «Нұр Ғасыр» мешіті командасының ойыншысы Аманжол Әділов жарыстың «Ең үздік шабуылшысы», қалалық мешіт қақпашысы Нұртас Мырзакелдиев «Ең үздік қақпашы» атанды.

Бердібай КЕМАЛ.

Мамандық марапатталды

Өткен жұмада кітапханашылар күніне орай Н. Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Мамандығым — мақтанышым» атты мерекелік кеш өтті. Аталған шараға «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрайымы Сұлупан Шынтасова мен «Нобель» баспаханасының басшысы Нұрлан Жұмағалиев және ардагерлер мен мәдениет қызметкерлері қатысты.

Жиында алғаш сөз алған кітапхана директоры Райса Қопақова жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.

Жалпы, кітапханашылар күні 2004 жылдан бастап аталып келеді. Осы уақыттан бері облыстық балалар кітапханасы да мерекені атаусыз қалдырмайды. Бұл жолы да бірқатар кітапханашылар алғысқа бөленді. Мәселен, Сұлупан Шынтасова төрт адамға қала әкімінің Алғыс хатын тапсырса, ал «Нобель» баспаханасының басшысы Нұрлан Жұмағалиев алты адамға баспа атынан Алғыс хат ұсынды. Ал «Меценат» қайырымдылық қорының төрағасы Аймырза Жаманқұлов кітапханаға ақшалай сый жасады.

Аталған кітапхана биыл қалалық мәслихаттың тапсырмасымен «Ақтөбе қаласының құрметті азаматтары» атты кітапты шығарған болатын. Жиында осы мәселелер сөз болып, келушілер  кітапханашыларға алғыстарын жеткізді.

Сондай-ақ жиында Гүлсамал Аймаханова өлең оқыса, жергілікті өнерпаздар ән айтып, би биледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеге келіңіз!

Өткен сенбіде «Табыс» коммуналдық базарында дәстүрлі облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Бұл жолғы жәрмеңкеге барлық аудандармен бірге Ақтөбе қаласынан 150 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Жәрмеңкеде саудаға шыққан өнімдердің барлығы базар нарқынан әлдеқайда төмен бағамен сатылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудадағы орташа бағасы Ақтөбе қаласындағы коммерциялық базарларға қарағанда, 13,3 пайыздан 45,0 пайызға дейін төмен болды. Осы саудада 13,0 млн. теңгенің өнімдері сатылды.

Жәрмеңкеде 51,4 тонна картоп, 69,0 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 7,83 тонна ет, 3,3 тонна балық және 1,78 тонна сүт өнімдері саудаға шығарылды. Әйтеке би, Қобда, Ойыл аудандарынан келген кәсіпкерлер ет өнімдерін шығарса, Ырғыз, Хромтау аудандарынан әкелінген балыққа жұртшылықтың сұранысы жоғары болды. Ал Байғанин, Хромтау, Алға аудандарының сүт өнімдері мен Алға, Қарғалы, Мәртөк және қаладағы «Бизнес дамыту орталығы» ЖШС-нің көкөністерін жұртшылық талап алды.

Келесі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі 24 қазанда «Табыс» коммуналдық базарында өтеді. Ақтөбе қаласының тұрғындарына жәрмеңкеден өздеріне қажетті, жоғары сапалы әрі арзан өнімдерді тиімді бағамен алатындарын тағы бір рет ескерткіміз келеді. Ендеше, жәрмеңкеден қалмаңыз!

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button