БілімЖаңалықтар

Ақтөбеде тестілеу орталығы ашылды

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің жанынан тестілеу орталығы ашылды. Бұл — аталған оқу ордасының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған тартуы.

Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Алдымен аймақ басшысы сөз алып, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі үшін білім беру саласының да үлесі зор екенін, ел экономикасының қарқынды дамуы білімді жастарға, білікті мамандарға тікелей байланысты екендігін айтты.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев білім беру саласындағы жетістіктерді тілге тиек етті.

Соңғы 3 жылда біздің облыстың білім беру саласы үшін бюджеттен 164 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде, 6910 орынға арналған 30 жаңа мектеп еңсе тіктеді. Қандай қиын жағдайға қарамастан, бұл бағыттағы жұмыстар, игі істер  үздіксіз жалғаса беретін болады, — деді облыс әкімі.

Ұлттық бірыңғай тестілеу — білім сапасының көрсеткіші. Биыл облыстағы 422 мектепті 6510 түлек бітіреді. Олардың 4820-сы (77 пайызы) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріпті.

Тестілеу — мектеп бітірушілердің 11 жыл бойғы алған білімінің сынға түсер сәті. Түлектердің жауапты емтиханды талапқа сай ғимаратта тапсыруы үшін біз өз тарапымыздан барлық жағдайды жасап жатырмыз. Бүгінгі ашылатын тест орталығы — соның бір дәлелі, — деді Бердібек Сапарбаев.

Мұнда Ақтөбе қаласындағы 23 мектептің түлектері ҰБТ тапсырады. Бұл мектептерді жалпы 1058 оқушы бітіреді. Соның 878-і тестілеуге қатысуға өтініш берген.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев мектеп басшыларына мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға моральдық-психологиялық тұрғыдан даярлау керектігін баса айтты. Бұл ретте мамыр айының 21-і мен 29-ы күндері жаңа ғимаратта өтетін сынама тестілеуге ҰБТ-ға өтініш білдірген барлық түлектердің қатысуы да өз нәтижесін береді.

Келесі жылдан бастап бұл орталықта тек мұнда бекітілген 23 мектептің ғана емес, қаладағы барлық мектептің оқушылары сынама тестілеу тапсыруы тиіс. Сондай-ақ, тиісті министрлікпен келісіп, мемлекеттік қызметкерлердің де осы орталықта тест тапсыруын ұйымдастыру керек, — деп аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ҰБТ-дан жоғары балл жинауға тілектестігін білдірді.

Салтанатты шара барысында сөз алған С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан Ахан ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен аталған оқу ордасының 20 жылдық мерейтойы аясында университетте екі бірдей нысанды ашу жоспарланғанын айтты. Мұның бірі — тестілеу орталығы болса, екіншісі — технопарк.

Бұдан соң С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті Бекежан Ахан мен университет ректоры Әлия Ағзамова орталықтың лентасын қиды.  Содан кейін облыс әкімі бастаған топ ғимарат ішін аралап көрді.

Заман талабына сай жабдықталған үш қабатты ғимаратта 6 аудитория бар. Әр аудиторияда төрт бейне бақылау камерасы мен ұялы байланысты үзетін құрылғы орнатылған.

Ұлттық тестілеу орталығының №18 филиал жетекшісі Ғалымжан Исаевтің айтуынша, облыста ҰБТ өткізетін 15 пункт бар. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында орналасқан. Олар: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің тест орталығы және №8 орта мектеп.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button