Ыстық нан

Мемлекеттік бағдарлама
Ақтөбеде жеке шаруашылықпен айналысатын азаматтардың қатары көбейіп келеді. Жуырда ерлі-зайыпты Геворг Хачатарян мен Тамаша Ысқақова «Қайырымды наубайшы» атты наубайханасын ашты. Қазір шағын наубайхана қала халқына ыстық нан ұсынып отыр.
Геворг Хачатарянның негізгі мамандығы — технолог, аспазшы. Ақтөбедегі ірі мейрамханаларда ұзақ жылдардан бері бас аспазшы болып еңбек еткен. Асхананың қыр-сырын жақсы біледі.
— Ас әзірлеудің, оның ішінде нан пісірудің барлық технологиясын жетік білемін. Мейрамханаларда нанның түр-түрін әзірлеп жүрдім. Кейін «неге өзім кәсіп ашпасқа» деген ой келді. Әйеліммен ақылдаса келіп, шағын наубайхана ашуды жөн санадық. Бірақ қолдағы аз қаражат жетпейтін болды. Екінші деңгейлі банктердің бірімен хабарласып көріп едік, «Даму» қорымен келісім болса, ешқандай кедергінің жоқ екенін айтты. Дереу құжаттарды жинай бастадық. Бір айдың ішінде «Даму» қоры ұсынған жеңілдіктің арқасында бес миллион теңгені банктен санап алдық. Сөйтіп, істі бастап кеттік, — дейді Геворг.
Қаржы қолға тиген соң қазіргі наубайхана ашып отырған ғимаратты жалға алады. Ресейден нан таситын машина, нан пісіретін пеш және өзге де қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Алты адамға жұмыс тауып береді. Сөйтіп, биыл сәуір айынан бастап нан шығара бастайды. Қазір наубайханада нанның дәстүрлі түрінен бөлек, француз, итальян және армянның «Раздан» нандары мен бөлкелер пісіріледі. Олардың илеу, пісіру әдістері әртүрлі.
— Мен Еуропаның көптеген қалаларында болдым. Ол жақта бірінші кезекте нанның бағасына емес, сапасына мән беріледі. Денсаулыққа пайдалы жағы қарастырылады. Наубайхана ашқан кезде менің де мақсатым осы болды. Бұл жерде пісірілетін нандарға ешқандай артық қоспа қосылмайды. Барлығы ілгеріде өзіміздің әжелеріміз пісіретін әдіспен, яғни қарапайым ашытқы қосылып әзірленеді. Ұнның да сапасына қараймыз. Ұлттық нандар Қостанай ұнынан дайындалса, диеталық нандар «Рамазан» ұнынан пісіріледі. Тапсырыс бойынша нандарды арнайы полиэтилен пакетпен қаптап қоямыз, яғни гигиеналық тұрғыда таза болады, ешкім нанды қолмен ұстамайды, — дейді Геворг Хачатарян.
«Қайырымды наубайшы» өнімдері негізінен қаладағы жеке дүкендерге жіберіледі. Соңғы уақытта «Айс» серіктестігінің өкілдері әріптес ретінде өз дүңгіршіктерінде сатуға келісім беріпті. Қазір наубайханада нанның бағасы түріне қарай 65-80 теңге аралығында. Мәселен, үстіне күнжіт қосылған француз наны — сексен теңге. Ал дүкендерде «Қайырымды наубайшы» өнімдері сәл қымбат. Өйткені дүкен иелері алған ақысына үстеме қосып сатады.
— Дүкендердің бағасын біз бақылай алмаймыз. Олардың үстеме қосып сатуы орынды. Сондықтан алдағы уақытта халыққа ыстық нан ұсыну үшін өзіміздің нүктелерімізді ашқымыз келеді. Бұл кезде нанның бағасы қымбаттамайды әрі тұрғындар ыстық күйінде алады, — дейді наубайшы.
Наубайшылар нан ашыту, илеу секілді негізгі шаруаны түнде атқарады. Нан түнгі 12-ден кейін пісіріледі.
«Қайырымды наубайшы» өнімдері қаладағы жәрмеңкелерге де жиі қойылады. Жуырда өткен жәрмеңкеде наубайхана өнімдері сәскеге дейін өтіп кетіпті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



