ДенсаулықЖаңалықтарМереке

Медбике қызметі — құрметке лайық

12 мамыр — Халықаралық медбикелер күніне орай Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда салтанатты жиын өтті. Шараға облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарында еңбек ететін медбикелер қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов медбикелерді кәсіби мерекесімен құттықтап соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында атқарылған оң істерге тоқталды. Сондай-ақ бес медбикеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Алғыс хатын табыс етті.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев медбикелерді мерекесімен құттықтап, ұзақ жылдар медицина саласында еңбек еткен медбикелерді мәслихаттың және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Жалпы аталған мереке  әлемдегі алғаш қайырымдылық қорын құрып, медбике ісінің дамуына зор үлес қосқан әйгілі ағылшын әйелі Флоренс  Найтингейлдің құрметіне өткізіледі. Ф.Найтингейл ХІХ ғасырдың басында орын алған Қырым соғысында жараланғандарды күту үшін арнайы қызмет ұйымдастырып, медбике ісінің негізін қалады. Кейін медбике  атындағы халықаралық қор оның  құрметіне орай туған күнін Халықаралық медбикелер күні ретінде  атауды ұсынды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мереке біздің елде де кеңінен атап өтіле бастады. Ал биылғы шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар тойланып отыр. Қазіргі күні облыста  жеті мыңға жуық орта буын медицина қызметкері бар. Науқастарды сауықтыруға қатысты жұмыстың сексен пайызы медбикелерге жүктеледі.

Сондай-ақ жыл сайын мереке қарсаңында  «Үздік медбике» байқауы ұйымдастырылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев байқауға қатысушы медбикелерді арнайы диплом және сыйлықтармен марапаттады. Ал «Үздік медбике» атағына облыстық кеңес беру диагностикалық орталығының медбикесі Нұргүл Наурызбаева ие болды. Марапатқа ие болған ақ халаттылар қуаныштарымен бөлісті. Облыс әкімінің Алғыс хатын алған Темір аудандық ауруханасының медбикесі Ақмарал Тұрлыбаева бұндай марапатқа алғаш рет ұсынылыпты.

— Алғашқы еңбек жолымды Темір аудандық ауруханасынан бастадым. Осы жерде отыз бес жыл еңбек еттім.  Кәсібімнің қызығы мен қиындығын қатар көріп келемін. Медбике жұмысы күрделі әрі жауапты іс. Науқастың сауығып кетуі үшін бар күшімізді саламыз. Осы уақыт ішінде талай адамның денсаулығының түзелуіне  ықпал еттім. Еңбегімнің еленгеніне ризамын, — дейді ағынан жарылып. Мұғалжар аудандық туберкулез  ауруханасының медбикесі Жанат Төребекова да еңбегінің еленгеніне риза. Алғаш еңбек жолын 1998 жылы Шалқар қаласында мектеп медбикесі болып бастаған.

Сол уақыттан бері он үш жыл өтіпті. Қазір Қандыағаш қаласындағы ауруханада жұмыс істеймін. Жұмысымыз ауыр, соған қарамастан осы саланы таңдағаныма өкінбеймін. Медбике қызметі күрделі болса да, құрметке лайық, — дейді ол.

Марапаттан кейін мерекелік концерт жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар, оның ішінде кішкентай балдырғандар ән шырқап, би биледі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button