Жеңіс

Наурызда елге оралып еді…

Менің әкем Зинаш Дарбаев ел қорғауға 1942 жылдың 26 наурызында аттанып, содан қанды майдан жолдарынан өтіп, 1946 жылғы 20 наурызда оралады. Әкеміздің сол туған жеріне аман-есен жеткен ақжолтай айы деп көктемнің осы бір сәтін әулетімізде ерекше құрмет тұтамыз.

Әкеміз соғысқа дейін Шалқар локомотив депосында машинистің көмекшісі болады. Ол жиырма төрт жасында қолына қару ұстап, 3-ші Беларусь майданында жауға қарсы күреседі. Оның жауынгерлік құжаттарында бастапқыда 89-шы артиллерия полкында кіші сержант шенінде сапта болғаны айтылған. Содан кейін соғыс аяқталғанша минометшілер полкында сержант шенінде бөлімше командирі ретінде талай рет майдандастарын алға бастайды. Осындай шайқастардың бірінде ол ауыр жарақат алып, әскери госпитальда үш ай жатып емделгеннен кейін қайтадан қатарға қосылып, Отан қорғау жолындағы жорығын жалғастырады.

1943 жылы әкеме «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі, сонымен бірге ол көптеген медальдармен марапатталған.

Майдангер әкеміздің соғыста алған жарақаты ертерек сыр берді ме, ол елу жасында дүниеден озды. Мен әкем дүниеден озған соң үш айдан кейін дүниеге келіппін. Сондықтан да оның майдан жолдары туралы біле бермейтінім түсінікті.

Анамыз Нәзипа ақылды, еңбекқор, мінезге бай жан еді, ол өмірге Абдуллази, Әбилаш, Ақылимаш, Алуаш, Хадиша, Алтын, Фархат, Әбілқасым және кенжесі мені қосқанда тоғыз перзент әкеліп, тәрбиелеп-өсірді.

Әкеміз жеңіспен елге оралғаннан кейін де бұрынғы машинист көмекшісі қызметін жалғастырыпты. Мұнда да уақытпен санаспай, күн-түн демей адал еңбек еткен. Біздер де көбіміз әкеміздің жолын қуып, теміржолшы мамандығын таңдадық.

…Әкеміз өмірден озғалы да елу жылға жуық уақыт өтіпті. «Ерлік ескірмейді» деген бар. Біздің жарқын болашағымыз үшін қолына қару ұстаған асыл әкеміздің ерлігін ұрпақтары мақтан тұтады.

 Айгүл СЕЙІТМҰХАМБЕТОВА.          

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button