Жаңалықтар

Меже — 8500 дана

Қобдалықтар баспасөзге жазылу науқанына қызу қарқынмен кірісті. Оқырман тарту мақсатында аудандық пошта байланыс торабы әр түрлі шаралар ұйымдастырып, ең бірінші, ең көп жазылған тұрғындарға сыйлықтар тарататынын ай бойы хабарлады.

Өткен аптаның соңында Дүниежүзілік пошта күніне байланысты аудандық пошта байланыс торабының басшылығы Қобда гимназиясының мәжіліс залына аудан мекемелерінің басшыларын, аудан тұрғындарын жинады. Концерттік бағдарлама ұйымдастырып, лотерея ойнатты.

Пошта қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы Құрмет Исмағамбетов, аудандық білім бөлімінің бастығы Роза Шабарова құттықтады.

Жыл сайын баспасөзге жазылу науқанында біздің тарапымыздан үлкен күш жұмсалады. Биыл да баспасөз оқырмандарын тарту, қызығушылығын ояту, жұмысымызды белсендірек жарнамалау мақсатында, аудан тұрғындарының қатысуымен ұтыс ойындарын ұйымдастырып жатырмыз. Бұл тұрғындардың сүйікті басылымдарын жаздырып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, газет-журналдардың атауына, мазмұнына байланысты сұрақ-жауаптан тұратын сайыс өткізудің нәтижесінде оқырмандар отандық басылымдар туралы мағлұмат ала алды. Қобдалықтардың баспасөзге жазылу науқанына белсене қатысып жатқаны, әсіресе, мұғалімдердің жазылуға асығатыны бізді қуантады. Осы қарқынмен келесі жылға қойылған жоспарды уақытында орындайтынымызға сенемін, — деді аудандық пошта байланыс торабының бастығы Ғалиябану Медетова.

Пошташылардың кәсіби мерекесіне арнайы келген облыстық «Қазпошта» АҚ қаржылық қызметтер көрсету бөлімінің бастығы Олжас Сапарбаев жыл сайын баспасөзге жазылу науқанында поштаның қойылған жоспарды орындауы үшін аудан тұрғындарын жұмылдырып көмектесіп отырған аудан әкімі Любовь Исмағамбетоваға, аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусіноваға, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ақшолопан Оразоваға «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының Алғыс хатын тарту етті.

Мерекелік бағдарламаның ресми бөлімінен кейін, баспасөз құралдарына науқан басталғалы аудан бойынша бірінші болып жазылған №15 кәсіптік мектеп қызметкері Ұштап Бөребаеваға, ең белсенді жазылушы ретінде Қобда гимназиясының мұғалімі Зағипа Ариховаға, ең жас жазылушы Қобда гимназиясының 2-сынып оқушысы Нұртілек Елеусіновке пошта қызметкерлері өздері дайындаған бағалы сый-сыяпатын тарту етті.

Аудан орталығындағы 55 мекеменің баспасөзге 100 пайыз жазылатын ең белсенділері ерекше аталып, ұжымының биыл да толық жазылуын қамтамасыз еткен 15 мекеменің басшысы марапатталып, естелік сыйлықтар алды.

Мерекелік салтанатқа жиналғандар пошта қызметкерлері ұйымдастырған «Кім жылдам?» ойынына қатысып, сұраққа тез әрі дұрыс жауап бергендер жеңімпазға лайық сыйлықтарға ие болды. Оқырмандар жазылым полистері арқылы ұтыс ойынына қатысты.

А. БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button