7 бригада жол жөндеуге кірісті

Шаһар
Ақтөбе қаласындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды.
Күн жылынғаннан бері Ақтөбе қаласындағы көше жолдарының 400 шаршы метр аумақты қамтитын ойықтары мен шұңқырлары бітелген. Бүгінгі күні құрылыс техникалары Сәңкібай батыр даңғылы, М.Арынов, Н.Шәйкенов көшелері мен орталық шіркеу маңындағы жолдарға тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Сәңкібай батыр даңғылы — қаладағы шұңқыры көп жол. Сондықтан жол бойындағы ойықтар мен шұңқырларды жамау жұмысын осы көшеден бастадық. Бұл жұмыстарды «РусКазДорСервис» компаниясы жұмысшылары жүргізіп жатыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде асфальттың шұңқырлары ғана бітеледі, — деді «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Руслан Төреғали.
Сәңкібай батыр даңғылында құрылыс жұмыстары екі-үш күнге созылады. Көлік жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 100 миллион теңге қарастырылыпты. Бұл қаражатты 5 мердігер мекеме қаладағы асфальт жамылғысы бар көшелерді қалпына келтіру үшін игермек. Бүгінгі күні осы мердігер мекемелерден 7 бригада жол жөндеу жұмыстарына кіріскен.
— Ағымдағы жөндеу жұмыстары бір айға созылады. Бірінші кезекте қоғамдық көлік көп жүретін аумақтардың жолы жөнделеді. Сондықтан да көлік ағыны көп Мәншүк Мәметова көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Дегенмен қала жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Биыл қаладағы 20 көшеге күрделі жөндеу жүргізу үшін қазынадан 1,5 миллиард теңге қарастырылып отыр, — деді ол.
Р.Төреғалидің айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстары кезінде жолдар жабылмайды.
А.НҰРБАЕВА.



