Жер учаскелерін жалдау құқығы аукционда сатылды
Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі аукцион әдісі бойынша жер учаскелерінің жалдау құқығын сатуды бастады. Бұған дейін бұл мәселе конкурс арқылы өткізіліп келген еді.
— Бұл жер учаскелерін сату кезіндегі айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Жер учаскелерін аукцион арқылы сату таза бәсекелестік жолымен өтеді және бюджетке түсетін қаражаттың көлемін арттырады, — дейді «Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы Ұшқын Мыңбаев.
Негізінде азаматтық-өндірістік нысандардың құрылысын салу үшін жер учаскелерін жалдау құқығын сату аукционы биылғы жылдың 4 сәуірінде басталды. Бұл аукционда бастапқы сомасы 5 миллион теңгеге жалпы алаңы 51710 шаршы метрді құрайтын 10 жер учаскесі сатылды. Аукцион барысындағы бастапқы баға жиынтығында 27 миллион теңгеге дейін көтерілді. Мысалы, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан 1391 шаршы метр жер қаланың бас жоспарында мәдени-тұрмыстық кешен салынады деп белгіленген. Осы нысан 107 мың теңгеге аукционға шығарылып, нәтижесінде 8 миллион теңгеге иесін тапты.
Екінші аукцион 7 сәуір күні өткізілді. Мұнда он жер учаскесін сатып алуға ниетті 70 адам бас қосты. Бұл жолы да кәсіпкерлердің сұранысы жоғары болды. Мәселен, Кеңес Нокин ауылы аумағындағы 0,1 га техникалық қызмет көрсету станциясын орналастыру және қызмет көрсету мақсатына сай бастапқы баға 36300 теңге деп белгіленді. Ал талапкерлер таласы кезінде ол 5 миллион теңгеге дейін жетті.
Сондай-ақ «Заречный-3» тұрғын үй массивіндегі дүкен орналастыру нысаны 151119 теңгегден 5 миллион 150 мың теңгеге дейін шарықтады.
Аукционға түскен екі кемпинг салу үшін бөлінген жерге де таласушылар аз болған жоқ. Бұл жоспарға сәйкес алдағы үш жыл уақыт ішінде Ақтөбе-Хромтау тасжолы бойының солтүстік айналымында және Бекқұл баба ауылы тұсында жолаушыларға қызмет көрсету орындары салынбақшы.
Жаңа Әлжан элеваторы аумағындағы ет өңдеу комбинатын салу шаруасына ғана ұмтылушылар көп бола қойған жоқ. 2316000 теңгеге бағаланған нысан аса талассыз 2450000 теңгеге өтті де кетті.
Аукцион ережесі бойынша жеңімпаздар жалдау құқығын алған үш жыл ішінде келісімшартқа сәйкес өз міндеттемелерін орындауы тиіс. Сол уақытта жердің кадастрлық бағасына сәйкес сатып алу мүмкіндігін иеленеді.
Келесі аукцион 15 сәуір күні ұйымдастырылатын болады.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



