Жаңалықтар

Тергеу қызметі — тегеурінді жүйе

Жыл сайын 6 сәуірде елімізде және бұрынғы кеңестік мемлекеттерде ішкі істер органдарының тергеу аппараттары қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі атап өтіледі.

Қазақстанда тергеу органдарының құрылуы алдын ала тергеу өндірісі құқығының КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1963 жылғы 6 сәуірдегі Қаулысымен Ішкі істер министрлігіне қабылдануы деп есептеледі және бұл уақытты ішкі істер органдарында тергеу аппаратының құрылу күні деп есептеу қалыптасқан.

Сонымен бірге, тергеу тарихында тергеудің материалдық-құқықтық қорын бекіту, тергеу қызметкерлерінің штаттық құрамын көбейту бойынша елеулі шаралар қабылданған, процессуалдық тәуелсіздік пен дербестік берілген, бірінші рет облыстардың ІІБ басшыларының орынбасарлары лауазымы енгізілген 1989 жылғы 27 маусымдағы КСРО ІІМ «Ішкі істер органдарының тергеу аппаратының қызметін жетілдіру бойынша кейбір шаралар туралы» бұйрығы маңызды құжат болып табылады.

1995 жылы Қазақстанда алдын ала тергеу органдарының елеулі реформасы жүргізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 6 қазандағы Жарлығымен республикада Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Ол айтарлықтай күшті, барлық кадрлармен, жедел-іздестіру мүмкіндіктермен және қызметтермен қамтылған ведомство болды. Алайда бұдан кейінгі қоғамға үлкен қауіптілігі жоқ қылмыстарды анықтауға күш пен құралдардың алынуы, осы істер категориясына басым назардың шектен тыс шоғырлануы, сондай-ақ ішкі істер органдарымен өзара әрекеттестіктің болмауы, басқа құқықтық органдармен «бәсекелестіктің» орын алуы құқық қорғау органының тиімді қызметіне теріс әсер етті.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Мемлекеттік тергеу комитеті таратылды. Кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 сәуірдегі қаулысымен ҚР ІІМ құрамында Тергеу комитеті құрылды.

Қазіргі уақытта ІІМ алдын ала тергеу органдары жетіліп нығайды, қолайлырақ құрылым, жұмыс стилі мен әдісі анықталды.

Кәсіби мереке қарсаңында барлық қиындықтарға қарамастан осы жеңіл емес, бірақ қоғам үшін өте қажет мамандықтың қалыптасуына зор үлесін қосқандарды атап өту қажет.

Республиканың ішкі істер органдарының тергеу комитетін негізделуі күнінен бастап К.Баялин, кейін Х.Сағадиев, К. Нұрмағанбетов, С. Жүрсінбаев, Р.Қайдаров басқарды. Одан кейінгі жылдары тергеу басшылары В.Курбатов, Н. Рахымбердин, Е.Кененбаев, Г.Қалтаев, Е.Тұрғымбаев, К. Сунтаев, А.Саванков, М.Әміров болды.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысының ІІБ тарихында өзінің жанкешті еңбегімен тергеу кәсібіне адалдығын дәлелдеген және тергеудің кәсіби негізінің құрылуы мен қалыптасуына салмақты үлес қосқан тұлғалар да бар.

Солардың бірі — облыста тергеу қызметінің құрылуы және қалыптасуының қайнар көзінде тұрған  Аянберген Төреханов. Ол 1989 жылғы 23 тамызда Мәскеуде Ақтөбе облысы ІІБ басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бастапқыда еңбек қызметін Октябрь (қазіргі Мұғалжар) аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып бастаған, милиция майоры шенінде Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған ол үлкен өмір мектебінен өтті. Ол облыстағы мемлекеттік тергеу комитетінде 1997 жылдың мамырында 41 жасында полковник шенінде өз қызметін аяқтады. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында нотариус болып еңбек етуде, сонымен бірге, нотариалдық қызметті жүзеге асыруға лицензияны облыста алған алғашқылардың бірі болып табылады.

Ақтөбе облысының ІІБ тергеу аппаратында жұмыс істеген бірқатар қызметкерлер кәсіби жағынан өсіп және бұрынғы КСРО мен ҚР аумағындағы құқық қорғау органдарында лайықты қызметтерін жалғастырды. Олардың қатарында Е.Стасенко, М.Есекенов, Е.Шотанов, М.Танкеев, С.Қайдаров, А.Қойшин, Р.Досанов, Б.Қожаниязов, Г.Анарбекова, А.Маханбетов секілді азаматтар бар. Менің өзім де осы салада бірқатар жұмыстар атқардым. Облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасары,     ҚР қаржы полициясы орталық аппаратының бірқатар департаментінің, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары департаменттерінің басшысы қызметтерінде болдым. Қазір ҚР Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментінің директорымын.

Осы күрделі және сирек мамандыққа өз өмірінің маңызды бөлігін арнаған және қазіргі тергеушілер буынына еліктеуге үлгі болатын аға ұрпақтың барлығын саралап өту қиын, әрине. Істерді уақытылы және сапалы тергеу, тергеу органдары қызметінің объективтілігі мен тиімділігі, әдетте, тек тығыз өзара әрекеттестік пен прокуратура, анықтау, сарапшылық криминалистикалық қызмет органдарының және басқа жедел құрылымдық қызметкерлердің көмегімен болуы мүмкін.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы өтпелі кезеңде құқық қорғау органдарын басқарған тұлғалардың ерекше үлесі олардың еңбегімен, іске қоғам алдындағы өз азаматтық борышы ретінде қарауымен, өз әрекеттері мен істеріндегі тәртіптілігімен құқық қорғау органдарының құрылымы мен жұмысқа қабілеттілігі сақталып, қалыптасты деп пайымдаймын. Бұл ауқымда тергеудің нығаю ісіне елеулі үлес қосқан Ақтөбе облысының ІІБ бастықтары И.Леляк, А.Дихтярь, Ғ.Бижігітов,

К.Жұмабаев, С.Есімов, тергеу басшылары Н.Серікбаев, М.Аққұлов, К. Қойлыбаев, аудандық буында Б.Рақышевтің еңбегін атап өткім келеді.

Сөзсіз, өмір осымен тоқталған жоқ, қоғам дамып келеді, онымен бірге жаңа әдісті, заңнамалық реттеуді қажет ететін жаңа қоғамдық қатынастар пайда болуда. Осыған байланысты күн тәртібінде азаматтардың конституциялық құқықтарының тиімді қорғалуын жақсарту, процессуалдық қызметті жеңілдету мен жетілдіру мәселесі тұрады.

Қазақстан Республикасы қылмыстық сот өндірісінің негіздерін түбегейлі қайта өңделуі жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-процестік Кодекстердің әзірленуіне және 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуіне себеп болды.

Құқық қорғау органдарының барлық бұрынғы және қазіргі тергеушілерін, анықтаушыларын кәсіби мерекемен құттықтап, күрделі, бірақ өте маңызды қызметте сәттілік, денсаулық, отбасыларына және істеріне амандық тілегім келеді.

Мерекелеріңізбен, құрметті офицерлер!

 Мұратқали ХАЙРУЛЛИН,

тергеу қызметі саласының ардагері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button