Эльвира Эльмираға бауырын берді

Ақтөбеде екінші рет бауыр трансплантациясы жасалды. Бұл жолы 33 жастағы Эльмира Атыраубаеваның бауыры ауыстырылды.
Операцияны Сеул ұлттық университетінен келген профессор Кванг Вунг Ли және ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы Жақсылық Досқалиев бастаған ақтөбелік хирургтер жасады.
Эльмира Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тумасы. Отбасылы, екі ұлы бар. Біріншісі сегізде, екіншісі бес жаста. Жолдасы Шұбарқұдықта жүргізуші болып жұмыс істейді. Операцияның алдында біз Эльмирамен ауруханада кездестік. Біз барғанда жас анаға күрделі ота жасау үшін дайындық жүргізіліп жатты.
Эльмира бұл дертке 2011 жылы шалдығыпты. Дәрігерлер бірінші ретті билиарлы бауыр циррозы деген диганоз қояды. Бірнеше рет ауруханада ем алады. Алайда нәтиже болмайды. Астана, Алматы қалаларындағы емдеу орталықтарына да барып көреді.
— Ұзақ уақыт тұрақты түрде дәрі қабылдадым. Бірақ қанша тырыссам да емнің, ішкен дәрінің шипасы болмады. Соңғы уақытта тіпті жағдайым нашарлап кетті. Денем қарайып, көзімнің іші сарғайып, әлсірей түстім. Ешқандай шаруа істей алмайтын күйге жеттім. Соңғы рет дәрігерге қаралғанымда бауырды ауыстырмаса, жағдайдың әрі қарай қиын болатынын ескертті. Дәрігердің бұндай шешімін естігенде қатты қиналдым. Кейін өзімді қолға алып, туысқандарыма айтып, донор іздей бастадым. Әкемнің інісінің қызы, яғни немере сіңлім Эльвира ерлік танытып, бауырын беретін болды. Сіңлімнің бұл қадамына алғашқыда қуансам, кейін уайымдадым, — дейді Эльмира.
Ал Эльвира Атыраубаева отыз екі жаста. Тұрмыс құрмапты. Бұндай шешімге ешкімнің өтінішінсіз өзі келген.
— Эльмира екеуіміз бала күнімізден бірге өстік. Әулеттегі өзге қыздарға қарағанда ол маған жақын болды. Бірге ойнап, мектепте де бірге жүрдік. Оның бауыр ауруына шалдыққанын естігенде қатты қиналдым. Сондықтан бауырым үшін ойланбастан донор болуға келістім. Облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереев екі апта сұйық тамақ ішіп, артық салмақтан арылу керектігін айтты. Мен дәрігердің барлық талабын орындадым. Бұған дейін бауыр трансплантациясы жасалған Алтынгүл Исмайлова мен Әділбек Куразовтың да денсаулығына қатты алаңдадым. Тіпті уайымдап ертең біздің жағдайымыз қалай болар екен деген ойлар келді. Кейін отаның сәтті өткенін естіп, Әділбекпен тілдестім. Ол «ешқандай қорықпа, бәрі жақсы болады» деп жігер берді, — дейді Эльвира.
Апалы-сіңлі екеуі де бұған дейін ота үстеліне жатып көрмепті. Эльвира ауруханада науқастарды арбаға жатқызып алып бара жатқанын көргенде жүрегі ауыратынын айтады.
— Таңертең көрші палатадағы азаматты бүйрегін ауыстыруға алып кеткенде, қатты қиналдым. Ертеңгі өзіме жасалатын операцияны ойлап, көзіме жас келді. Қанша рет көңілді отыруға тырыссам да жүрегімде қорқыныш бар. Әуелі, Аллаға, содан кейін дәрігерлерге сенемін, — дейді Эльвира.
Эльвира операцияның сәтті өтіп, бәрінің жақсы болатынына сенеді. Тұрмыс құрып, бала-шағалы болуды армандайды. Эльвираның негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірақ соңғы уақытта Шұбарқұдықта логопед болып жұмыс істепті. Қазір донор болуына байланысты жұмыстан босаған. Апасының денсаулығы түзеліп, өзінің қатарға қосылғанын тілейді. Эльвирамен тілдескенімізде ештеңеден саспайтын, бауыры үшін бәріне даяр, қайсар қыздың мінезін байқадық.
Эльмира мен Эльвираға сәттілік тілеп, ауруханадан шықтық.
P.S.
Операция жасалғаннан кейін өзі де сол отаға қатысқан облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереевпен тілдесіп, науқастардың жағдайын білдік. Сегіз сағатқа созылған ота сәтті аяқталыпты. Қазір екі науқастың да жағдайы жақсы. Дәрігерлер күні-түні бақылауға алған. Сәтін салса, бір айдың ішінде ауруханадан шығады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.





Ержурек,батыл азаматша!жарайсын,Эльвира!!!
Аллах разы болсын сізге туған баурлардың арасындағы ерлікті Аллахым бəріне нəсіп етсін.қиын қыстау кезінде жəрдем берген..бауыр бас ауырып балтыр сыздағанда дид….
Мейрамдарыңызбен қыздар
Жарайсын,Эльвира!кандай батыл,ержурек азаматшасын!!!
Бундай кадамга кез келген адам бармайды.Нагыз жанашыр бауыр екенсин.Узак гумыр тилеймин.Ауырма!
ЭЛЬВИРА сен өзіңнің бауырмал,батыл екеніңді дәлелдедің.Жарайсың құрбым.Мен саған сенгенмін.Денсаулық тілеймін,БАҚЫТТЫ БОЛ.
Сен апаңа ӨМІР,балаларына АНА ,жолдасына ЖАР силадың.ЖАРАЙСЫҢ.
Ақ халатты абзал жандарға да алғысым шексіз.
Алла жар болсын, аман-есен жанұяңның ортасына қосыл!
Жаналықты оқып, аяқтағанша жүрегім ауырып, көзімнің жасын тоқтата алмадым. Алланың сынағынан сүрінбей өттіңіз, Эльвира. Сізге Алла бәрін береді. Өзге түгел өз бауырына жаны ашымайтын тас жүректерге үлкен сабақ болатын болды сіздің жасаған қадамыңыз. Алда шипасын берсін! Тел сауығып кетіңіздер!
Жаналықты оқып, аяқтағанша жүрегім ауырып, көзімнің жасын тоқтата алмадым. Алланың сынағынан сүрінбей өттіңіз, Эльвира. Сізге Алла бәрін береді. Өзге түгел өз бауырына жаны ашымайтын тас жүректерге үлкен сабақ болатын болды сіздің жасаған қадамыңыз. Алда шипасын берсін! Тез сауығып кетіңіздер!