ДенсаулықЖаңалықтар

Ақтөбеде сегізінші рет бүйрек ауыстырылды

Кеше облыстық клиникалық ауруханада Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма басшысы, профессор Болатбек Баймаханов бастаған хирургтер отыз жастағы ақтөбелік азаматтың бүйрегін ауыстырды.
Облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, науқас өткен жылы тіркеуге алынып, бақылауда болған.
— Науқас ауыр бүйрек дертіне шалдыққан. Жүргізілген емнің нәтижесі болмағаннан кейін бүйрек ауыстыру қажеттігі анықталды. Науқастың 58 жастағы анасы бүйрегін беретін болды. Осыдан кейін жан-жақты тексерулер жүргізіліп, отаға дайындадық. Қазір Ұлттық ғылыми орталықтан келген мамандармен бірге ақтөбелік хирургтер ота жасап жатыр. Бұл — облыста жасалып жатқан сегізінші ота,— деді бас хирург.
Қазіргі күні облыста 168 адам бүйрек, 60 адам бауыр, 6 адам жүрек ауыстыруды қажет етеді. Облыстық аурухананың бас дәрігері Самат Данияровтың айтуынша, бүйрек, бауыр трансплантациясын жасауда аурухананың мүмкіндігі зор. Өткен жылы алты маман Оңтүстік Корея елінде білімін жетілдіріп келіпті. Биыл он бүйрек, бес бауыр ауыстыру отасын жасау көзделіп отыр. Екінші бауыр ауыстыру отасы кореялық профессор Кванг Вунг Лидің қатысуымен бүгін жасалады.
Бауыр мен бүйрек ауыстыру отасына қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Мәселен, бір бүйрек ауыстыру үшін 3 миллион 600 мың теңге жұмсалса, бауырға 25 миллион теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ ауруханада жамбас пен тізе буындарына эндопротез салу отасы сәтті жасалып жатыр. Осы уақытқа дейін 150 науқасқа эндопротез салыныпты.
— Қазір аурухана хирургтері ауыр ота түрлері, оның ішінде трансплантация жасау әдістерін меңгеріп жатыр. Бүгінде біздің хирургтер бүйрек ауыстыру отасын өздері жасай алады. Бұған дейін жасалған оталардың барлығы сәтті өтті. Науқас азаматтармен байланыс үзілмейді. Олар дәрігерлердің қадағалауында болады, — деді бас дәрігер.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button