Құрылыс саласында келеңсіздіктер неге көп?

Құрылыс индустриясын дамыту еліміздің ілгері басуының маңызды факторларының бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында облыстың құрылыс саласы қалыптасып, іргесін бекіте түсті. Қазіргі уақытта оның нығаюына ірі құрылыс компанияларымен қатар шағын және орта бизнес өкілдері үлес қосуда.
Осы жайларды айта келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі күні әлеуметтік мәні жоғары жобаларды дер кезінде және сапалы жүзеге асыруға кедергі келтіретін бірқатар проблемаларды көпшілік талқысына салды. Облыс әкімдігінде өткен бұл жиынға аталған салаға қатысты басқармалар мен мекемелердің басшылары, құрылыс компанияларының жетекшілері қатысты.
— Ең алдымен құрылыс сапасына көңіл бөлуіміз керек, — деді Бердібек Машбекұлы, — Елбасымыз Ақтөбеге келген сапарында «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірыңғайлығын сынға алған еді. Жақында қабылдауында болғанымда осы мәселеге қайта оралды. Құрылыс саласына қатысты қаншама мамандар жұмыс істейді, әлі де ізденіс аз, тұрғындардың талап-тілегі, талғамы ескеріле бермейді.
Құрылыс ісіндегі проблемалық мәселелер қатарында ең алдымен жобалау-сметалық құжаттамаларды жасау мен келісу барысында туындайтын келіспеушіліктер ең алдымен аталды. Талдау көрсеткеніндей бұл көрсеткіш орташа есеппен алғанда тоғыз айға дейін созылады екен.
Жобалау ұйымдары бұл ретте «Мемлекеттік сараптама» республикалық мекемесі Ақтөбе филиалының жұмысына қанағаттанбайтындығын білдіреді. Жобаның кідірісінің де себебін солардан іздейді. Мәселен, Мәртөк селосындағы әкімдік ғимараты мен осы аудандағы Аққайың ауылындағы 100 орындық орта мектептің жобалары үш ай бойы қаралған, ал Ақтөбе қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының жобасын сараптамадан өткізуге 114 күн кеткен.
Бір қызығы, «Мемлекеттік сараптама» республикалық мекемесінің Ақтөбе филиалы мұндай кемшіліктердің бәрін өз мойнына ала бергісі келмейді. Ондағылар жобалау ұйымдары жұмыстарының төменгі сапада орындалғанын тілге тиек етеді. Олардың айтуынша, жобалаудың қарапайым, базалық нормалары бұрмаланады, өрескел қателіктерге жол беріледі. Жобалаушылар әлі күнге дейін ғимараттарды мүгедектер арбасы үшін қажетті пандуспен жарақтандыру қажеттігі туралы талапқа назар аудара бермейді. Сараптамашылар сондай-ақ «АйнЭд», «Құрылыс Инжиниринг Ақтөбе», «Энерго-Инжиниринг», «Бизнес Навигатор LTD», «Сәулет жоба», тағы басқа бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыстарына байланысты шағым-ескертулерін айтады.
Жобалау мерзімінің сақталмауы, яғни ұзаққа созылуы салдарынан мектептер, ауруханалар, балабақшалары мен тұрғын үй құрылысы нысандары уақытында салынбайды.
Жиында жергілікті материалдарды пайдалану жайы арнайы әңгіме өзегіне айналды. Бұл ретте де жобалау ұйымдары назар аударатын жайттар бар. Мәселен, жобада бағасы жағынан отандық өнімнен жоғары тұратын ресейлік құрал-жабдықтарды қолдану орын алған кезде бұл жобадан ауытқуға жол ашты. Сонымен бірге құжатты тиянақтау үшін «Мемлекеттік сараптама» мекемесіне қайтаруға тура келді. Мұның өзі жобалаудың мерзіміне кері әсерін тигізді. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына қажетті электрмен жабдықтау желісі құрылысын салу барысында да осындай келеңсіздіктер орын алды. Облыс басшысы жобалаушы мекеме — «СредАзЭнергоСтройМонтаж» ЖШС басшылығын осыған байланысты сын тезіне алды.
Бірқатар құрылыс материалдары өзімізде өндірілсе де, ескі дағды бойынша Ресейден немесе Қытайдан жеткізу әлі тоқталар емес. Бұған тосқауыл қою жайы айтылды.
Алдағы уақытта Қарғалы ауданы аумағында цемент зауыты салынбақшы. Бұл облыста құрылыс салу ісіне көп жеңілдік әкелері сөзсіз.
Құрылыстың белгіленген мерзімде салынуы және сапалы болуы маңызды. Өкінішке қарай, бұл өлшемдер сақтала бермейді. Кейбір құрылыс компаниялары құрылыс салу процесінде қаржыны үнемдеуге ұмтылып, жоба талаптарын бұрмалайды, материалдарды өзгертеді. Мәселен, «РАД-Стройкомплект» компаниясы жобалық шешімді өз бетімен өзгертуге жол берді. Соның салдарынан нысан қазіргі уақытқа дейін аяқталмаған күйінде қалып отыр. Бұл мәселеге қатысты құрылыс және техникалық қадағалау басқармасы басшылығына ескерту жасалды.
Ақтөбе қаласындағы Заречный поселкесіндегі 150 орындық балалар бақшасының, Сазды-2 поселкесінің жаңа құрылыс аумағындағы газбен жабдықтау желісінің құрылыстарында да ауытқушылықтар орын алды.
Құрылыс жобаларының құны жалпы нысан бағасының 5 пайызынан аспауы тиіс.
Құрылыс жұмысының сапасына кері әсер ететін басқа да жағдайлар бар. Мысалы, бірқатар құрылыс компаниялары барлық жоспарланған тендерлерге қалдырмастан қатысады, олардың түпкі мақсаты — жобаны қосымша мердігерге беру есебінен жұмыс істеу.
Мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша қатысушылар арасындағы келіспеушілік те ортақ жұмысқа кеселін тигізеді. Ұзаққа созылатын сот процестері айналып келгенде құрылысты кідіртеді. Облыс басшысы кейбір азаматтардың «тендерде мен ұтпасам, өзгелерге де болмасын» деген пиғылы дұрыс еместігін еске салды. Өйткені осындай құбылыстар жобаны мерзімінде жүзеге асыру, бюджет қаржысын тиімді пайдалану ісіне кедергі келтіреді.
Қандай да бір проблемаларды шешуде қоғамдық немесе кәсіби қауымдастықтардың, мәселен, құрылысшылардың және жобалаушылардың ассоциациясы ауқымды рөл атқарар еді.
Автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу бойынша жұмыстар да сапалы жүргізілуі тиіс. Биылғы жылы Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы тасжолды жаңғырту қолға алынбақшы. Осы жолдар бойындағы елді мекендердің тұрғындарын жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қазірден бастап ескеру қажет.
Жиында жобалау мәселелері бойынша «Ақтөбеазаматтыққұрылысжоба» кәсіпорнының төрағасы Әбубәкір Әжіғалиев, қаланың архитектуралық бейнесі туралы «Құрылысконсалтинг» АҚ филиалының директоры Жәнібек Тәттібаев, құрылыс индустриясы мәселелеріне қатысты «Стройдеталь» ЖШС директоры Анатолий Симонов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жобалау туралы Жаңабек Мәменов сөз сөйледі.
Облыс басшысы жиын қорытындысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы мәселеге тоқталды. Ол ірі құрылыс компанияларының жетекшілеріне «Сіздер бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуды қолға алуларыңыз керек. Бұл ретте мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы біз де қолдау көрсетеміз» деп нақты тапсырма белгіледі.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



