ЖаңалықтарӘлеумет

Жол мен баға не болып жатыр?

Қаңтардың 1-інен бастап облыс аумағында ауа райы күрт құбылып, аяз күшейіп кетті. Қаңтардың 2-3-і күндері ақ түтек боран болды. Соның салдарынан қаңтардың 3-і күні ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті біздің облыстағы барлық бағыттардағы жолдарды жапты. Көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Қытымыр қыстың ызғары жолаушыларға қалай әсер етті? Жалпы қыстағы ауыл тірлігі қалай? Жол жабылуы салдарынан, ауылдарда азық-түлік бағасы күрт көтеріліп кеткен жоқ па? Біз бұл туралы білмек ниетпен аудандардағы жауапты қызметкерлерге хабарласқан едік.

Алға

Нұрбол Сүрбаев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
— Қаңтардың 1-2-сі күндері боранның салдарынан Алға ауданындағы барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Жалпы ауданда 32 елді мекен бар. Аудандық маңызға ие жолдардың ұзындығы — 386 шақырым. Қазір аудан орталығы мен ауылдар арасында көліктер қатынап жатыр.
Республикалық маңызға ие Ақтөбе-Астрахань жолының біздің ауданға тиесілі бөлігі — 46 шақырым, ал Ақтөбе-Орал жолының 53 шақырымы Алғаның территориясы арқылы өтеді. Бұл жолдардың күтіміне «Қазавтодор» мекемесі жауапты. Облыстық маңызы бар Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық жолының жалпы ұзындығы — 98 шақырым. Дәл қазір ауданда барлық бағыттар бойынша жол қардан тазартылды.
Арман Бошанов, Алға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
— Алға қаласында әлеуметтік нанның көтерме бағасы — 55 теңге. «Азияагрохолдинг» серіктестігі біздің ауданға арзандатылған бағамен 40 тонна ұн берген болатын. Бұл ұнды «Ыстық нан» наубайханасына бердік. Сонымен қатар сақтандыру қорынан 10 тонна ұн алынды. Оның 3 тоннасы — Алға қаласына, қалғаны ауылдардың сұранысына байланысты берілді.
Ел үкіметінің бақылауында тұрған 33 түрлі азық-түліктің бағасы Ақтөбе қаласының бағасымен бірдей. Көп дегенде 2 теңге айырмасы бар.

Әйтеке би

Темірбек Рахметов, Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары:
— Әйтеке би ауданында 15 селолық округ бар. Бұл ауылдардың бәрінде қаңтардың 2-сінен бастап жол жабылып, қаңтардың 4-і күні ашылды. Қазір қар аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Боран күндері Комсомол ауылында оннан астам жүк көлігі тоқтады. Ондағы жолаушыларды аудан орталығындағы қонақүйлерге орналастырдық. Сонымен қатар Қарабұтақ селосында 70-ке жуық жүк көлікті тоқтатылды. Аудандық әкімдік тарапынан құрылған арнайы топ шамамен 160-қа жуық жолаушының тоңып, қарны ашып қалмауы үшін қолайлы жағдай жасады. Оларға медициналық көмек көрсету мақсатында дәрігер де жіберілді. Қарабұтақтағы кәсіпкерлерді ұйымдастырып, жолаушыларға төмен бағамен азық-түліктер сатылды.
Қаңтардың 4-і күні кешкі сағат 17.00-ден бастап Ақтөбе, Қостанай, Шымкент бағыттарындағы жолдар ашылды.
Ауылдарда азық-түлік бағасы қалыпты. Нан бағасы салмағына байланысты 65-70 теңгеден сатылып жатыр.

Байғанин

Азамат Ерғалиев, Байғанин ауданы әкімінің орынбасары:
— Қаңтардың 2-сі күні кешкілік республикалық маңызы бар Ақтөбе-Астрахань жолы жабылды. 21 көлік тоқтатылды. Ондағы жолаушылар жылыту пункттеріне, қонақүйлерге, туыстарының үйлеріне орналасты.
Ауданға қарасты ауылдардың кейбірі орталықтан қашық орналасқан. Мысалы, Оймауыт селолық округіне қарасты Дияр ауылы мен Қарауылкелдінің арақашықтығы — 300 шақырым. Қазір барлық ауылдардың жолы қардан тазартылды.
Аудан орталығында нан бағасы — 65-70 теңге.

Ырғыз

Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары:
— Қаңтардың 1-і күні жабылған жол қаңтардың 4-і күні ашылды. Ырғыз және Қалыбай ауылдарының тұсында жалпы 50 көлік тоқтатылды. Ондағы жолаушылар жол бойындағы шайханалардан тамақтанды. Шайханалардағы тамақ бағалары қалыпты болды.
Аудан орталығында бір ғана наубайхана бар. Біршама уақыт наубайханада ұн жетіспей қалуына байланысты онда желтоқсанның 10-15-іне дейін нан 70 теңгеден сатылды. Жақында наубайхананың арзан бағамен 10 тонна ұн алуына көмек көрсеттік. Содан бастап әлеуметтік нан бағасы 60 теңге болды. Дегенмен кейбір ауылдарда, мысалы, Қызылжар ауылында нан бағасы қымбаттау болып тұр. Онда нан 80 теңгеден сатылып жатыр.
Біздің ауданда «Түркістан» деп аталатын екі дүкен бар. Онда көкөніс, сұйық май, қант Оңтүстік Қазақстан облысынан әкелінеді. Сол себепті біздің аудандағы көкөністің бағасы облыс орталығымен бірдей деп айтуға болады. Бұл дүкендегі өнім қоры мол. Мысалы, 25 тонна картоп, 2 тонна күріш, 7500 литр сұйық май бар.

Қарғалы

Қайрат Ізтілеу, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары:
— Қаңтардың 2-3-і күндері республикалық маңызы бар Ақтөбе-Орск жолы жабылды. Сонымен қатар облыстық маңызға ие Хромтау-Бадамша жолы да жабылды. Сондай-ақ бұл күндері аудан орталығынан ауылдарға қатынайтын көлік қозғалысы да тоқтады. Ақ түтек боран болды. Желмен бірге аяз күшіне мінді.
Біз ауа райының құбылмалы «мінезіне» әбден үйренгенбіз. Сол себепті қардан тазарту жұмыстарына көліктеріміз әр кез дайын тұрады. Боран күндері аудандағы Әлімбет, Қосестек, Бадамша ауылдарының тұстарынан көліктерді тоқтаттық. Жалпы 30-дан астам көлік тоқтатылды. Жолаушылар сол ауылдардың тұстарындағы шайханалардан тамақтанды. Жағдайды пайдаланып, кәсіпкерлер бағаны көтеріп жіберген жоқ.
Қазір барлық бағыттағы жолдар ашылды. Жолдар қардан тазартылды. Аудан орталығы мен ауылдарың арасы жақын. Ең қашығы — Степной ауылы Бадамшадан 35 шақырым қашықтықта орналасқан.
Боранның салдарынан Қарабұтақ, Қосестек ауылдарында әлсін-әлсін жарық сөніп қалды. Қазір қалпына келтірілді.
Азық-түлік бағасы тұрақты. Нан 65 теңгеден сатылып жатыр.

Мәртөк

Нұрбақыт Барбосынов, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:
— Ауданда аудан орталығы мен ауылдарды жалғайтын алты бағыттағы жол бар. Қаңтардың 2-сі күні ауданда барлық бағыттарда жол болған жоқ. Бүгін, қаңтардың 6-сы күні таңғы сағат 6.00-де қардан тазартылмаған соңғы бағыт — Мәртөк-Вознесенск жолын қардан тазартуға екі көлік жіберілді. Жоспар бойынша кешке дейін жол тазартылып болады.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің біздің ауданға тиесілі бөлігі қаңтардың 2-сі күні жабылып, қаңтардың 3-і күні жол ашылды. Жолаушыларды Мәртөктегі мектеп-интернатқа орналастырдық. Олардың бәрін де тегін кешкі, таңғы, түскі аспен қамтамасыз еттік. Сөйтіп, қаңтардың 3-і күні Ресейден келе жатқан 186 жолаушысы бар 39 көлікті колоннамен Ақтөбеге жөнелттік.
Қаңтардың 2-сі күні түнде болған қатты боранның салдарынан аудан халқы жарты сағаттай жарықсыз қалды. Ертеңіне тағы да 2 сағаттай жарық болмады. Арада біраз уақыт өткен соң аудандағы 34 елді мекеннің 28-іне жарық берілді. Қалған 6 елді мекенде әлсін-әлсін жарық сөніп қалып тұрды. Қаңтардың 4-і күні сағат 12.00-де ауданның барлық ауылында жарық үздіксіз берілді.
Мәртөкте нан бағасы — 60 теңге. Ауылдарда І сортты ұннан пісірілген нан 65 теңгеден сатылып жатыр.

Мұғалжар

Бекболат Құлмағамбетов, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары:
— Қаңтардың 2-3-індегі ауа райының қолайсыздығы салдарынан Шұбарқұдық-Қандыағаш бағытында 90-ға жуық, Қандыағаш-Ақтөбе бағытында 70-ке жуық көлік тоқтатылды. Жол ашылғаннан кейін аудандық ішкі істер бөлімі жол патрульдік полициясы қызметкерлері Шұбарқұдық бағытына баратын көліктерді Қандыағашқа дейін, ал Ақтөбеге баратын көліктерді Алғаның шекарасына дейін колоннамен шығарып салды.
Дәл бүгінгі, қаңтардың 5-і күнгі дерек бойынша аудандағы тек қана бір бағыттағы жол — Құмсай ауылының жолы тазартылған жоқ. Кеше қар аршуға жіберілген техника Сабындыкөл ауылының тұсында бұзылып, бүгін тағы көлік жіберілді. Айта кету керек, Құмсай ауылы Қандыағаштан 110 шақырым қашықтықта орналасқан.
Қандыағаш қаласындағы «Ардақ», «Риол» ірі дүкендерінде жоғары сортты ұн 85-87 теңге және 1 сорт ұн 60теңгеден сатылып жатыр. Нан бағасы — 55-60 теңге.

Темір

Марат Мұңайтбасов, Темір ауданы әкімінің орынбасары:
— Аудан аумағында 90 шақырым қашықтықта аудандық маңызға ие жол бар. Оларды қысқы мезгілінде күтіп ұстау мақсатында 6 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Республикалық маңызға ие Ақтөбе-Астрахань жолының 75 шақырымы біздің ауданның территориясы арқылы өтеді. Облыстық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы — 254 шақырым.
Жол қаңтардың 2-сі күні жабылды. Онда да қардан тазартылмағандықтан емес, боран болғандықтан жабылды. Жалпы 20-ға жуық көлік тоқтатылды. Шұбарқұдық пен Қалмаққырған елді мекендерінде жылыту пункттері бар. Дегенмен, жолаушыларға жылыту пунктінің көмегі қажет болған жоқ.
Меморандум бойынша арзандатылған ұн алдық. Соның арқасында Шұбарқұдықта І сортты ұннан пісірілген нанның бағасы — 55 теңге.

Ойыл

Шоқан Тілеумағанбетов, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:
Қаңтардың 3-і күні нұсқауға сәйкес аудан бойынша ешбір көлік сыртқа шығарылған жоқ. Дегенмен көлік жолдары сайрап жатты. Жалпы ауданда 23 елді мекен бар.
Аудандағы азық-түлік бағасы үнемі бақылауда тұр. Баға қалыпты. Аудан орталығында нан бағасы — 55 теңге. Ал селолық округтерде — 65-70 теңге.

Қобда

Болат Құлов, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:
— Біздің ауданның аумағының тұсынан Самара-Шымкент жолы өтеді. Қаңтардың 1-і күні түнде сол жол жабылып, 70-ке жуық көлік тоқтатылды (барлығы 150-ге жуық жолаушы). Жолаушыларды 4 кемпингке орналастырдық.
Қаңтардың 5-інен бері аудандық маңызы бар жолдарды «Құрылысгрупп» серіктестігі тазартып жатыр. Облыстық маңызы бар Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе жолының 190 шақырымы біздің ауданның аумағына тиесілі. Жолдың бұл бөлігін тазартуға «Батыскоммерцстрой» және «Көквест» серіктестіктері жауапты. Қазір мердігер мекемелер барлық бағыттардағы жолдарды қардан тазартып болды.
Қобдада әлеуметтік нанның бағасы — 55 теңге. Ауылдардағы баға — 55-60 теңге.

Хромтау

Нұркен Аспенов, Хромтау ауданы әкімінің орынбасары:
— Біздің ауданда қыс ұзағырақ болады. Әсіресе, боранды күндер көп. Қаңтардың 2-3-інде республикалық маңызға ие Самара-Шымкент жолының бойында 50-ге жуық көлік қардан шығарылып алынды.
Қаңтардың 5-і күнгі дерек бойынша Тассай, Табантал бағыттарындағы жол жабық. Қазір Табантал ауылының жолы қардан тазартылып жатыр.
Боранның салдарынан электр желілері үзіліп, Табантал ауылында 3 күн бойы жарық болған жоқ. Бұл ауылға жарық қаңтардың 4-і күні берілді.
Хромтауда азық-түлік бағасы тұрақты. Аудан орталығында нан бағасы — 60 теңге. Ауылдарда 65-70 теңгеден сатылып жатыр.

Шалқар

Елемес Шотанов, Шалқар ауданы әкімінің орынбасары:
— Облыстық маңызға ие Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз бағытындағы жол біздің ауданның аумағы арқылы өтеді. Ұзындығы — 208 шақырым. Аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы — 595 шақырым. Аудандағы 12 селолық округтің алтауы — Бершүгір, Ақтоғай, Мөңке би, Қауылжыр, Тоғыз, Шілікті теміржол бойында орналасқан. Сол себепті, бұл ауылдардың тұрғындары үшін жол қиындығы жоқ. Аудандық маңызға ие жолдар жабылған жоқ, өзіміз реттеп отырдық. Қаңтардың 1-2-сі күндері Бершүгір-Шалқар жолының кейбір тұстарын қар басты. Дегенмен «Қазавтодор» мекемесінің көліктері дер уақытында қарды аршыды. Жолда қалып қойған көлік болған жоқ.
Нан бағасы — 65 теңге.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button