Сәуле әжей 100-ге толды

Қаңтардың 1-і күні Байғанин ауданы Қопа селолық округі Ебейті ауылында тұратын Сәуле Көптілеуова әжеміз 100 жасқа толды.
Сәуле әже — кәмпескені, аштықты, қуғын-сүргінді, соғысты көрген ұрпақтың өкілі. Әкесі Жамбоз — «халық жауы» болып ұсталып кеткен. Одан қалған екі қызды Жамбоздың інілері өсіріпті.
Көптілеу — қайынатасының аты. Көптілеуден Қали, Байсеңгір туады. Сәуле — Қалидың жары. Түскен жері де қуғын көрген ірі тұқым. «Қарақалпақстан, Түрікменстанның қазақтар Шағадам деп атайтын Красноводскісі 1929 жылға дейін Қазақстанға қарады. Әке-шешеміз жазда Жем-Сағызды жайлап, қыста Қоңыратқа қарай түседі екен. Қарақұмға дейін барған. Аштық басталғанда бері қарай шықпапты…» — дейді Сәуле әжеміздің ұлы Алдан Қалиев ағамыз.
Ағайынды Қали мен Байсеңгір Түрікменстанда «топбазда» (топливный база) жұмыс істепті. Әйелдері де қара жұмыс істеп, нәпақа тапқан. Айтпақшы, таңдайынан жыр төгілген Байсеңгір жырау — Бесқаланың әйгілі жүйріктерінің бірі.
Елге 1959 жылы бір-ақ оралған. Келе салып Крупская колхозында қой баққан. Өмір бойы қара жұмыс істеген Сәуле әжеміз ерінен ерте қалса да көзінің ағы мен қарасындай Алданы мен Тілектесін қатардан кем қылмай өсірді, жоғары білім алып берді.
— Анамыз әлі күнге дейін тың. Келіншегім Қымбат екеуміз мектепте ұстаздық еттік. Өмір бойы үйде шешем біздің тамағымызды істеп беріп отырды» — дейді Алдан аға күліп. Әлі күнге дейін үй шаруасына араласып кете береді екен. Баласы мен келіні жол жүріп кеткенде тамақ әзірлей қою деген әжемізге түк те емес. Тамақ та талғай бермейді. Тек бірнеше жыл бұрын Тілектесінен айырылғаннан бері біраз шөгіп қалыпты.
Айтпақшы, әжеміз тіркеуде Ақтөбе қаласында тұр. Баласы Алдан зейнетке шыққасын осында көшіп келіп, Саябақ саяжайынан үй салған. Сол үйге тиісті мекемелердің немқұрайдылығынан әлі газ кіргізе алмай, әжемізді алып келе алмапты. Жеңгеміз, әрине, ауылда енесінің бабын жасап отыр.
Телефон арқылы сөйлескен әжеміздің даусы жарқын. «Ең бастысы, еліміз аман болсын! Ел аман болса, бәрі де ретке келеді. Біз көрген қиындықты ұрпақтарымыз көрмесін…» — дейді Сәуле әжей.
Әумин!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.



