Жаңалықтар

Мәуліт түнін атап өтті

Қазақстан мұсылмандары желтоқсанның 22-сінен 23-іне қараған түні Мәуліт түнін атап өтті.
Адамзатқа жіберілген ең соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) рабиуләууәл айының 12-сі, дүйсенбінің түнінде, таңға жуық Мекке қаласында дүниеге келіпті. Біз қолданып жүрген күнтізбе бойынша бұл дата 571 жылғы сәуірдің 20-сына сәйкес келеді.
Хижри — ай күнтізбесі екені белгілі, бұл күнтізбе бойынша, бір жылда 355 күн бар. Рабиуләууәл айының 12-сі — Мәуліт мерекесін біз әр жылы әртүрлі уақытта қарсы алатынымыз сондықтан. «Мәуліт» сөзі «туылған сәт» дегенді білдіреді. Мұсылмандар үшін Мәуліт түні — Қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түндердің бірі. Осы түнді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылғанына қуанып, салауат айтып, сауапты істермен, құлшылық амалдармен өктергендерде Алла Тағаланың кешірімі болады деседі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Малғажыұлы Мәуліт мерекесіне орай құттықтау жолдады.
«Ардақты ағайын! Шарапаты мол Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Мәуліт айында Алланы мадақтап, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай!» — деді Дінбасы өз құттықтауында.
Мұсылмандар рабиуләууәл айын — Мәуліт айы атап, ерекше қадірлейді, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «туылған сәті» құрметіне арналған игі шаралар ай соңына дейін жалғасады.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button