Ел болуымыздың түп-тамыры ономастикада жатыр
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болатындығын қадап айтты. Елбасы «Қазақстан – 2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыт-бағдары» атты халыққа Жолдауында дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын қойды. Біздің елімізде жүзден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың тілдері мен салт-дәстүрлері бар. Солай бола тұра, барлығының бір жерде татулықта болуы елдің қаймағының бұзылмауының негізі.
Облыс тұрғындардың тілдік әлеуеті жыл сайын жақсарып келеді. Мемлекеттік тілді жетік меңгергендер — 91%. Орыс тілді меңгергендер — 93%. Үш тілді тұрғындардың 12%-ы меңгерген. Осының ішінде қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері — 24,5%. Демек, тілмен тығыз байланысты ұлттық болмысымыз да оң қырына ойысты. Соның бірі – ұлттық ономастика.
Патшалық дәуір мен Одақ кезінде Ақтөбе облысында 167 елді мекен өздерінің тарихи атауларынан айырылып қалған еді. Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай 143 елді мекен тарихи атауларын қайта алып отыр. Енді жиырманың үстінде атау қалды. Айта кету керек, тек қана 2005 жылдан бері қарай 69 елді мекеннің, ауылдық округтердің атаулары тарихи мәніне ие болды. Бұл шаруа оңайлықпен келген жоқ. Оның үстіне дүркін-дүркін жарияланған мораторийлер онсыз да қысқа адымға тұсау сала бергені аян.
Басқарма тұңғыш рет байырғы атауларды іздеп табу мақсатында ғылыми тұрғыда зерттеу жұмысын қолға алды. Сөйтіп, республика, облыс ғалымдарын тарта отырып, 2007 жылы «Ақтөбе облысының топонимиялық кеңістігі» деп аталатын кітап тұрғындар назарына ұсынылды. 2008 жылы «Ақтөбе облысының топонимиялық жүйесіндегі атаулардың өзгертілуі» және 2009 жылы «Ақтөбе облысының ұлттық топонимиясы мен байырғы тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіру» деп аталатын екі томдық зерттеу екі тілде жарық көрді. Осы кітаптарда облыстағы барлық елді мекен атаулары жүйеленіп, архивтік материалдармен, байырғы карталармен толықтырылып көрсетілді. Зерттеу кітаптарындағы атаулар тұрғындарға түсіндірілді. Тарихи атауларды қайтаруда осы еңбектер негіз болды. 2009 және 2012 жылдары «Ақтөбе облысының жер-су атауларының атласы» шығарылды. Атласта қайта аталған атаулар көк жалаушалармен белгіленді. Облыстың, аудандардың қазақ тіліндегі географиялық карталары шығарылып, таратылды.
Елбасы 5 президенттік институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын белгілеп берді. Оның 87-қадамында: «Азаматтық біртектілікті нығайтудың «МЕНІҢ ЕЛІМ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, оның аясында технологиялық жобалар серияларын іске асыру қарастырылатын болады. Соның бірі – «ҚАЗАҚСТАН ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ» КЕҢ КӨЛЕМДІ ИНТЕРНЕТ ЖОБАСЫН ҚҰРУ. МҰНДАҒЫ БАСТЫ МАҚСАТ — ӘРБІР АЗАМАТҚА ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ТУРИСКЕ ЕЛ ТУРАЛЫ КӨБІРЕК БІЛУГЕ КӨМЕКТЕСУ. Порталға Қазақстан бойынша 3D бейне турлары, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалары және қарапайым қазақстандықтардың өмірі туралы ақпараттар орналастырылады. Портал бір есептен елдің «сапарнама карточкасына», ұлттық жол көрсетушісіне, қызықты азаматтар үшін ұлттық құрмет тақтасына және виртуалды хабарласу тұғырнамасына айналады» делінген. Мәңгілік Ел идеясын жалғастырушылар да жастар. Сондықтан елді, жердің тарихын зерттеу жұмысына жастарды тарту, интернет жобасы арқылы сайт ашу қолға алынды. Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен инновациялық технологиялар арқылы демократияны оқыту орталығы бірлесіп туған өлкенің атауларынан сыр шертетін байқау жоба ұйымдастырып келеді. Зерттеу жұмысына мектеп оқушыларын, студенттер мен жастар тартылып жүр. 2013 жылы байқау жоба «Туған өлкемнің атауы» деп аталды. Бірінші байқауға 60 бала қатысып, олардың зерттеу еңбектері арнайы кітапқа жинақ болып енгізілді. Биыл «Атаулар сыр шертеді» деген атпен өткізілген жобаға 180-нен астам жастар қатысып, 80 еңбек іріктеліп алынды. Облыстың жер-су, елді мекен атауларын зерттеген оқушылардың зерттеу еңбектері жинақ болып басылып шықты. Жобада үздік шыққан №9 мектеп, гимназияның оқушылары Даниял Резяев пен Диана Рогозниковаға, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Нұрболат Тілегеновке облыс әкімінің бас жүлдесі мен 100 000 теңге көлемінде сыйлығы берілді. Сондай-ақ, аталған оқу орнының жас маманы А.Пангереева, №51 мектеп оқушысы А.Битегеновалар 1-орын алды, Г.Қазбаева, Д.Алпысбай, Р.Тәгірбергенова, А.Аменгелді сынды студенттер мен А.Бескузова, А.Шаймуханова секілді оқушылар екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Бұл жобаның мақсаты — өскелең ұрпақтың туған өлкесінің тарихын тануына, облыстың топонимия кеңістігіне ғылыми негіз жасауына қатыстыру, жастардың тарихи топонимдердің пайда болуы, жойылуы, өзгеруі туралы өлкетанулық, географиялық, тарихи танымдық білімдерін арттырудың негізін жасау. Жобаның жеңімпаздарына облыс әкімінің бас жүлдесін тапсыру — мемлекеттік тіл саясатының ажырамас бөлігі — ономастика саласының маңыздылығын көрсетсе керек.
Облыстық басқарма тарапынан атқарылған тағы бір келелі іс — «ТУҒАН ӨЛКЕ» аталатын кітаптар сериясын атауға болады. Бұл серия әр ауданға арналып отыр. Онда Ақтөбе облысы бойынша топонимдердің қалыптасуы, атаулардың шығу тарихы, пайда болуы, ерекшеліктері мен құндылықтары, жер-су, елді мекен, тау-тас, өсімдіктер, аң, құс, жануарлар, ру-тайпалық, қазақ жәдігерлерінен пайда болған атаулар, анатомиялық терминдер, тарихи-географиялық деректер, т.б атауы туралы ақпараттық, танымдық, ғылыми зерттеулер жарияланған. Облыс аймағына жататын топонимдер (жер-су, тау-тас), ландшафтық топонимдер (құм, шоқы, қырқа, үңгірлер, қыстау, жайлау, күздік үйлер, т.б). онимдердің пайда болу тарихы, анатомиялық лексика түріндегі топонимика, анемоним салдарынан бертін келе жойылып кетуі, антропоним (адам есімдерімен аталатын) негізінде берілген атаулар, гелонимдер (батпақтар, шалшықтар, лайлар атауы), генонимдік атаулар (сол жердің рулық-тайпалық атауларынан пайда болған), дримонимдер (орман, тоғайлар), гидронимдердегі лимнонимдер (өзен, көл, су, тоған, бөгет, су қоймалары, т.б. атаулары), тағы басқа атаулар зерттеудің негізгі объектісі болып табылады. Флора мен фауна атауларына дейін енгізілген кітаптың 4 ауданды қамтыған сериясы жарық көрді. Алдағы екі жылда 3 ауданға арналған серия жарық көреді. Сериялық кітаптар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Бұл кітаптар сериясы да «Нақты 100 қадамының» 87 қадамның жүгін көтеріп отыр. Яғни бұл еңбектердің облыстың туристік әлеуетін көтеруде, оның табиғи ерекшеліктері мен құндылықтарын ашып көрсетуде зор рөл атқаратыны сөзсіз.
Алмат ПАНГЕРЕЕВ,
Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің басшысы.



