Ауыл

Жаңа кешен ашылды

Жуырда Шалқар ауданының орталығында жаңадан бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері мен спорт сүйер қауым қатысты. Жиналғандарды құттықтаған аудан әкімі Ербол Данағұлов:
— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясының «Ұлт денсаулығы — біздің табысты болашағымыздың негізі» тарауында саламатты өмір салтының орнығуы, спортпен айналысып, ұлт денсаулығын жақсарту — барлық қазақстандықтардың міндеті» деп ерекше атап көрсетілген. Сондықтан өскелең ұрпақтың дені сау, жан-жақты үлкен азамат болып қалыптасуына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Міне, бүгінгі ашылғалы тұрған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызы өте зор. Ауданымызда спортпен шұғылданушылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді, — деді.
Ал КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Жеңсікбай Симбетов мұндай үлкен спорт кешенінің ашылуы аудан үшін үлкен мәртебе екенін тілге тиек етті.
— 1967 жылы локомотив депосының асханасы және Есет Көтібарұлы көшесінде орын тепкен «Родина» (қазіргі «Отан») кинотеатры 2000 жылы спорт мектебінің спорт залына бейімделіп, одан Шалқар ауданының мәртебесін бүкіл әлемге паш еткен көптеген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен әлем чемпиондары шыққан. Алғашында 150 баламен ашылған Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қазіргі таңда 600-ден аса жастар спортпен шұғылданады. Спортты тек қана қаламызда емес, елді мекендерде де кеңінен насихаттау, дамыту мақсатында көптеген жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Біршоғыр, Бозой, Мөңке би, Қауылжыр, Шетырғыз, Жаңақоныс, Кішіқұм, Шалқар ауылдық округтерінде де грек-рим күресі, бокс, қазақ күресі секілді секциялар жұмыс істейді, — дейді В.Н.Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Серік Жоламанов.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қамбар Бұхарбаевтың бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, аталған кешеннің жалпы аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Оның күніне 350-400 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Мұнда спорттық ойындар түрлеріне арналған үлкен спорт залы, дайындық, күрес залдары, сонымен қатар жаттықтырушыларға арналған, медициналық, тағы басқа кабинеттері бар. Кешеннің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын Шалқар қаласындағы Қаржаубай Әліқұлов басқаратын «Ерзат» өндірістік кооперативі жүргізген.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button