ЖаңалықтарМәдениет

Әдемі кездесу, әсерлі кеш

Өткен аптада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ақын, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫМЕН кездесу өтті. Оған университеттің оқытушылар құрамы, студенттер, қаламыздағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Ұйымдастырушы — филология факультетінің ұжымы.
«Армандау қиын ба екен…
Оқығаннан,
Бақытының көргендей отын алдан.
Сол сәтте-ақ күллі әлемді кезіп кетті,
Тар класқа сыймаған отыз арман».
Бауыржанның балалық шақ естелігінен жазған өлеңі ғой. Бейсенбіде кең кітапхана залына жиналған жүздеген арман Бабажанның баласымен жүздесті.
«Әлмисақта Рух болып танысып
Тәңіріме бір Уәде беріп ем.
Содан бері шайтан қалмай жабысып,
Көрші болып қонып алды менімен».
Осы шумақтың екінші жолы кездесудің тақырыбына айналыпты. Өлең оқылды, сұрақ қойылды, ақынның өлеңіне жазылған әндер орындалды. Болашақ тіл мен әдебиет мамандары келісті өлеңді ұйып тыңдады. Балалық шаққа саяхат жасалды, студенттік кез қимастық орнатты, қазіргі қоғам қызу талқыланды. Ақын ағасына өлең арнаған ақынжанды жігіт кездесу иесімен айтыспақшы да болды. Бауыржанның өлеңін оқуға кезекке тұрған жастарды көргенде «кейінгі жас балалардан» үміт күтуге болатынын аңғардық.
«Білмеймін сені баласындым ба,
Сезімнің сырын шертер күн?..» Аймұрат Мәжікбаев бауырымыз осы әнді шырқағанда сезімтал жастардың жүрегіне жеткізді. Ақынның анасына арнаған әнін орындаған Светлана Айтбаева енді ғана бірінші курс атанған студенттердің сағынышын тап басқандай болды.
Кездесуді жүргізген факультет деканы Сабыржан Мұхтаров Бауыржан Бабажанұлына алғысын білдіріп, сый-сияпатын ұсынды. Ақын кітабына қолтаңба алып қуанған жастар әдемі кездесу болғанын айтып бара жатты.

Жан ТӨЛЕУ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button