Ақтөбеде аламан айтыс өтеді

Ақтөбе облысында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында қазан айының алғашқы күні Студенттер сарайында «Бабадан қалған байтағым» атты өңіраралық ақындар айтысы өтеді. Оған республикамыздың жер-жерінен келген 9 ақын, Ақтөбе өңірінен 9 ақын қатысады.
Ақтөбеде айтыс десе, ішер асын жерге қоятын жандар үшін нағыз дүбірлі жарыс болайын деп тұр. Ақтөбенің Аян Сейітов, Қайнар Алагөзов, Марат Ахметов сияқты республикалық додаларда намысты қолдан бермей жүрген айтыскер ақындарымыздың саны онға жете-қаба жығылды. Астанадан, Алматыдан, Арқалықтан, Павлодардан, Атыраудан атағы елге мәлім арқалы ақындар келеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап ұмыт бола бастаған айтыс өнерінің қайта жандануы, жаңаруы жолында бір кісідей тер төгіп келе жатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист Жүрсін Ерман ағамыз айтысты жүргізеді. Жүрсін ағамызға бірер сауал қойғанбыз.
— Ақтөбедегі айтысқа қатысатын ақындарды іріктеу кезінде қандай негізге сүйендіңіздер? Қазылар алқасының құрамында кімдер бар?
— Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау кезінде үкімет 6 өңірде айтыс өткізуді жоспарлаған болатын. Сол өңірлердің бірі — осы Ақтөбе. Осындай айтыстар Алматыда, Атырауда, Оралдың Бөкей ордасы Хан ауылында өткізілді. Ақтөбеге де республикаға белгілі Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Әсем Ереже, Оңғар Қабденов сияқты талай жүйріктер келе жатыр. Ақындарды іріктегенде әр өңірде болып жатқан айтыстар бірін-бірі қайталап кетпесін деген ойымыз болды. Ақтөбеден де тоғыз ақын қатысады. Маған телефон арқылы хабарласып, осы айтысқа қатысқысы келетінін айтып жатқандар бар. Жалпы айтысқа қатысам деп тілек білдірген ақындардың бәрі де бағын сынап көргені дұрыс. Солардың бірі — Оразбек Қиынбаев деген ақын. Сол ақын қатыса алмай қала ма деп қиналып отырмын. Дегенмен үмітті ақтап жатса жақсы ғой. Ақтауда өткен бір айтыста топқа түскісі келіп, тыпыршып отырған бір ақынды сұрап жүріп қатыстырғанымызда үмітіміздің желге ұшқаны бар.
Қазылар алқасының құрамы Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын Ертай Ашықбаев сияқты мықтылардан тұрады.
— Осыған дейінгі айтыстар қалай өтті?
— Бөкей ордасында өткен «Тарихы терең Қазақ елі» атты республикалық айтыстың деңгейі жоғары болды, халық бір жасап қалды. Қазақ хандығының 550 жылдығы деген тақырыптың ауқымы кең, қазақ елінің арғы-бергісі, басынан кешкені, егемен ел болғаны, болашағы, Мәңгілік Ел, басқа да қазаққа қатысты барлық мәселелерді сөз етуге болады. Жансая Мусина, Айбек Қалиев, Әсем Ереже сияқты ақындар айтыстың көрігін қыздырды. Ақтөбедегі айтыс та одан кем түспейді деп үміттенеміз. Ақтөбе де қазақ тарихында өзіндік орны бар өңір, бүгінде экономикасы жақсы дамыған іргелі облыстардың қатарында. Әбілқайыр хан, Қара Қыпшақ Қобыланды, екі Есет батыр, Абат-Байтақ сынды тарихи тұлғалар жатқан жер. Бұл өңір бізге бөтен емес. Өзімнің де жетінші атам Тілеулі Әбдірахманұлы деген бабам Тама Есет батырдың күйеу баласы. Есеттің қарындасы Жапалақты алған. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Орта жүздің қара қыпшақ тайпасының ұзын тармағынан шыққан. Үш жүздің 1710 жылы Қарақұмдағы халық құрылтайына, 1723 жылы Талас өзені бойында жоңғарлармен болған шайқасқа, сондай-ақ Бұланты – Білеуті, Аңырақай шайқастарына қатысқан. Бөгембай, Саурық, Тайлақ, тағы да басқа батырлармен бірге Әбілқайыр ханға жасақ ұйымдастыруға көмектесті. Жәнібек тархан мен тама Есет батырлармен жолдас болып, қазақ елінің Ресейге қосылуы туралы рәсімдеген құжатқа Тілеулі мен оның баласы Нияз би де қолын қойған. Тілеулі Алға ауданының Бестамақ ауылында тама Есет батырдың жанына жерленген.
P.S. Республикалық айтыстың 1 қазан күні Студенттер сарайында сағат 11.00-де басталатынын ескертеміз.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.




Неге Мақсат Аханов жок (
Билет канша тенге??