Әпкесі бір бүйрегін берді

Ақтөбеде жасанды бүйрек аппаратына негізделген төрт диализ орталығы жұмыс жасайды.
Ақтөбе қаласындағы «Дару» оңалту орталығында бүйректің созылмалы аурулары мәселесіне қатысты конференция өтті. Басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ облыстық, аудандық ауруханалар мен емханалардан дәрігерлер, мамандар қатысты.
Конференция барысында облыстағы нефролог-дәрігер Мұхит Байзақов өткен сегіз айда шамамен жүзге тарта науқастың бірінші рет гемодиализ қабылдағанын айтты. Ол бұл жағдайдың бүгінде қауіпті мәселеге айналып бара жатқанын жеткізді.
— Аудандарда зертхана қызметінің жұмысы нашар. Себебі, аудандарда жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі облыс орталығында екінші қайтара тапсырған кездегі көрсеткішпен мүлде сәйкес келмей жатады. Өз басым мұндай жағдайларды жиі кезіктірдім. Егер зерттеу нәтижесінен күдікті жағдай байқалса, онда науқасты қалаға жіберу керек. Бұл — ауруды асқындармас үшін ең маңызды қадам, — деді аудандық әріптестеріне М.Байзақов.
Облыстың бас нефрологы аудандардан келген әріптестеріне: «Бүйрегі ауыстырылған науқасты мүгедектіктен шығарып тастауға болмайды. Бүйрекке трансплантация жасау гемодиализден шығару емес. Бұл — бүйрек доноры атанған мүгедек. Сондықтан бұл жағдайды көпшілігі біле бермейді», — деп ескерту жасады.
Мамандардың айтуынша, науқас бүйректің созылмалы ауруына алғашқы үш айдағы ауырсыну жағдайларынан кейін тап болады. Жыл басынан бері «Дару» клиникасында осындай жағдайдан 10 адам көз жұмған.
Конференцияда «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ трансплантация органдары бөлімшесінің жетекшісі Ғани Құттымұратов елімізде бүйректің созылмалы аурулары, бүйрек алмастыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде екі мыңға жуық қазақстандық бүйрек, мыңнан астам адам бауыр алмастыруға мәжбүр.
— Науқастардың 60 пайызы жаңа органды күту жолында көз жұмады. Олардың көпшілігіне біз тірі адамдардың органын салып жатырмыз. Әрине, өлген адамдардың органдарын дер кезінде алу ісі бізде мықты дамыса, онда көптеген науқастың өмірін сақтауға мүмкіндік болар еді. Бұл мәселе моральдік тұрғыда қиын соғуы мүмкін. Бірақ көптеген мұсылман елдерде адамдар көз жұмғанға дейін донорлық қызметке органдарын беруге келісім беріп жатады, — деді Ғ.Құттымұратов.
Ғ.Құттымұратов Ақтөбеге тек конференцияға қатысуға ғана келген жоқ. Ол облыстық ауруханада жергілікті дәрігерлермен бірге ақтөбеліктің бүйрегін алмастыру отасына қатысты. Ота барысында науқастың әпкесі донор болды.
Баян САРИЕВА.



