Дін мұраты — ізгілік
Адам баласы дінді әу бастан екі дүниенің бақытына жетелер жол деп білді, дінсіздікті, имансыздықты ең үлкен қасірет санады. Ал оның дінге деген ықылас-ниетін соғыс өртін тұтандыру, алауыздық тудыру, т.б. саяси-идеологиялық пиғылдарға «пайдалануды» көздейтін күштердің бүгін ғана емес, бұрын да болғаны, бұрын да талай жұртқа талай ойран салып, опық жегізгені — тарихтан белгілі жайт.
Біреуге — дінсіз, біреуге — мұсылман…
Қазір кейбір зерттеушілер Алтын Орданың ыдырауынан бастап, Қазақ хандығының құлауына дейінгі аралықтағы ата-бабаларымыздың басынан өткен аласапырандардың себебін дін атын жамылған ағымдар ықпалына түскен билеушілердің арасындағы кикілжіңдерден іздейді. Олар айтқандай, Жәнібек хан дүниеден өткен сәттен (1357 жыл) бастап, таққа таласып, бірін-бірі өлтіріп, елдің береке-бірлігін кетірген, ақыры Алтын Орда сынды алып мемлекетті түрлі хандықтарға бөліп жіберген хандардың артында, расымен де, діннің атын жамылған жымысқы пиғылды ағымдар тұрды ма — мұның мән-жайын анықтау ғалымдарымыздың еншісіндегі іс болса керек.
Бірақ әріге тереңдемей, өзіміз оқып өскен ХІХ ғасыр ішіндегі не ХХ ғасыр басындағы қазақтың тағдырына арнап жазылған әдеби шығармаларға зер салып қарасақ та, сол уақыттарда халқымыз бастан өткерген қасіреттерден дінді желеу еткен қақтығыстардың ізін көреміз.
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» Мұстафа Шоқайдың «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 18 наурызда шыққан нөмірінде жарияланған хаты берілген.
Мұнда Мұстафа Шоқай сол жылы 20 ақпанда өз басынан өткен оқиғаны баяндапты:
«Құмбастыға келген жерде қару-жарақ асынған 20 шақты сарттар келіп, мені шап беріп ұстай алды.
— Ә, сән кім сән?
— Мұсылманмын.
— Қай мұсылмансан?
— Қазақпын.
— Қазақ қашаннан бояқ мұсылман?
— Әлмисақтан бері мұсылманмын.
— Сол қазақтың мұсылмандығына біздің шегіміз бар…».
«Мұсылман екеніңді дәлелде» деп, Мұстафа Шоқайды тергеуге алған әлгі сарттар оның мұсылмандығынан мін таппаса да, «сені өлтіруге қазақ екенің-ақ жетіп жатыр» десіп, «қышлақтың шетіне қарай, көшеменен: «қазақ ұстадық!» — деп айқайлап, тұс-тұстан адам шақырып, алып жөнеледі». Мұстафа Шоқай сол жолы өзімен пікірлес, беделді бір сартқа кезігіп қана аман қалыпты.
Егер, ХІХ-ХХ ғасырларда көршілеріміз — тәжік, түрікмен, өзбектер арасынан теріс ағымдар ықпалына түскен топтар Батыстың айдап салуы, қаржыландыруы арқылы ғазауат соғысы ұранымен қазақты «мұсылмандықтан шығарып», дінсіздер қатарында қару кезеген болса, енді ХХІ ғасырдың басында, сол ағымдардың ықпалы айналып келіп соққан тұста, өз қандастарымыздың сол баяғы «әнді» қайталап, ата-бабаларымыздың «мұсылман болмағандығын» қызыл кеңірдектене «дәлелдегеніне», ұлттық салт-дәстүрлеріміздің бір бөлігінің «ширкке» шығарылғанына куә болдық.
Әрине, көршілес түрікпен, өзбек, тәжіктер қазаққа түгел жау болған жоқ, әңгіме — солардың арасынан теріс ағымдар тұзағына түскен топтар жөнінде ғана. Ал олардың санасына «қазақ — дінсіз халық» деген ұғым шеттен, сонау Англиядан «сіңірілді», қару-жарақ та сол жақтан жеткізілді. Бұл деректерде айтылып жүр. Мұның «ізі» әдебиетте де бар — Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Мөңке ауылын шауып, көп адамды қырған түрікпендердің — хан Жөнейт сарбаздарының бірі көңіліне аяушылық кірген сәтте: «…сыртынан сары сайтан деп атайтын ағылшын офицері әне бір жолы өздеріне қару-жарақ беріп, қазақ жеріне жөнелтіп жатып: «Қарудың мықтысы — қаталдық» деп ескерткенін» еске алып, «қатаяды».
«Ғазауатқа» шыққан оңтүстіктегі көршілеріміз қазақты дінсіздер қатарына қосса, ал сол тұста Ресей оқытып жіберген молдалар қазақтың мұсылмандығын алға тартып, оны орысқа айдап салумен болады: «… әр жерде шариғат айтатын молдалар шыққан. Бұл молдалар «қазақтан солдат алмаймын» деген уәдесін бұзған патшаға қарсы соғысу «күнә емес» екенін және «енді қазаттыққа шығудың мұсылманға сүннәт» екенін қуаттап, елге пәтуа таратып жатыр». (Сәкен Сейфуллин. «Тар жол, тайғақ кешу».)
Ұбық-тағдыр
Діннің атын жамылып, алауыздық, қарулы қақтығыстар тудыруға бағытталған саясаттан тек ислам әлемі емес, басқа халықтар да өз тарихында сан рет зардап шекті: ХVІ ғасырдағы Франциядағы католиктер мен гугеноттар (протестанттық бағытты жақтаушылар) арасындағы қырғындар, т.б.
Діннің атын жамылып, көршілес, діндес, бауыр жұрттарды бір-біріне айдап салуды көздеген сұм пиғылды саясаттан жапа шеккен халықтар арасында мүлде жойылып кеткендері де бар. Мысалы, Кавказ тауын мекендеген ұбық халқының тағдыры баршаға белгілі. Бұрынғы Кеңес Одағы жұрты бұл аянышты тарихпен 1974 жылы абхаз жазушысы Баграт Шинкубаның «Ұбықтан қалған бір жалғыз» романы арқылы танысты.
Ресеймен соғыстан әбден шаршаған ұбықтардың (бұл соғыста оларды ағылшындар қаруландырған) алдына 1864 жылы екі таңдау қойылады: не Ресейдің басқа аймағына көшу, не теңіз асып, Түркияға көшу. Ұбық көсемдері Түркияны таңдайды, жалпы, сол тұста тек ұбықтар ғана емес, Кавказдағы басқа мұсылман жұрттары арасында мұсылман ел — Түркияға көшу кең тараған құбылыс болған, тарихта бұл мұхаджирлік көштердің бірі саналады. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда кавказдықтардың мұхаджир ретінде Османлы еліне көптеп қоныс аударуы — Англия, патшалық Ресей, Түркия үкіметтерінің астыртын түрде бірігіп жүргізген саясатының «жемісі». Ұбықтар көсемдерге берілген уәде, өздерінен бұрын көшкендердің «хаттары», т.б. астыртын әркеттер арқылы жүргізілген үгіт-насихаттың құрбаны болады. «Кәпірлерден» аулақта, діндес бауырларының арасында жұмақтағыдай өмір сүреміз деп сеніп, өз жерлерін тастай қашқан олар Түркияда пашалардың қатыгездігіне, аштыққа, індетке, толып жатқан ауыртпалықтарға тап болып, тоз-тозы шығып, жан-жаққа тарап кетеді. Үлкендер жағы теңіздің арғы бетінде қалған ата мекендерін аңсаумен, қайғы-қасірет шегіп, құсадан өледі. Жастары күнкөріс қамын жасап, жат жұрттың тілін үйреніп, тұрмысына бейімделіп, ақыры басқа халыққа сіңіп тынады. Жазушы «Ұбықтан қалған бір жалғыз» романын Кавказдан көшіп келген ұбықтардың бірінің немересі — Тевфик Эсенчтен естігендері бойынша жазған деседі. Ал Тевфик Эсенч оған, әрине, атасының естеліктерін жеткізген. 1960-жылдардың соңында Түркияға барған жазушы сұрастыра жүріп, Тевфик Эсенчтен басқа ұбықша сөйлей алатын бірде-бір адам таппаса керек. Ұбық тілі 1992 жылдан бастап өлі тіл саналады. Осы жылы 88 жасында өмірден озған Тевфик ақсақалдың бейітінің басына «Бұл жерде ұбық тілінде сөйлеген ең соңғы адам жатыр» — деген тас қойылыпты…
«Шынайы діни құндылықтар бір басқа»
Өкінішке қарай, тарихтың мұндай ащы сабақтары аз емес. Оны әрдайым есте ұстауға тиіспіз.
«Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар, — дейді облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының басшысы Төлеген Талдыбаев. — Тарихтағы дін атын жамылып жасалған қасіреттер жұртты діннен бездірмеуі керек. «Дін дегенің осы екен» — деген ұғым тумауы керек. Имансыздық та қоғамға аз қасірет әкелмейтіні түсінікті. Шынайы діни құндылықтар бір басқа да, діннің атын жамылған арам пиғыл — бір басқа. Осы екеуінің ара жігін айыра білудің маңызы зор».
Шынайы дін мейірімге, ынтымаққа, басқаларды да өзіңдей көруге үндесе, ал дін атын жамылған теріс ағымдар әдетте тырнақ астынан кір іздеуге шақырады. Мысалы, соңғы кезде: «Қазақтар неге басқа мұсылман жұрттар жемейтін жылқы етін жейді?» — деген сөз жиі айтылады, айталық, арабтар жылқы етін харам санайды-мыс.
Осыған орай Төлеген Талдыбаев: «Жылқы еті денеге қызу береді. Ал арабтар өте ыстық жақта тұрады, соның үстіне жылқы етін жесе, не болмақ? Бұл олардың денсаулықтарына кері әсер етпей ме? Ата-бабаларымыз да жаздың ыстық мезгілінде жылқы етін жемеген. Әр халықтың тұрмыс-тірлігі, дастарқан мәзірі өзі тұрып жатқан жердің табиғат жағдайына бейімделеді. Теңіз жағалауларында тұратын кейбір мұсылман халықтары судан не шықса да жейді. Өйткені олардың теңіз өнімдерінен басқа қорегі болмағандықтан, судан шыққанның бәрін жеуге рұқсат етіледі. Ал қазақтарға, мысалы, өлексемен қоректенетін жыртқыш балықтарды жеуге тыйым салынады. Бұл — табиғат ерекшелігінен туындаған өзгешеліктер. Мұндай жағдайлар ислам дінін ұстанатын халықтардың бір-бірінен алыстауына, бірін-бірі жат санауына негіз бола алмайды. Мұны төрт мәзһабтың іргетасын қалаған ғұламалар, олардың ілімін дамытқан ғалымдар айтып кеткен. Солардың еңбегіне жетік болса, арабтың да, қазақтың да бүгінгі дін саласы мамандары да осыны қуаттайды. Мұны араб елдері ғалымдарымен қарым-қатынаста көріп жүрміз» — дейді.
Материалды әзірлеген Индира Өтеміс.



