Жолдар жөнделіп жатыр

Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батырлары атымен аталатын көше жолдарына жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали былай дейді:
— Жеңістің 70 жылдығы құрметіне қаладағы Кеңес Одағының Батырлары атымен аталатын көшелердің көлік жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу шаралары өткен жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Ағымдағы жылдың жұмыс жоспарына сәйкес Кеңес Одағының Батыры Александр Гуцало көшесіне жөндеу жұмыстары басталды. Былтыр қалада Батырларымыздың есімімен аталатын 11 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу басталса, биыл 4 көше бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатырында Кеңес Одағының Батырлары Рауф Кутуев, Василий Козенков атындағы көшелер де бар, — дейді Р.Төреғали.
Сонымен қатар, қазір қаланың екінші дәрежелі жолдарын жөндеу жұмыстары да қатар қолға алынған. Бұл — Оңтүстік-Батыс-1 ауданындағы Тобық Жармағамбетов, Құрмыш ауданындағы Чапаев, Смирнов көшелері. Сондай-ақ, Алтай батыр, Парижская коммуна көшелеріндегі көлік жолдарын жөндеу үшін мердігер мекемелермен келісімшарт жасалған.
Р.Төреғалидың айтуынша, өткен жылы жолға қатысты басталған жобаларды аяқтауға 2 миллиард теңгеден астам қаражат, ал биылғы жұмыс жобалары үшін
1 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Бір ғана Гуцало көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 30 миллион теңге жоспарланған. Қазір аталған көшеге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме — «Актобегордорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Серіктестіктің бас инженері Николай Буканевтің айтуынша, Гуцало көшесіне жол салу ісінде пайдаланып жатқан барлық жабдықтар — отандық өнім.
— Он күннен бері бұл көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Белгілі қашықтықтағы аумаққа түгелдей екі қабат асфальт-бетон жамылғысы төселді. Көшенің ұзындығы — 920 метр, ені — 4,5 метр. Жоспардағы жұмыстарды аяқтау үшін әлі бір аптадай уақыт қажет. Енді жол белгілерін орнату жұмыстары қалып тұр. Жол жиегіне жиектас орнатылмайды. Себебі бұл жұмыстар жобада қарастырылмаған. Жол салуда ешқандай кедергілер орын алған жоқ. Жол бойындағы плиталарды алмастырып, 8 құдықты биіктеттік, — дейді Н.Буканев.
Бүгінде Гуцало көшесінде 9 адам жол салу ісімен шұғылданып жатыр. Жол жөндеу, жол салу ісінде тәжірибесі мол «Актобегордорстрой» серіктестігі жұмысшылары қазір Оңтүстік-Батыс-1 ауданындағы Тобық Жармағамбетов атындағы көшеге де жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
— Бұрын-соңды Тобық Жармағамбетов көшесінде асфальт жамылғысы болған жоқ. Қазір көше жолдарын тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз бұдан басқа да тендерлерге қатыстық. Қазір қаланың 12 «б» шағын ауданындағы бір көшені жөндеу үшін әкімдікпен келісімшарт жасасып жатырмыз. Алдағы уақыттағы жұмыс жоспарымыз тендер қорытындысына байланысты жүргізіледі, — дейді Н.Буканев.
Т.Жармағамбетов көшесінің ұзындығы —1338 метр. Қазір бұл аймақта жерді тегістеу, қазу жұмыстары басталып кетті. Жол салу жұмыстары 2 айға созылады. — Әрине, жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Дегенмен тұрғындар жолды жеке үйге тым жақын салмау секілді жеке өтініштерін де айтып қалып жатады. Жол салудың өз тәртібі бар. Айталық, көлік жолы мен жоғары вольтты электр бағаналарының арасындағы екі метр қашықтық қатаң сақталады, — дейді мердігер мекеме мамандары.
Бұрын бұл көшенің тұрғындары жеке көліктерімен Самара-Шымкент тасжолы арқылы пәленбай шақырымды жүріп өтіп үйлеріне жететін болса, енді Бәйішев көшесі арқылы Жармағамбетов көшесіне түсетін болады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



