Жаңалықтар

Қазақстан және дүниежүзілік сауда ұйымы

Қазақстан 2015 жылғы желтоқсанда ДСҰ-ның толыққанды мүшесі болады

 

22 маусым күні Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша жұмыс тобының мүше елдері финалдық отырыста кіру жөніндегі түпкілікті құжаттар бумасын мақұлдады. Барлық қажетті рәсімдерді орындағаннан кейін ағымдағы жылдың желтоқсан айында Қазақстан әлемдік сауданың 98 пайызын реттеп отырған халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі болмақ. Бұл туралы ҚР экономикалық интеграция істері министрінің хатшылығы хабарлады.

Жұмыс тобының отырысы барысында Қазақстанның ірі инвесторлары және негізгі сауда әріптестері болып отырған Америка Құрама Штаттары, Еуропалық одақ, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Жапония, Корея Республикасы сияқты ДСҰ-ның басты мүшелері өз заңнамаларын ДСҰ нормаларымен сәйкес келтіру мақсатында Қазақстан жүргізген елеулі реформаларды оң бағалады.

Мәселен Қазақстан Республикасының 50-ден астам ұлттық заңдарына қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, олардың арасында валюталық реттеу; баға белгілеу және бәсекелестікті дамыту; салық саясаты; кедендік реттеу, импортты лицензиялау; техникалық реттеуді және санитарлық, ветеринарлық шараларды қоса алғанда, өнімдердің қауіпсіздігі шараларын алу; сондай-ақ, зияткерлік меншік құқығын қорғау сияқты заңнамалар бар.

ҚР-ның ДСҰ-ға кіруі Қазақстанның қолайлы және ашық инвестициялық және іскерлік ахуалымен сенімді сауда әріптесі ретіндегі әлемдік қоғамдастықта танылуына тікелей ықпал етеді.

Дүниежүзілік сауда ұйымы —  ең алдымен, тауарлар және қызметтердің саудасын реттейтін ережелер жиынтығы.

БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 161-і экономикалық және сауда саясатын жүзеге асыруда бұл ережелерді басшылыққа алады. Олардың арасында дамыған елдер де, дамушы мемлекеттер де бар. Сонымен бірге, тағы 23 мемлекет түрлі деңгейде ДСҰ-ға кіру жөнінде келіссіөздер жүргізіп жатыр.

Қазақстанның халықаралық сауда жүйесіне тең құқықты қатысушы ретінде кірігуі егемен еліміздің дамуындағы айрықша кезең әрі 2050 жылға дейінгі Стратегияны жүзеге асырудағы маңызды қадам болып табылады.

ДСҰ-ға кіру Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестиция тартуға, Қазақстанның бүкіл әлеммен тығыз сауда-экономикалық байланысын нығайтуға және ел ішінде бәсекеге қабілетті бизнесті дамытуға қолайлы тұрақты орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«ДСҰ-ға мүше-елдер Ұйымға жас, қарқынды дамушы мемлекеттің қосылғанына қызығушылық білдірді. Қазақстанға деген ерекше назар аударуға келіссөздер кезеңінде Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен Кедендік одақтың (ЕАЭО) құрылуы себеп болды. Күрделі келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан елдің экономикалық дамуының ұзақ мерзімді мүдделері ескерілген міндеттемелерге қол жеткізе алды», —  делінген хабарламада.

 

ЕО Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бойынша келіссөздер аяқталғанын оң бағалайды

 

Еуроодақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша келіссөздер аяқталғанын оң бағалайды. Бұл туралы Еуроодақ таратқан мәлімдемеде хабарланды.

«Еуропалық одақ ұзақ жылдық мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөлге ие болды, енді ДСҰ-ның Бас кеңесі  саяси жағынан бірауыздан мақұлдайтынына сенім артады», —  деп атап өтілген ЕО хабарламасында.

Бұл шешім Қазақстанға жан-жақты сауда жүйесінің толыққанды мүшесі ретінде ағымдағы жылғы желтоқсанда   өтетін ДСҰ  министрлер  конференциясына қатысуға мүмкіндік беретіні атап өтіледі.

«Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі екі жақты экономикалық ынтымақтастық жағынан да маңызды болып табылады», —  делінген Еуроодақ мәлімдемесінде.

 

 

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі ең алдымен тұтынушыларға тиімді!

 

— Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі ең алдымен тұтынушыларға тиімді. Қазақстан экономикасындағы маңызды тарихи оқиға туралы ойымен саясаттанушы Досым Сәтпаев бөлісті.

«Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі қарапайым тұтынушылар үшін өте тиімді. Тауарлардың бағасы түседі. Нарықта сапалы тауарлар пайда болады, олардың ассортименті кеңейеді. Қарапайым қазақстандықтар үшін, әрине, өте жақсы», —  деді Д.Сәтпаев.

Алайда сарапшының айтуынша, ДСҰ-ға мүше болу өндіріс саласы жақсы жолға қойылған әрі бәсекеге қабілетті елдерге ғана пайдасын тигізеді.

Саясаттанушы отандық өндірушілер сапасы жоғары, бағасы арзан тауар өндіре алмаса, ДСҰ талаптарына сай жасалған өнімдермен бәсекеге түсе алмай қалуы ғажап емес екендігін де айтты.

 

 

Виктор Ямбаев, Алматы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі мемлекет алдында ауқымды міндеттер қойып отыр

 

— Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі мемлекет алдында ауқымды міндеттер қойып отыр. Бұл бірінші кезекте Қазақстан экономикасын реформалауға қатысты. ДСҰ-ға кіру үшін ішкі экономикалық ресурстарды ғана емес, бизнеске белгілі бір қызмет көрсететін мемлекеттік органдарды да реформалау қажет. ДСҰ-ға мүше болу Қазақстан тауар өндірушілері үшін бәсекелестіктің күшейе түсетіндігін білдіреді.

Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық жағдай жасалып, әкімшілік кедергілер жойылуы керек.

 

 

 

Чжан Нин,

 Қытай қоғамдық ғылым академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны (ИРВЕЦА) зерделеу институты басшысының орынбасары: 

 

Қазақстан ДСҰ-ның лайықты да мықты мүшесіне айналады

 

— Қазақстанды ДСҰ-ға кіруімен құттықтаймын! Бұл тек сіздің ел үшін ғана емес, тұтастай, әлемдік экономиканың (оның ішінде ДСҰ-ға мүше 160-тан астам мемлекеттер) дамуы жолында маңызы зор. Қазақстан бәсекеге қабілетті өндіріс, инвестиция ағыны, әріптестермен тауар айналымының өсімі сияқты көрсеткіштермен ғана емес, сонымен бірге, әлемдегі қаржы-экономикалық, экологиялық, саяси тұрақтылықты нығайтуға қосар үлесімен ДСҰ-ның лайықты да мықты мүшесіне айналады. ҚР дамуы барысында өңделген бірегей идеялар мен жаңа тұжырымдамалар әлемдік қауымдастыққа кеңінен тарай түседі. Мысалы Қазақстан жаһандық дағдарысты құбылыстарға қарсы тұратын жаңа тиімді тұжырымдарға (ӘӨСШК, «жасыл көпір», G-Global) бастамашылық етті.

 

 

Лю Хуацинь, ҚХР Коммерция министрлігі Халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық академиясының Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институты директорының орынбасары:

 

Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі —  инвесторлар үшін маңызды мүмкіндік

 

— Осы жетістіктеріңізбен құттықтаймын! Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үшін ұзақ жолды еңсерді. Бұл Қазақстанның дамуына және оның басқа елдермен, соның ішінде Қытаймен сыртқы экономикалық байланыстарына пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Біздің елдеріміз ДСҰ-ның ортақ, ашық ережелеріне сәйкес жұмыс жасай алады. Бұл екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға оң ықпал етеді және инвесторлар үшін маңызды мүмкіндік болып табылады.

Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болған қазіргі шарттары (кедендік процедуралар, баж, т.б.) еліміз өтінім білдірген жылдармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Бұл қадам отандық өндірісті дамытуға серпін береді.

Қытайдың тәжірибесіне зер салатын болсақ, біз ҚХР-дың ДСҰ-ға кіруі отандық өндірушілерге зардап әкеледі деп қорыққанбыз. Алайда бүгінгі таңда бұл қадамның қытайлық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырғанын көріп отырмыз.

 

 

Уәлихан Ғабдуллин, 

Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

 

Дүниежүзілік сауда ұйымы отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

 

— Кез келген мемлекет үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына өту арман. Онсыз мемлекеттің дамуын елестету мүмкін емес. Өйткені ДСҰ нағыз сауда мәдениетінің қайнаған ортасы деуге болады. Мұнда өнеркәсіп шаруашылық тауараларын сатуда тарифтік және тарифтік емес кедергілерді төмендету, халықаралық сауданы әрі қарай ырықтандыру мен дүниежүзілік нарықта еркін және әділ бәсекелестікке жағдай туғызу сияқты зор мүмкіндіктер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, оған өту отандық өндірістің екінші тынысын аша түседі. Бірақ сол ұйымның талаптарына сай жұмыс істеп, өз орнын таба білу кәсіпкерлердің өздеріне байланысты. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдан келгенше қолдау көрсетіліп келеді. Одан әрі де көрсетіле бермек. Бастапқыда қиындықтар болады, ол — заңдылық. Кейін оған бейімделіп, тәжірибе жинақтап алған кезде жеңіл болатыны сөзсіз. Өйткені елімізде шығарылатын өнімдерге көбіне отандық шикізат қолданылады. Сондықтан бұл бізге басымдық береді.

 

Материалдар «Қазақпарат» сайтындағы ақпараттар бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button