Кәмшаттың жеңісі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары мен журналистерді марапаттаған болатын. Марапатқа ие болғандардың арасында әріптесіміз Камшат Қопаева да бар.
Аталған байқау мемлекеттік тіл саясатын БАҚ-та насихаттау белсенділігін арттыру мақсатында өткізілген болатын. Биыл байқауға БАҚ-та жарық көрген 200-ден астам материал келіп түскен. Жарияланымдар байқаудың ережесіне сәйкес «Үздік мақала», «Үздік телеарна бағдарламасы», «Үздік радио бағдарламасы», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша сараланған. Үздіктерді Сенат депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин, Мәжіліс депутаты, жазушы Алдан Смайыл, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, «Түркі Академиясы» ғалым хатшысы Амантай Шәріп бастаған елімізге белгілі жазушылар мен тәжірибелі журналистерден құралған қазылар алқасы анықтаған.
Әріптесіміз Кәмшат Қопаева бұл байқауда қазылар алқасының төрағасы болған Нұрлан Оразалиннің қолынан арнайы диплом мен ақшалай сыйлықты иеленді.
Арайлым НҰРБАЕВА.



