Жаңалықтар

Сағынышпен бас қосты  

Байғанин ауданындағы Жарқамыс орта мектебінің 1965 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін бас қосты.

Бұл мектеп — Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев сынды асылдар түлеп ұшқан киелі шаңырақ. Ал мектептің 1965 жылғы түлектері арасында да қазақтың белгілі қаламгері бар: ол — жазушы Мәди Айымбетов.

50 жылдан кейінгі кездесу ұстаздарға құрмет көрсету рәсімінен басталды.

— Біз мықты ұстаздардан білім алдық. Бүгінде олардың қатары сиреген. Осы кездесуге төрт қана ұстаз келіп отыр: Сабыржан Тойманқұлов, Әбілқайыр Жәметов, Анаргүл Ұзақбаева, Нағима Табылова. Өкінішке орай, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ағайымыз, қазақтың белгілі ақыны Өтежан Нұрғалиев, математикадан сабақ берген Насролла Мұқанов, басқа да ұстаздарымыз бұл күні ортамызда болмады, — дейді осы кездесуді ұйымдастырушылардың бірі — Бибатпа Үсенова.

Кездесуге шақырылған ұстаздарға шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді.

Сабыржан Тойманқұлов 1965-67 жылдары Жарқамыс орта мектебінің директоры болып қызмет еткен.

— «Жарты Жазушылар одағы» деген ат алған Жарқамыстың орта мектебін облысымыздағы үлкен тарихи орындардың бірі десек те болады. Мұнда қазақтың атақты ақын-жазушылары білім алды, мұғалім болып еңбек етті. Жарқамыс туралы Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» шығармасында жазылды. Ал шәкірттеріміз де бізді жерге қаратқан жоқ. Мысалы, осы 1965 жылғы түлектеріміздің арасында Сайраш Сағиева мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы оқу орындарының біріне түскені есімде, — дейді Сабыржан аға.

Бес бала тәрбиелеп өсірген Бибатпа Үсенова ғұмыр бойы медицина саласында еңбек еткен.

— 1965 жылы Жарқамыс орта мектебін 35 жас бітіріппіз. Олардың әрқайсысы — бір әлем. Жазушы, халық ағарту ісінің үздігі, музыка маманы, теміржол, байланыс салаларының мықтысы, көпбалалы аналар — қысқасы, арамызда бәрі де бар. Өкініштісі, осы күнге дейін 11 досымыздан айырылыппыз. Олардың орны, әрине, үңірейіп-ақ тұр, — дейді ол.

Кездесуге қатысқандар осы күнге жете алмаған достарының рухына Құран бағыштады.

«Ақтөбе кітапханасы» сериясының 23-томына Мәди Айымбетовтің шығармалары енді. Кездесу аясында осы кітаптың тұсаукесері де өткізілді.

Жазушының «Тәтті мұң» деп аталған алғашқы әңгімесін қалың оқырманға 1972 жылы  «Жұлдыз» журналы ұсынған еді. Содан бері оннан астам кітабы жарыққа шығыпты.

— «Ол дәурен — бір көрген түс» атты шығармамда балалық шақтағы достарым туралы жаздым. Мектеп бітіргеннен кейін ауылдан жыраққа кетсем де, демалыстарда елге келіп тұрамын. Осы кездесуге жан-жақтан — Астанадан, Алматыдан, Маңғыстаудан, Шымкенттен, Ақтөбенің әр түкпірінен — жиналдық. Балалық шақтағы достарыңды көргенде сол шаққа деген сағыныш оянады екен, — дейді Мәди Айымбетов.

Кездесу аясында басқа да шаралар ұйымдастырылды.

                                                                                                И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button