Жаңалықтар

Мың алғыс саған, ардагер!

Өткен аптада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева ардагерлерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесімен құттықтады. Олардың арасында соғыс ардагерлері, еңбек майданына қатысушылар, соғыс ардагерлерінің жесірлері бар.

Қаламыздағы «Энергия» сауда үйінің алаңында өткен шараға 150-ге жуық ардагер мен аталған сауда үйінің қызметкерлері қатысты.

Мерекелік шарада алғаш болып сөз алған Айгүл Арынғазиева ардагерлерге тілегін айтып, ризашылығын білдірді.

— Құрметті соғыс және тыл ардагерлері! Сіздер елімізді жаудан қорғап, ел мен халықтың игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Соғыс жылдары майдан үшін талай қиындықты бастан өткеріп, ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеттіңіздер. Бүгінгі біз қол жеткізіп отырған тәуелсіздік пен егемендікке сіздердің арқаларыңызда ие болдық. Сондықтан барлық ардагерлерді біз әрдайым ұлықтап, құрметтейміз. Батырлар есімін ешқашан ұмытпаймыз. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде жеңіс үшін, өшпейтін ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар.

Барлығыңызға денсаулық, тіршіліктің ұзақ та жарқын, алаңсыз күндерін, жан шуағын және отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді қала әкімінің орынбасары.

Шара барысында Айгүл Арынғазиева және «Энергия» сауда үйінің бас директоры Василий Хмыров ардагерлерге мерейтойлық медальдар тағып, арнайы сыйлықтар ұсынды.

— Бүгінгі шарада ардагерлерімізге «Энергия» сауда үйінің Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арнайы дайындаған мерейтойлық медальдарын табыстап отырмыз. Бұл жиынға біздің 150 қызметкеріміз жұмылдырылып отыр. Олар қарияларға қызмет етіп, жауынгерлер асханасынан дәм татқызады. Бұл күні ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Бізге осындай баянды бақытты сыйлаған олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар туған жерді сүюдің, елдің патриоты болудың керемет үлгісін көрсетті. Сондықтан ардагерлерге қызмет ету – баршамызға мәңгі борыш, — дейді «Энергия» сауда үйінің іс басқарушысы Сергей Вишняк.

Мерекелік жиында №6655 әскери бөлімінің оркестрі (дирижері Сергей Гафаров) мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық оркестрі (көркемдік жетекшісі және дирижері — Әлімжан Ермекбаев) марш екпінімен сазды
әуендер орындап, өнер көрсетті. Сонымен қатар, сауда үйінің алаңында жауынгерлік әндер шырқалып, Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алып, аспанға шар ұшырылды.

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button