Бір тал кессең, он тал ек

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі. Қазақ әуел бастан Наурыз мерекесіне ерекше даярланған. Көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ ауланы, тоғайлар маңын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Наурыз — мезгілдің, жылдың жаңаратын уақыты ғана емес, адамның да жандүниесін тазартатын, не тындырдым деп өткен жылға қайырыла қарайтын тұс.
Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз.
Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің әуе алабына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқыл газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын жұта алады.
Қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесімізді тигізу үшін сенбіліктер өткізіп, ауламыздың, қаламыздың, ауылымыздың аумағын тазартып, абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын әрлендіре түсуіміз керек.
Облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың елді мекендері мен қалаларының аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 2015 жылдың 1 сәуірінен 31 мамырына дейінгі аралықта Ақтөбе қаласында және аудандарда, облыстың елді мекендерінің аумағында көгалдандыруға, санитарлық тазартуға және абаттандыруға бағытталған сенбілік жұмыстарын өткізу бойынша екі айлық ұйымдастырылуда.
Бұл игі шараға ерікті негізде екі айлық мерзімінде барлық құқықтық ұйымдардың ұжымдары, жеке тұрғын құрылыстар меншік иелері, гараж-құрылыс кооперативтерінің мүшелері, көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары қатысып келеді. Екі айлық жергілікті атқарушы органдардың, облыстық мекемелер жетекшілерінің, сонымен қатар, меншік түріне қарамастан кәсіпорындар мен ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының, пәтер иелері кооперативтерінің ұйымдастыруымен жүргізілуде.
Екі айлық барысында елді мекендерді аббаттандыру, коммуналдық және тағы да басқа меншікке жататын шағын сәулет нысандарын (жарнама қондырғыларын, аялдама павильондарын, коммуникацияның тірек бағандарын, аулаішілік алаңдарды), тротуарларды, үйаралық автокөлік жолдарын, жаяу жүргін өткелдерін қалпына келтіру, талдарға және бұталарға санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу, кеуіп қалған ағаштарды жинау, қолайлы ауа райы қалыптасқан жағдайда қала және облыстың елді мекендерін көгалдандыру (ағаштар мен бұталар отырғызу, газондар мен гүлзарлар), көпқабатты үйлерді, үйлердің айналасын және көшелерді жинау, санитарлық-экологиялық жағдайын жақсарту, қоқыс салатын контейнер алаңдарын қалыпқа келтіріп жинау, көппәтерлі үйлердің жертөлесі мен шатырын үйдің тұрғындарын және қоғамды, т.б. тарта отырып жинау, елді мекендердің, қала, аудан, өзен, көл, су қоймалары және орман массивтері айналасындағы ретсіз төгілген қоқыстарды жою жұмыстары жоспарланды.
Сонымен қатар, «Таңдаулы үй», «Таңдаулы аула», «Таңдаулы көше», «Таңдаулы кәсіпорын» атағы үшін байқау өткізіліп жатыр. Санитарлық тазарту мен абаттандыру бойынша екі айлық мерзімінде тұрғындардан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарға және қалдықтарды жинау орындарына кедергісіз және ақысыз түрде қабылданады.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 18 сәуірінде «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы өткізіледі. Бұл — ел бойынша қолға алынып жатқан шара. Тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауылымыздың ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызы. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» демекші, отырғызған жасыл желектеріміз тез жерсініп, балғындарымыз мақтанышпен айта жүріп, саясында емін-еркін асыр салып ойнауы біз үшін үлкен қуаныш. Ағаштарды егіп қана қоймай, оларды стандартты жағдайға жеткенге дейін кемінде үш жыл бойы толықтыру, күтім, қорғау жұмыстарын орындап отыруымыз қажет.
«Мың шыбық шаншып өсірсең,
Халқыңа орман салғаның.
Халқыңа орман салғаның,
Өзіңе қорған салғаның» дегендей, осы игі шараларға ел болып, көтеріңкі көңіл күймен атсалысайық.
Ғабит ҚЫЛЫШБАЕВ,
облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы.



