Жаңалықтар

Тасжол тағдыры немесе «Қарабұтақ–Торғай» трассасының қисынсыздығы хақында  

Өткен жылдың қараша айында жарияланған Президент Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы сарабдал саясаткердің кемел қасиеті халық тағдыры таразыланар тұста тереңірек танылатынының дәлелі іспеттес болды деу орынды. Өйткені, Елбасының өзі айтқандай, бүгінде бүкіл әлем жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Ал «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – осындай күрделі кезеңнен қысылмай шығудың бағыттарын анықтап берген баянды бағдарлама. Жолдауда қозғалған мәселелердің қай-қайсысы да өзекті.

Оның ішінде әсіресе, тарихи құжаттың басты түйіні ретінде сипатталған алысты жақын ететін жолдың орны бөлек. «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады».

Осы тұрғыда көліктік-логис­тикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Әуелгі кезекте, негізгі автожолдар жобасы жүзеге асы­рылмақ. Бұлар: «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Астана–Алматы», «Астана–Өскемен», «Астана–Ақтөбе–Атырау», «Алматы–Өскемен», «Қарағанды–Жезқазған–Қызылорда», «Атырау–Астрахань» автокөлік жолдары. Осылардың ішінде Ақтөбе облысының аумағынан «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. Бұл облыс экономикасының дамуына серпін беруде. Сонымен қатар, «Астана – Ақтөбе – Атырау» бағытында жүргізілетін автокөлік жолы да ақтөбеліктер үшін аса маңызды болып табылатыны дау­сыз. Тап осы жолға қатысты негізгі бағдарды Елбасы айқындап бергенімен, оны жүзеге асыруда, яғни жолдың қай жерлермен жүргізілетіні турасында қарама-қайшы көптеген пікірлер мен көзқарастар бар. Бұл жөнінде мерзімді баспасөз беттерінен оқып жүрміз. Әрине, әркімнің өз көзқарасы мен оны еркін білдіруге құқығы бар десек те, не нәрсені де әуелі саралап, оң-терісін безбенге салып салмақтап барып көпшілікке жариялаған жөн.

Осы тұрғыда республикалық «Экономика» газетінің осы жылғы №2 санында шыққан «Қарабұтақ–Торғай» тасжолының логистикасы» деген тақырыптағы мақаланы мысалға келтірсек ешбір әбестігі болмас. Авторы анау-мынау емес, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастық профессоры Мұханбет-Шәріп Кенжебай екен. Мақаланы оқып шығып, жағамызды ұстадық. Профессор мырза «атты тым әріге айдап» жіберіп қарақшыға жеткізе алмаса керек, өзі көтеріп отырған жобаны негіздей алмапты. Сондықтан осы мақаланы жазуға еріксіз бардық. М.Кенжебай Қарабұтақ–Торғай бағытын бес өлшем бойынша негіздемек болған екен, біз сол бес өлшемнің қисынсыздығын айтқымыз келеді.

Біріншіден, Торғайдан Қара­бұ­таққа ең төте жол салғанның өзінде арақашықтық мақалада айтылғандай 187 шақырым емес, 263 шақырымды құрайды. Бұған кемінде 3 көпір салынуы керек, егер мамандар көк­темгі су тасқынын ескерер болса, тағы қосымша су өткізгіштер және басқа құрылыстар салынуы мүмкін. Ал жол салудағы әрбір көпір құрылысының қаншалықты қымбатқа түсетіні баршамызға белгілі. Екіншіден, автор бұл бағытта тығыз орналасқан халықты қайдан көріп жүр? Торғайдан Тұмабұлаққа дейінгі 170 шақырым құла түзде ұшқан құс, жортқан аң жоқ. Үшіншіден, екі ортада 10-нан аса ауыл түгілі, мал бағып отырған қос та жоқ. Бұл аралықта Кеңес өкіметі кезінде де ел көп қоныстанып көрген емес. Төртіншіден, Сібірден ұшқан құстар дамылдайтын көл-көлшіктер бұл бағытта да бар. Бесіншіден, Әбілқайыр хан бейіті де бұл жолдан 60-70 шақырым жоғарыда жатыр.

Енді автор теріске шығаруға жанын салып отырған «Ырғыз–Торғай» жобасына келсек, оның қисын­дылығын төмендегіше пайымдауға болады.

Біріншіден, профессор айт­қан­дай, Ырғыз бен Торғайдың арақа­шықтығы 200-250 шақырым емес, тура 200 шақырым.

Екіншіден, Ырғыз бен Торғайдың арасында Ырғыз ауданының Нұра және Қостанайдың Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылдық округтері, 4 елді мекен бар. Одан басқа жағалай шаруа қожалықтары орналасқан. Ал М.Кенжебай мақа­ласында «Торғай–Ырғыз» тасжо­лының іргесінде Құйылыс елді мекенінен басқа 40 шақырымнан жақын бірде-бір елді мекен орна­лас­паған» дегенде не айтқысы келгені тіпті түсініксіз. Егер автор бұл жердің жай-жапсарын толық білмей­тін болса, білетіндерден сұрап алуына болатын еді ғой. Ырғыз ауда­ны­ның Тәуіп ауылдық округінің орта­лығы Құйылыс ауылы мүлдем басқа бағытта жатыр. Ол жолдан шығысқа қарай 90 шақырымдай қашықта.

Үшіншіден, көпір бір-ақ жерден, Өлкейек өзенінен салынады. Және бұл бағытта Торғайдан Ақшығанаққа дейін, Ырғыздан Нұраға дейін бұрынғы кеңестік дәуірден қалған көтерме жол бар, сонда осы екі елді мекеннің арасындағы 40 шақырым жол табаны ғана көтеріледі. Ал Торғайдан Қарабұтаққа дейінгі 263 шақырымның басынан-аяғына дейін жол табанын көтеру керек. Бұл да көп шығынды талап ететіні белгілі.

Төртіншіден, «Ырғыз–Торғай» автожолын салудағы ең маңызды мәселенің бірі туризмді дамыту мүмкіндігі болып табылады. Бұдан миллион жыл бұрын алып метеорит түскен жер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Ырғыз-Шалқар» тас жолдарының, яғни төрт жолдың торабы түйіскен жерден 35 шақырым оңтүстікте, Әбілқайыр ханның бас батырларының бірі Бөкенбай батырдың қарауыл төбесі 15 шақырым батыста, Әбілқайыр ханның ордасы тігілген жер 40 шақырым шығыста жатыр. Басқа да тарихи орындар жеткілікті. Бұдан басқа айдын көлдер мен шағыл құмдарға саяхат жасау арқылы экотуризмді дамыту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде Малайдар көлдер жүйесі экотуристік саяхаттың маршруты мен тарифі республикада бекітіліп, ұйымдастыру шаралары қолға алынуда. Ал туризмді дамытуда инфрақұрылымның дамуы аса маңызды екенін ешкім жоққа шығармаса керек.

Тағы бір назар аударатын жайт, Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы жарияланған соң көп ұзамай облыстық «Ақтөбе» газетінде «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің басшысы Ерділдә Қалағановтың сұхбаты жарық көрді. Ол 2015 жылы қаралуы тиіс үшінші жоба – «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автожолы екендігін атап көрсетіпті. «Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес еліміздің орталығын оңтүстік, батыс және шығысымен байланыстыру мақсатында Астана арқылы ұлттық автожол желісінің құрылысын бастау қолға алынған болатын. Осыған орай Астананы Ақтаумен байланыстыратын жаңа көлік дәлізі пайда болмақ. Бұл жолдың болашақтағы бағыты «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік дәлізімен қиылысатын қазіргі «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» тасжолының жекелеген бөліктерін қамтиды. Бұл жолдың облыс аумағындағы ұзындығы – 401 шақырым», дейді Е.Қалағанов.

Н.Назарбаев 2014 жылдың қаңтар айында жариялаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс екендігін айтқан еді. Осыған байланысты Ақтау портының қуаттылығын күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жезқазған–Шалқар–Бейнеу» теміржолы осы мақсатта салынды. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Елбасы осы ойын «Нұрлы Жол» Жолдауында әрі қарай дамыта түскенін көріп отырмыз.

Қазақстанның картасына зер салып қараған жан Астанадан Ақтауға баратын төте жолдың Ырғыз арқылы өтетінін көрер еді. Яғни, жоғарыдағы «Торғай–Ырғыз» тасжолы осынау «Астана–Торғай–Ырғыз–Шалқар–Бей­неу–Ақтау» атты ұлы жолдың бір бөлшегі болмақ. Торғайдан Ырғызға барған жол әрі қарай Шалқар, одан әрі Бейнеу арқылы Ақтауға тура асып түседі. Неге екені белгісіз, әзірге осы бағыт ешкімнің аузына түсер емес. Теміржолмен қатар салынатын автожолдың стратегиялық маңызын да ұмытпауымыз керек емес пе? Қазір «Шалқар–Бейнеу» теміржолы бар, екі ортаға автожол салатын болсақ материал тасу теміржол арқылы арзанға түседі. Сонда Елбасы атап көрсеткендей, Ақтау портына еліміздің солтүстігінен, порттан солтүстікке ең төте жолмен жүк тасу жолға қойылады. Егер осы жоба іске асса, жол Ырғыздың түбінен өтетін «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» магистралына қосылып төрт тарапқа бірдей тарайды. Ырғыз–Шалқар–Бейнеу арқылы Ақтауға, Ырғыз–Қарабұтақ–Ақтөбе арқылы Батыс Еуропаға, Ырғыз–Арал–Қызылорда әрі қарай оңтүстік арқылы Батыс Қытайға шығады. Астана мен портты қала Ақтауды қосатын төте жол салған кезде біраз қаражатты қажет еткенімен кейін оның еселеп қайтарылатынына шүбә жоқ. Өйткені, «Шалқар–Қандыағаш–Мақат–Бейнеу» тасжолы «Шалқар–Бейнеу» жолынан екі есе қашық, яғни 500 шақырым жол үнемделеді.

Әрине, бұл айтылғандардың көпшілігі әлі ұсыныс немесе жоба күйінде ғана тұр. Дегенмен, қиындықтарды еңсеру үшін қолға алынатын басты шаруаның бірі – автокөлік жолдарының құрылысы болатыны Мемлекет басшысының өзі белгілеп берген бағдар. Сондықтан қалай болғанда да халықтың игілігіне айналар жол құрылысының қызу жұмыстары көп кешікпей-ақ бас­таларына күмәніміз жоқ. Тек осы жолдарды салғанда қатаң есеп, салиқалы ұстаным және қисынды идея басшылыққа алынса деген ой біздікі.

 

Нұрқасым СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы.

«Егемен Қазақстан» газеті,

26 ақпан 2015ж.

Басқа жаңалықтар

7 Comments

  1. Нұрқасым ақсақалдың бұл сайрауы ретсіз. Қатты болса да, дөрекілеу болса да айта кетейік. Жатып алып ататын осырақ шалдар да, аяқ асты көсем бола қалатын кері кеткендердер де Нұрқасымсыз де жетіп жатыр. Сонау 90-шы жылдары бұл жолдың тиімділігін дәлелдеп, жол бойымен елді мекендерге Шәріп азамат зерттеу жүргізіп картаға түсіргенде қайда болдыңыз. Қалың ұйқыда жаттыңыз ба? Әлде өлең кітабыңызбен әуре болдыңыз ба? Сол кезде неге қосылмадыңыз?
    Үйдің ішінде жатып алып, картаға бір қарап жіберіп, лепіретіндей 4-5 -ші сыныптың балаларына дәріс беріп жатқандай сыңайыңыз бар.
    Біріншіден көрпені өзіңізге тарта беру әдетіңіз қалмапты. Бұрынғы әкім екеуіңіз бірің әкім бірің орынбасар, тек өлең жазған сандырақтарыңызды кітап етіп шығарып, анаған да, мынаған да тыққыладыңыздар. Зейнеткерлікке шыққан соң, айға қарап ұлитын ғұламалығы басылған болар десек әлі де қоймапсыз ғой. Үлкен адам шаруаның дұрысына қарайды десе, уәз айтып, ертең мына жолды сонау 90-шы зерттеген де, беркін келе салдырғанда Нұрқасым боп шыққыңыз келіп отыр ғой. Кеңес уақытында бас көтеріп, Шәріп қасына еріп ел аралап, осы жолды зерттесеңіз қайда қалдыңыз. Себебі ол кезде Сіз киіктің қуырдағын жеп, қымыз ішіп қызара бөртіп, қызық қуудан босаған жоқсыз.
    Әкімнің орынбасарлығынан қашып, зейнткерлікке шыққанша Ырғыз қорымына бастық болуды қалап алдыңыз. Одан не нәтиже шығардыңыз. Жолды Ырғызға емес қорымға бұрып, жолдың үстімен жүрген қарақшылардан болды деп, қырылған ақ бөкендердің санын, одан қалды балығы жоқ, құрбақасы шыбыннан көп өзендердің кінәсін жабудың икемі табылғанына қуанып, жолдың Ырғыздан өткенін қалап, бар жаныңызды салып жатсыз ба? Ұят қайда? Қызылордадан келген полиция автоматымен бөкендерді қырғанда дауысыңыз шықты ма? Жоқ. Ресейдің Орск қаласынан жылда АН-2 ұшағымен, Камазбен келіп бөкенді де, балықты да тиеп әкетіп жатқанда, көрпеңізді басыңызға тартып, не ауылда болмаған боп, Ақтөбеге қашып, нағыз мықтылар келгенде солардың тамағы мен ішімтігін тасып жүргеніңіз есіңізден шығып кетті ме? Ағасы ұят қайда? Дүрыс та тура жолды алшақ жатқан Ырғызға бұрып қайтесіз? Оданда камилаңызды келтіріп, басыңызды имандылыққа бұраңызшы! Анда да мын да жазып сайрай бергенше ұялсаң етті. Сіздің кім екеніңізді ел біледі ғой. Сіздің 30 жыл ұйқыда жатып, түсіңізден көсем бола қалатындай ретіңіз жоқ. Халықты күлдіре беретін Қожанасырлар жеткілікті. Оданда қырылған бөкендер мен өлшеусіз ауланған балықтарға құран бағыштап, Құдайдан кешірім сүрағаныңыз жөн болар!

  2. Атақ пен әпенділіктің ара жігін айыру Нұрқасым ағамызға қиындауға соғары анық. Себебі Ырғыз арқылы жол түсіп кетсе атағым қалар деген ой, жүйкесін мүжіп бара жатқан шығар. Болмаса тура жолды бұрғызуға әлек болып не жыны бар. Әпенделік деп отырғанымыз, Нұрқасым ақсақал жол салытантын жердің қабатының қыртысы мен жердің беткі қабатын ақылына салып отырған жоқ. Топырақтың үстіне тас төсеніш салу үшін қанша шығын керек екенін, ой елегінен өткізіп отыр деймсіңдер? Әлбетте жоқ. Оған тек сандырақтаған тілі щебер болғаымен, арғы жағында дұрыс ойлар түйсігі шамалы. Құмақты, жер қабатының қаттылығы тұрақты жерден, бірнеше қалыңдықтағы топырақтың үстіне жол салу үшін жоқ дегенде 10 есе шығын шығатынын айтып түсіндіру үшін, ой елегінен өткізуге не күш керек десеңші? Тілі мен жағына сүйенген шалдар көп қой. Жазған өлеңін оқып тыныс жатса не тегі?
    Мына Айзақтың айтуы орынды. Мүйізі қағылып, еттеріі көк шыбынға жем болған ақ бөкендердің топырақтың астында төбе-төбе боп қалған қорымына Құран бағыштап, балығы мен құсын жалмап, Ырғыз, Байқат өзендерінің жесір қалдырғаны үшін бірінші Құдадйан, содан соң ата-баба аруақтарынан кешірім сұраса нетті?

  3. Нұрқаксым аға! Тұмабұлақ пен Жабасақ Ырғыз даласының бір пұшпағы. Бұл жерлерде де өзіңіз тараған Шөмекей атамның балалары. Ағайынға тарлық жасағанда ұтарыңыз қайсы?! Ырғыздың үстінен халықаралық жол өтіп жатыр. Тақияға тар келмейтін шығар. Соншама байбалам салатындай Басқұдық пен Жабасақтың шөмекейлері жатыңыз ба еді?! Ақсақалдыққа жараса ма?

  4. Нұрқасым ағамыз, Мұхамбет Шәріптің мақаласын оқып шығып жағамызды ұстадық дегеніне күліп жатқандар көп. Жаға ұстауға душар болуына қарағанда, Нұрқасым ақсақалдың осы кезге дейін көзіне еш бір масқара түспеген болып тұр. Әрине, әпенділік не айтқызбайды.
    Болмаса Шәкең үкімет алдында бірнеше жоба ұсынып, сол жобалардың жүзеге асыру мақсатында тайынбай қызмет жасап келе жатқан азамат. Бұл жолдың жобасын сонау өткен жылдың 90-шы жылдары Қазақстан Үкіметіне ұсынып, ұсынысын зерттеп әрі деледеу жолдында елді мекендерді аралып, жердің жайын салмақтап, үйлесімнің оңымен солын дәлелдеген.
    Нұрқасым ақсақал аудан әкімінің үгіт-насихат және әлеуметтік саласындағы орынбасары болып жүрген кездерінде, Мұхамбет – Шәріп Үкімет тарапынан қолдау тауып, «Қазақ» ұлтының тарихи жерлерін зерттеу барысында аянбай еңбек етті. Өлке танушылар, архиологтар, тарихшылардан құралған үлкен топ құрып, Россияның бірнеше облыстары Саратов, Орал тауы, одан қалды Монғолия еліне сапар шегіп келген азамат. Нұрқасым ақсақалдың сол кезде ұстайтын жағасы болмағаны ма?
    Бинго лотерея ойыны алғашқы басталғанда, мемлекеттік тілдің мойындаалмағанын алға тартып, ойынды сот арқылы тоқтатып, ойын билеті қазақша жазылуына мұрындық болғанын оқығанда жағасы қайда қалды? ұлттық ойын компаниясы 1998 жылы 500,0 теңгеге зиянға шықты да, бір-ақ талап қайта орындалды. Ол кездегі 500 мың теңгенің құндылығы қандай. Ол кезде нұрекенің айлық жалақысы әрі кеткенде 5-6 мыңдай ғана болған шығар. Шамасы, дырдай әкім орынбасары Нұрқасым ағамыз «Ана тілі» газетін мүлде оқымайтын орыс қолды, коммунистік көз қарастан әлі арыла қомаған болар. Жағасын ұстата беретін жағалы көйлекті кім тігіп беріп жүргенін қайдам? Дегенмен елді күлдірмей тыныш отырғанның өзі де, үлкен өнер болып тұр ғой.
    Жол жөнінде даналығы жанына маза бермей, жанын қысып жүрсе, Шалқар мен Ырғыздың екі арсыны баяғыдан бері жөнге салуға ат салысса қайда қалды? Үлкен кісілердің еш бір ойланбай лепіре беретінін сатира театрлары да жабылып қалып жатыр. Қой жақсы. осымен доғарайық.

  5. Негізінен карта сызбасына жолдың тура салу нұсқасы көрсетілген. Шакеңнің 90-шы жылдары елді мекендерді түгелдей аралағанына Басқұдық, Жабасақ, Сарат, елді мекендері тұрғындары мен елді мекендерден тысқары орналасқан шаруа қожалық иелері куә.
    Ырғыз ауданында қорық орналасқан. Оларға жақын жол салу, дұрыс шешім болып табылмайды. Үкімет тарапынан осы кезге дейін қорымға жұмсалып келген қаражат, ертеңгі күні желге ұшқанмен бірдей болып табылады. Себебі, табиғатта сирек кездесетін жабайы шошқа, ақбөкен, бұлан, елік, шибөрі, қасқыр, шағыл мысығы, қамыс мысығы, қарсақ, түлкі, борсық, ақкіс, сасық күзен, су егеуқұйрығы, ондатр, саршұнақ, құмқоян, орқоян, аққоян, аламан, оған қоса құстар мен балықтар.бар. Бұлардың ішінде өте сирек кездесетін шағыл мысығы мен қызыл қасқыр ҚР «Қызыл кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған.
    Оның үстіне Ырғыз ауданының даму болашағы Әйтеке би ауданына қарағанда өте төмен. Ал, Әйтеке би ауданының шаруашылықтарындағы мал басы ырғыз ауданына қарағанда екі есе жоғары. Оның үстіне аудан облыстағы ең ірі астықты ауданның бірі болып табылады. Оған қоса өнеркәсіп әлеуетін одан әрі дамытуға Әйтеке би ауданында мол мүмкіндіктер бар.
    Аудан территориясында өнеркәсіп мағынасындағы пайдалы қазба болып табылатын Карабұтақ селосынан 40 шақырым жерде Аралтогай елді мекенінде орналасқан Алтынтас (тас шығару) кен орны, Балаталдық мраморы (Талдық), Бөгеткөл никель кен орны (Құмқұдық), Талдық кварц кен орны, Теректі ақ мрамор (Комсомол), Қайрақты гранит, Союзный каолин саз балшығы, Бенқала кобальтты — никельденген жез кендерінің көздері бар.
    Ырғыз ауданы топырақты болып келеді. Топырақты жерге тура жол салу мүмкін емес. Ол үшін екі — үш есе шығын кетеді. Оның үстіне аудан аймағында бірнеше өзен көлдер орналасқан. оларды айналып өту үшін, болмаса көпір салу үшін 4 есе шығынға ұшырайтынын таразыламай, жобаны бос шығынға ұшырату мүлде қисынсыз ұсыныс, тіпті шындығына келгенде экономикалық тұрғыдан да, табиғи жайларына қарағанда да, ешбір негізге сыймайтын ұсыныс болып табылады. Оны қарапайым елде ара салмаққа салып, Нұрқасым ағайдың дауласуын негізссіз деп танып отыр.

  6. Шын мәніне келгенде, қандай бір бастаманың негізі оның тиімділігімен ұштасары хақ. Олай болса салынатын жолдың, ең бірінші экономикалық даму болашағы бар аймағы, екіншіден жолды нақты пайдаланушы немесе тауар өндіріп тасымалдаушы өндіріс орындарына жақын орналасуы, одан әрі тасымалданатын тауардың шығынын барынша төмендету, содан соң жолдың барынша тура болуы мен оған кететін шығындардың ықшамдылығы нақтылануы тиіс.
    Бұл тұрғыда осы талаптарды ұштастыра келе, «Қарабұтақ – Торғай» тас жолының тура салынуы орынды, даму болашағы негізделген, экономикалық тұрғыда тиімді, әрі жолдың салыну шығындары Ырғыз бағытынан 2 есе жуық төмен болатыны айтап айтқан жөн.
    Бірінші экономикалық негіздемесіне орай 2014 жылдың статистикалық қортынды деректеріне тоқталып өтсек.
    № Көрсеткіштер атауы Әйтеке би Ырғыз +,-
    1 Елді мекендер саны 31 20 -11
    2 Даму деңгейі жоғары елді мекен 7 1 -6
    3 Ауылдық округтер 15 7 -8
    4 Тұрғындарының саны 26148 15218 -10930
    5 Инвестиция көлемі (млн.теңге) 4844,1 2298,2 -2545,9
    6 Өнеркәсіп өндірісі (млн.теңге) оның ішінде; 4713,9 275,3 -4438,6
    металл кендерін өндіру (мың тонна) 324,4 – -324,4
    мрамор тастарын өндіру (текше метр) 205,2 – -205,2
    қиыршақ тас өндіру (текше метр) 349,0 – -349,0
    7 Ауылшаруашылық өнімі (млн.теңге) 12145,2 6975,7 -5169,5
    8 Құрлыс жұмыстарының көлемі (млн.теңге) 1952,5 1027,4 -925,1
    9 Тауарларды өткізу көлемі (млн.теңге) 1316,6 668,4 -648,2

    Жоғарыда келтіріліп отырған деректерге сәйкес, екі ауданның даму деңгейлері мен олардың экономикалық жағдайларының алшақтығына көзіміз жетіп отыр.
    Әйтеке би ауданы Ақтөбе облысы бойынша негізінен өсімдік шаруашылығы басым аудандардың бірі. Ауданда астықты экпортқа шығару жақсы жолға қойылған. Оған қоса Әйтеке би ауданы, мал шаруашылығы да басым дамыған ауданның бірі.
    Ал Ырғыз ауданы тек мал шаруашылығымен айналысады. Аудан пайдалы қазбалар өндіру және дәнді дақыл өсіру мен өңдеу және экпортқа шығарумен мүлде айналыспайды.
    Ырғыз ауданының табиғи ерекшеліктері.
    Қазақстандағы бүкіл жер беті оңтүстіктен солтүстіктен қарай еңіс тартса, Ырғыз ауданының аумағы керісінше солтүстіктен оңтүстікте қарай еңіс келеді. Басты өзендер – Ырғыз бен Торғайдың терістіктен оңтүстікке қарай аққан ағын суы Шалқарға құйады.
    Аудан жері жер бедерінің сипатына қарай жайпақ үстірттер Ырғыз өзенінің оң жақ сағаларымен енсіз, терең алқаптарға тарамдалып, Сарыбастөбе, Мәні әулие, Темірастау, Сарысай, Бөкенбай шоқысы, Суық бет, Қабанқұлақ биіктері бір-бірімен жалғасып Айырқызыл құмына тіреледі. Аталған сілемдер аудан аумағында 150 шақырымға созылып жатыр.
    Ырғыз өзенінің сол жақ бөлігінен қарағанда, созылып жатқан аласа тау жоталары нақты көрініп тұр. Ырғыз өзенінің сол жағын жағалай орналасқан Төлебай, Бесмола, Бесоба, Қызылқабақ биіктіктері мен жоғарыдағы аталған Ырғыз өзенінің оң жақ жағалауындағы үстірттерінің арасы бағзы заманда Ырғыз өзенінің арнасы 4-5 шақырымға жайылып ағып Шалқар теңізіне құйғанын аңғартып тұр.
    Торғай-Арал маңының төрткүл жазықтығы (Торғай үстірті) ауданның шығыс бөлігін алып жатыр. Ол солтүстіктегі Нұра биіктігінен басталып, Торғай-Ырғыз өзендері аяғында және Шалқар теңіз еңісіне дейін созылады. Үстірттің рельефінде ондаған метр биіктігі бар тік жар, кейбір жерлері су арналары мен тілімдеген төрткүл биіктер болып келеді. Қараатозған, Нұра, Құланақ, Ақназар, Айырбидайық, Шалқар, Ақжар, Жанайшоқы, Сұңқарқия, Қосбүйрек, Жаманай, Мыңсай, Атанбас шоқылары бір-бірімен тізбектеліп, 250 шақырымға созылып жайғасқан.
    Үстірттің бетінде, әсіресе, Торғай, Ырғыз, Өлкейек өзендерінің аяқтарында және Арал маңының терістігінде бос сулы көп ойпаттар, сортаңдар көп. Мұндағы алқаптарды көлемді құмдар алып жатыр. Солардың ішіндегі ең ірілері Айырқызыл, Нарқызыл, Жаманқұм, Тәуіп болып Аралдың Қарақұмымен жалғасады.
    Бұл өлкені батысынан Ырғыз өзені, солтүстік–шығысынан Торғай өзені орап өтеді. Ырғыз өзені басын Мұғалжар тауының жотасы – Өтеш үстіртінен алып 440 шақырым оңтүстік–шығысқа ақса, Торғай өзені басын Ұлытаудан алып 150 шақырым солтүстік–батысқа құлайды да, одан оңтүстік–батысқа кілт бұрылып, шығысқа ағады. Осы екі өзен екі жүз километрден Ырғыз жерін басып өтіп, Тәуіп даласында тоғысып, әрі қарай бір арнамен Ырғыз–Торғай болып жұптаса Шалқар теңізіне (ел аузында Құрдым аталады) сарқылады. 136 үлкенді–кішілі салалар көктемде бар суын Ырғызға құйып, 31 мың шаршы шақырым алқапты суландырады.
    Ырғыздың өзендері мен көлдерінің байлығы қамысты қопалық және әр түрлі балықтар. Осы байлығымен Байтақ, Қызылкөл, Бақшақкөл, Малайдар, Қармақкөл, Айыркөл, Алакөл, Жаркөл, Аманкөл, Жалаңаш көлдері Ырғыз жерінің даңқын асырған. Бір ғана Байтақкөлдің көлемі 47 шаршы шақырым, тереңдігі 3 метр. Көктемде Торғай өзенінен сабасын толтыратын сұлу көл. Көркемдігі көргендердің көңілінде қалатын Бөгенкөл – теңіз деңгейінен 52 метр биіктікте жатқан ағынды көл. Көктемде 12,5 шаршы шақырымға шалқып, төңірегіндегі ұсақ көлдермен тұтасады. Ырғыз елінің Байтақкөлден кейінгі мақтанышы – Қызылкөл. Бұл ұзындығы 11 шақырым, ені 6,2 шақырым, жалпы ауданы 14,6 шаршы шақырым ағынсыз, тұйық көл. Жағалауын белдеулеп шоқ-шоқ қамыс өседі.
    Ырғыз су бассейніне 87 мың шаршы шақырым су қоры жинақталғанымен, оның біразы көктемде Шалқар теңізіне (Құрдымға) сіңеді. Құрдым табиғаттың артық су жинайтын алапат қоймасы тәрізді. Өйткені, ұзындығы 22,6 шақырым, ені 10,9 шақырым, тереңдігі 1,6 м, жалпы көлемі 30 шаршы шақырым құрайтын тұйық көлдің сабасы көктем мезгілінде де ешқашан суға толған емес.
    Жануарлар дүниесі. Географиялық орналасуы мен ландшафты-климат жағдайының әртүрлілігінен аудан жерінде аң-құстың түрлері де сан алуан. Өңірде сүт қоректілердің 42, құстардың 250 және балықтың 11 түрі кездеседі. Ауданда кездесетін жануарлар: жабайы шошқа, ақбөкен, бұлан, елік, шибөрі, қасқыр, шағыл мысығы, қамыс мысығы, қарсақ, түлкі, борсық, ақкіс, сасық күзен, су егеуқұйрығы, ондатр, саршұнақ, құмқоян, орқоян, аққоян, аламан. Бұлардың ішінде ақбөкен, шағыл мысығы мен қызыл қасқыр ҚР «Қызыл кітабына» енгізіліп, қорғауға алынған. Тұяқтылар ішіндегі ең көп тарағаны киік.
    Өңірде құстың түрі көптеп кездеседі. Оның 35 түрі ұя салады, қалғандары қайту, келу маусымда кездесетіндер. Құс түрлерінің көпшілігі тұрақты және кеңінен таралған. Ырғыз өңірінде мекендейтін кейбір құстар: сұрқаз, шаңқылдаққаз, от үйрек, даурықпа шүрегей, қызылтұмсық сүңгуір, барылдауық үйрек, сарыайдар үйрек, бізқұйрық үйрек, жалпақтұмсық үйрек, сұр үйрек, ысылдақ шүрегей, үлкен суқұзғын, үлкен әупілдек, қызылбас сүңгуір, алакөз сүңгуір, айдарлы сүңгуір, қасқалдақ, шіл, бөдене, көкқұтан, тауқұдірет, жылқышы, қызғыш, үлкен шалшықшы, қараторғай, айдарлы үйрек, секпілтас бейнарық, дала шілі, көк кептер, күжіркей, шаушалшық, қасқа шалшықшы, үлкен шырғалақ, кіші шырғалақ, қарақаз, көкшіл көгершін, атшакөкек.
    Құстардың 32 түрі сирек және жойылуға қалған санатқа жатқызылып, ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген. Олар: қызғылт бірқазан, бұйра бірқазан, кіші аққұтан, жалбағай, қарабай, қара дегелек немесе ләйлек, қоқиқаз, бидайық, реликті шағала, қара бауыр бұлдырық, балшықшы тұйғын, тұрымтай, үкі, бақалтақ қыран, сұңқылдақ аққу, кіші аққу, мәрмір шүрегей, қара тұрпан, ақбас үйрек, дуадақ, безгелдек, жорға дуадақ, аққұйрық тарғақ, тарғақ, орақ тұмсық, кіші шалшықшы, дала қыраны, қарақұс, ителгі, көкқұс. Кейбір түрлері «Қызыл кітапқа» енгізіліп, қорғауға алынып отыр.
    Ырғыз ауданында табиғатта сирек кездестін аң мен құстарды қорғау қоры бар. Оның ішінде бүгінгі күнгі ақ бөкеннің жайы елді алаңдатып отырғаны да белгілі. Ал ақ бөкеннің санын қалпына келтіру үшін кем дегенде 15-20 жыл уақыт қажет.
    Яғни, «Қарабұтақ-Торғай» тура жолын Ырғыз ауданына бұру, ол осы кезге дейін сирек кезедесетін жануарлар әлемін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген қаржыны желге ұшырғанмен бірдей болып табылады.
    Оның үстіне, топырақты өңірдің үстінен жол салу үшін, оның үстіңгі қабаттарын алу, өзен көлдерден өту үшін бірнеше көпірлер салу, ойпатты жерлерін бір келкі қалыпқа келтіріп тегістеу, оған қоса Әйтеке би ауданынан асыра сілтеп жолға төсеніш тастар тасу, жол салу жұмыстарының шығынын екі есе көтеретіні айқындалып отыр.
    Әйтеке би ауданының ерекшеліктері.
    Аудан аймағы Мұғалжар тауларының солтүстік-шығысында орналасқан жазықтықты алып жатыр. Шығысында – Қостанай облысының Жанкелді ауданымен, оңтүстік-шығысында Ырғыз ауданы, оңтүстүгінде – Шалқар ауданы, оңтүстік-батысында Мұғалжар ауданы, солтүстүгінде Хромтау ауданы және солтүстік-шығысында Ресей мемлекетімен және Қостанай облысының Алтынсарин ауданымен шектесіп жатыр.
    Өңірдің топырағы негізінен қара, қызыл қоңыр, құмақ, сортаң келген, табиғи өсімдіктерден бетеге, боз, бидайық, еркек, жусан, киікоты, изен, тобылғы, көкпек, қарақан, алабота өседі.
    Аудан территориясында өнеркәсіп мағынасындағы пайдалы қазба болып табылатын Карабұтақ селосынан 40 шақырым жерде Аралтогай елді мекенінде орналасқан тас шығару кен орны, Балаталдық мраморы (Талдық), Бөгеткөл никель кен орны (Құмқұдық), Талдық кварц кен орны, Теректі ақ мрамор (Комсомол), Қайрақты гранит, Союзный каолин саз балшығы, Бенқала кобальтты – никельденген жез кендерінің көздері бар.
    Мәселен, 2008 жылдан бастап Сұлукөл селолық округіне қарасты Бенқала кен орнында «KazCoopper» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі катодты мыс өндіру жұмысын қолға алып, 2012 жылдан бастап өз жұмысын атқара бастаса, «Vertex Holding» ЖШС-гі темір рудасын өндіруді бастап, «Текше тас» ЖШС-гі қиыршық тас өндіру зауытын іске қосты. Сонымен қатар аудан аймағында «Ақтөбе мрамор» ЖШС-гі «ақ мрамор» өндіруде.
    Өнеркәсіп әлеуетін одан әрі дамытуға Әйтеке би ауданында мол мүмкіндіктер бар. Бүгінгі күні пайдалы қазба орындары болып табылатын Үшқатты елді мекенінде орналасқан Союзный каолин саз балшығын игеруге инвесторлар іздестірілуде. Сонымен қатар Құмқұдық селолық округінде никель-кобальтты кен орыны және Жамбыл селолық округі аймағындағы жер қойнауында сирек кездесетін металдардың қорын анықтау барысында барлау жұмыстары жүргізілуде.
    Аудан бойынша жыл сайын 145000 га егіс алқабына дәнді дақылдар отырғызылады. Оның 92 % бидай, қалған бөлігіне әр түрлі мөлшерде арпа және тары отырғызылып келеді. Аудан шаруашылықтары сонымен қатар 9000 га алқабқа майлы дақылдан күнбағыс өсірумен шұғылданады.
    Ауылшаруашылығы, оның ішінде дәнді-дақылдарды өңдеп ұн шығаруда, аудан аймағында 5 ірі диірмен жұмыс жасайды. Олар – Ақтасты ауылында «Болашақ» ЖШС, Талдысай ауылында «Щербаков» ЖШС, Тереңсай ауылында – «Агро – Бантт» ЖШС, Құмқұдық ауылында «Құмқұдық» ЖШС, Сарат ауылында «Әсем-Наз» ӨК.
    Мұамбет-Шәріп Кенжебайдың сонау Кеңес уақытында аталған жол бойын зерттегені рас. Оны зерттеу нәтижесін картаға түсіріп те отыр. Онда «Қарабұтақ – Торғай» тасжолының алғашқы нұсқасы Қостанай облысының шекарасына дейін қарастырылған, яғни шекараға дейін дәл 187 шақырым және жоба бойынша көпір салудың қажеті жоқ екені, Қабырға өзенінен өтетін халық аузында «Деревянный мост» аталып кеткен көпірге барып қосылуға болатыны да атап өткен. Кеңес үкіметі кезінде салынған көпір, сол күйінде «Қостанай – Торғай» жолын жалғастырып тұр. Осы көпірден Торғай дәл 43 шақырымды құрайды. Осы тасжолдың жобасынан Әбілқайыр ханның зираты небәрі жеті шақырым жерде тұр.
    Оның үстіне Қарабұтақ – Торғай жолындағы Қарабұтақ – Ақкөл арасында 33 шақырым көтерме жол бар екендігін, Құрқұдық – Тұмабұлақ арасындағы 25 шақырым көтерме жолын және Ағаш көпірмен Торғай арасындағы 43 шақырым тасжол, атылмыш жол жобасының ізінде жатқан жолдар болып табылады және жобаның құнын бірнеше есе төмендетуге мүмкіндік береді.

    Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Тымбұлақ ауылының тұрғындары

  7. Амантай, Нұрқасым ағаңның тіл мен жағына сүйенген атаққұмар сауатсыздығын тайға таңба басқандай көрсетіп беріпсің. Әйтке би мен Ырғыз аудандарының экономикалық даму көрсеткіштерін, халық өсімін, т.б. салыстырып талдауың Қарабұтақ-Тұмабұлақ-Торғай тас жолы болып салынатына ешқандай күмән келтірмейді. Қазақтың сіздей сауатты, әділ перзенттері аман болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button